Accessibility links

Қазақстанда Адам құқығы декларациясы қаншалықты орындалады?


Женевадағы наразылық, 6 қараша 2018 жыл (Сурет Қыдырәлі Оразұлының жеке мұрағатынан алынды)
Женевадағы наразылық, 6 қараша 2018 жыл (Сурет Қыдырәлі Оразұлының жеке мұрағатынан алынды)

Желтоқсанның 10-ы күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдағанына 70 жыл толды. Сарапшылардың айтуынша, Декларация нормалары Қазақстанда советтік кезеңде де орындалған емес, қазір де орындалып жатқан жоқ.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы 1948 жылы желтоқсанның 10-ы күні БҰҰ бас ассамблеясында Парижде қабылданды. Барлық мемлекеттер құжат талаптарын орындауға тиіс болды. Осылайша адамзат тарихында алғаш рет адамның негізгі құқықтарын қорғау қажеттілігі туралы жазылған құжат қабылданды. Декларация 500 тілге аударылды.

Құқық қорғаушы әрі журналист Андрей Свиридовтің айтуынша, 70 жыл бұрын Совет одағы да осы құжатқа дауыс берген.

- Алайда Совет одағында онда не жазылғанын көбі білмеді, құжаттың мазмұны тек 40 жылдан соң – 1988 жылы жарияланды. Совет одағы ресми түрде мойындағанымен, ондағы нормалар іс жүзінде орындалмады. Бұған қоса, биліктің рұқсатынсыз басып шығарылған нұсқалары "антисоветтік" әдебиет ретінде тәркіленіп отырды, - дейді Андрей Свиридов.

Свиридовтың он жыл бұрын жарияланған "Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы Назарбаев үкіметін толғандырмайды" атты мақаласы Азаттықта жарияланған.

Тәуелсіз Қазақстан 1992 жылы наурыздың 2-сі күні БҰҰ-ға мүше болды, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын орындау міндетін мойнына алды. Декларацияның қорытынды 30-бабында "Бұл декларация қандай да бір мемлекетке, адамдар тобына немесе жекелеген топтарға осы Декларацияда айтылған құқықтар мен еркіндіктерді жоюға бағытталған іс-әрекеттермен айналысуға немесе оны жасауға құқық беретіндей етіп түсіндірілмеуі керек" деп жазылған.

Полицейлер жер митингісіне шыққан азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл
Полицейлер жер митингісіне шыққан азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл

​Ресми Астана сөзбен болса да, Декларация нормаларын адал орындап жатқанын көрсетуге тырысады. Мысалы, желтоқсанның 7-сі күні Сыртқы істер министрлігінде "Адам құқығы – қоғам мен мемлекеттің үйлесімді дамуының негізі" деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатыспады, бірақ оған қатысқан өзге жоғары лауазымды шенеуніктер президенттің заңның үстемдік құруына ерекше мән беретінін, қазақстандық қоғамда құқықтық мәдениет орнатуға, елдің халықаралық міндеттемелері аясында азаматтардың конститутциялық құқықтарын сақтауға көңіл бөлетінін айтты.

Алайда Азаттыққа сұхбат берген сарапшылардың биліктің Адам құқықтары декларациясын орындау тәжірибесіне көңілі толмайды. Олар әсіресе адамның өзін қорғау құқығының бұзылуына, әділ сот мәселесіне, жиналу еркіндігі мен БАҚ бостандығына алаңдайды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫНА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ФАКТОРЫ

Қазақстан қоғамы тарихи отанына оралған этникалық қазақтарға қатысты айтылатын "отандастар", "оралмандар", "қоныс аударушылар" сияқты сөздердің анықтамасы үшін дауласып жатыр. Ал билік Декларацияның 13 және 14-бабында көрсетілген құқықтарды дұрыс қорғамай жатқаны туралы ақпараттар көптеп түсіп жатыр.

Бұл баптарда "әр адамның кез келген мемлекеттен кетуіне (соның ішінде өз мемлекеті де бар) және өз еліне оралуына құқығы бар екені" және "өзге мемлекеттерде қудаланғандықтан өз елінен баспана сұрауға және сол баспананы пайдалануға" құқығы бар екені айтылған.

2017 жылдан бері Қытайдағы этникалық қазақтардың қуғындалуы жайлы айтыла бастады. 2018 жылы мұндай деректер көбейіп кетті.

Туыстары Қытайда тұратын қазақстандықтар баспасөз конференциясын өткізіп, Астана мен Пекинге хат жазды, туыстарын қамаудан шығаруды сұрады. Олардың айтуынша, туыстары Қытайдағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" негізсіз қамалып жатыр.

ВИДЕО: Қытайдағы туыстарын іздегендер тағы жиын өткізді​

Пекин жаппай қамау туралы ақпаратты жоққа шығарып келеді. Дегенмен Шыңжаңда "лагерлердің" бар екенін мойындайды. Бірақ ол мекемелерді "кәсіби оқыту орталықтары" деп атап, "аймақтағы діни экстремизммен күрестің" бір бөлігі деп түсіндіреді.

Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбайдың ісі Қазақстан қоғамында ерекше резонанс тудырды. Қазақстан оған босқын мәртебесін беруден бас тартты, ал оның Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлері" туралы сотта берген түсініктемесі халықаралық БАҚ-тың назарын аудартты.

Қарашаның 22-сі күні ондаған этникалық қазақ ресми Астанаға өтініш білдіріп, туыстарын Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерінен" шығарып алуды сұрады. Алматыға жиналғандар Қытайда қалған туыстарымен екі жылдан бері хабарласа алмай отырғанын айтты.

Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков қарашаның 27-сі күні Алматыда шетел қазақтарымен өткен кездесуде Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың жағдайы туралы білмегенін айтты.

Қарашаның 6-сы күні Женевада өткен БҰҰ адам құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесте Астана "Қытай билігінің соңғы жылдары терроризмге қарсы науқан жүргізіп жатқанына, оның саяси тұрақтылықты көздейтініне" "түсіністікпен қарайтынын" айтты.

Ал батыс елдері, соның ішінде Канада, Франция және Германия Қытайды лагерьлерді жабуға шақырды. Белсенділердің айтуынша, Қытай билігі миллионға жуық мұсылманды қамауда ұстап отыр.

ӘДІЛ СОТ ӨТКІЗУ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ

Декларацияның 10-бабында "әр адамның өз ісін ашық қарауды және тәуелсіз әрі әділ сот талаптарын сақтауды талап етуге" құқығы бар деп жазылған. Кейбір құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстанда бұл ереже "саяси істерге" қатысты сот процестерінде жиі бұзылады.

Қазақстан билігін сынаушы әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов екі жыл бұрын Франция түрмесінен шыққан соң әлеуметтік желіде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) атты тіркелмеген қоғамдық ұйым құрды. Билік соған жауап ретінде 2018 жылдың наурызында ҚДТ-ға тыйым салып, оны "экстремистік ұйым" деп таныды.

Бұрынғы банкир, Қазақстан билігінің оппоненті Мұхтар Әблязов.
Бұрынғы банкир, Қазақстан билігінің оппоненті Мұхтар Әблязов.

Қазақстанда Әблязовтің жеке басына қатысты екі рет сырттай үкім шықты. Қазақстан соты 2017 жылдың маусымында "ірі көлемде қаржы жымқырды" деген айыппен 20 жылға соттаса, 2018 жылдың қарашасында "бұрынғы банкир Ержан Тәтішевтің өлімін ұйымдастырды" (2004 жылдың желтоқсанында) деген айыппен өмір бойы бас бостандығынан айырды.

Осы уақыт ішінде Әблязовтің ондаған жақтасы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 2018 жылдың екінші жартысында кәсіпкер Ескендір Ерімбетовке қатысты іске қоғамның назары ауды. "Аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық" жасады деп айыпталған кәсіпкер ұзақ жылға сотталды. Құқық қорғаушылар осы сот процесінде декларациядағы әділ сот туралы талап мүлдем орындалмады дейді.

Сондай-ақ, ақтаулық Абловас Жұмаев пен алматылық Әсет Әбішевтің соты да қоғам назарында болды. Ақтауда Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақбердінің ісін қарап жатыр. "Жиһадшылар" ісіне қатысты процесс те аяқталды. Бұл соттарға тән ортақ сипат – Жұмаев, Әбішев, Ақберді мен Алмат Жұмағұлов ҚДТ (Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы) идеяларын қолдайды.

Абловас Жұмаев сот үкімін тыңдап отыр. Ақтау, 20 қыркүйек 2018 жыл
Абловас Жұмаев сот үкімін тыңдап отыр. Ақтау, 20 қыркүйек 2018 жыл

Құқық қорғаушылар саяси істерде сотталушының қорғалу құқығы мен әділ сот өткізу құқықтары бұзылатынын айтады. Қазақстанда сырттай соттау тәжірибесі 2001 жылы басталды, сол кезде бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинге сырттай үкім шықты.

Президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев те қуғындалып, екі рет сырттай сотталды. Кейін ол Австрия түрмесінде "дарға асылған" күйі табылды, оның қалай өлгені әлі белгісіз.

Швейцарияда тұратын Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов та биыл күзде сырттай сотталды, ол да президент Назарбаевты бірнеше жылдан бері сынап келеді. Шетелде тұратын Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты сот ісі жүріп жатыр, ол бұл процеске қатысты еш пікір білдірмеді. Құқық қорғаушылар сырттай соттау тәжірибесін сынайды, саяси қарсыластардың әділ сот өткізу және өздерін қорғау құқығын бұзады дейді.

ЖАҢАӨЗЕНДЕ ХАЛЫҚТЫ АТУ ЖӘНЕ БАСҚА ДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ

Декларацияның 20-бабында адамның бейбіт жиын өткізу еркіндігі туралы айтылады. 2011 жылы желтоқсанның 16-сында Маңғыстау облысында болған Жаңаөзен оқиғасы кезінде билік халыққа қарсы қару қолданды. Оқиға нәтижесінде 17 адам қаза тапты, ондаған адам жарақат алды.

2011 жылы желтоқсанның 21-і күні Жаңаөзен маңындағы Қызылсай ауылының тұрғыны Базарбай Кенжебаев полициядағы тергеуден соң қаза тапты. Жақындарының айтуынша, оны полиция азаптаған. Бір жылдан соң Базарбай Кенжебаевтың әйелі, әкесінің азапталуы жайлы айтқан қызы Әсем екі жылдан соң 2014 жылдың желтоқсанында көз жұмды.

Полиция қызметкерлері "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдап шыққан азаматтардың митингісіне кездейсоқ тап болған азаматтардың бірін қамау үшін ұстап жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл
Полиция қызметкерлері "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдап шыққан азаматтардың митингісіне кездейсоқ тап болған азаматтардың бірін қамау үшін ұстап жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл

2012 жылы "Жаңаөзен ісі" бойынша "лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды" деген айыппен жергілікті тергеу изоляторының басшысы, бірнеше полиция қызметкері, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласының әкімі, мұнай компаниясының менеджерлері сотталды.

"Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 37 адам сотқа тартылды. Үш мұнайшы ақталды, 21 адам шартты түрде сотталды. 2012 жылдың маусымында 13 адам үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылды. Олар өздерінің кінәсіз екендерін айтады.

Сол кезде оппозициялық саясаткер Владимир Козлов та "әлеуметтік алауыздықты қоздырды" деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оны жеті жарым жылға соттады. Жаңаөзен ісі бойынша өткен сот процесінде бірнеше адам тергеу кезінде өздерін азаптағанын ашық айтты. Прокуратура оған "дәлелдің жоқтығын" айтты.

Азаптау туралы мәлімдеген белсенділердің бірі – Мақсат Досмағамбетов қыркүйектің 29-ы күні бет сүйегінің қатерлі ісігінен көз жұмды. Ол бетіне шыққан қатерлі ісікті Жаңаөзен прокуратурасы мен тергеу изоляторында көрген азабымен байланыстырған.

Орал қаласының орталығында өткен "Жаңаөзен-Желтоқсан" шарасына жиналғандар. 16 желтоқсан 2012 жыл.Сурет Facebook-тан алынған
Орал қаласының орталығында өткен "Жаңаөзен-Желтоқсан" шарасына жиналғандар. 16 желтоқсан 2012 жыл.Сурет Facebook-тан алынған

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталғандардың бәрі кейін бостандыққа шықты. Жаңаөзен оқиғасының бірқатар белсенділері мен куәгерлері "бейбіт тұрғындарды атуға бұйрық бергендер әлі жазаланбады" деп санайды. 2011 жылы желтоқсанның 18-і күні Азаттыққа берген сұхбатында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция қаруды заңға сай қолданғанын айтып, "қажет болса алдағы уақытта да қолданады" деді.

ВИДЕО: Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беріп жатыр

Құқық қорғаушылар қазақстандық режимнің тәуелсіз кәсіподақтарға қысым жасауы туралы бірнеше жылдан бері айтып келеді. Алайда билік бұған қатысты жауап берген жоқ.

Желтоқсанның 3-і күні Данияның астанасы Копенгагенде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) IV конгресінде мандаттық комиссия билікке тәуелді қазақстандық кәсіподақ ұйымдарын конгресс жұмысына араластырмау туралы шешім қабылдады. Бір күн бұрын ХКК үштен екі дауыспен ҚР кәсіподақтар федерациясын (ҚРКФ) "тәуелсіздігін толықтай жоғалтқаны үшін" мүшеліктен шығарды.

Бұған дейін 13-15 қарашада Қазақстанда Халықаралық кәсіподақтар миссиясы жұмыс істеді. Алматыда қарашаның 15-і күні өткен қорытынды баспасөз конференциясында миссия өкілдері Қазақстанда жұмысшылар мен тәуелсіз кәсіподақтар құқығы "заңмен де, іс жүзінде де қорғалмайды" деді.

Жалпыға бірдей декларацияның 23-бабының 4-тармағында "Әр адамның кәсіподақ құруға және өз мүддесін қорғау үшін кәсіподаққа мүше болуға құқығы бар" деп жазылған.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 3-бабында адамның жеке басына қол сұқпау құқығы айтылады. Ал Қазақстанда әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету оқиғалары жиілеп барады. Құқық қорғаушылардың пікірінше, олардың құқығы жеткілікті қорғалмаған.

Құқық қорғаушы Зүлфия Байсақованың айтуынша, қылмыстық заңнамада "жыныстық зорлық" және "жұмыс орнындағы жыныстық бопсалау" сияқты анықтамалар жоқ. Оның айтуынша, басқа мемлекеттік мекемелер, соның ішінде құқық қорғау мекемелері мен адам құқығын қорғауға маманданған ұйымдардың жұмысында кемшіліктер көп.

Байсақованың пікірінше, Оңтүстік Қазақстандағы бала зорлау оқиғасы соған дәлел бола алады, басында жергілікті билік тергеуді тоқтатуға тырысты, қоғамдық резонанс туған соң ғана іс орнынан жылжыды.

Жалпыға бірдей декларацияның 2-бабында діни еркіндік пен құқықтар туралы айтылған. Алайда Ослода орналасқан Forum 18 құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы діни құқық пен бостандықтың бұзылуы туралы жиі мәлімдейді.

Соңғы баяндамасында ұйым интернетте келіссөз жасағаны үшін Дадаш Маженовты ұзақ уақыт түрмеге қамағаны жайлы хабарлады. Оған қоса, сот Маженовтың қорғаушысын да жазалаған.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Белгілі құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль Қазақстанда барған сайын адам құқығын бұзу фактілерінің көбейіп бара жатқанын, ал биліктің оған тиісті реакция танытпай отырғанын айтады.

Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль. Алматы, 26 маусым 2015 жыл
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль. Алматы, 26 маусым 2015 жыл

— Әсіресе әділ сот ісін қарау және азаптамау, өз пікірін білдіру бостандығына қатысты құқық бұзушылықтар көбірек байқалады. Мемлекет жағдайды түзетіп, құқық бұзушылыққа жол берген билік өкілдерін анықтауға тырыспайды. Осылайша билік осындай заңсыздықтарға қарсы еместігін білдіріп отыр, - дейді Татьяна Чернобиль.

81 жастағы саясаткер, сот үкімімен жабылған оппозициялық Коммунистік партияның бұрынғы басшысы Серікболсын Әбділдин авторитарлық режимнің демократиялық құндылықтарға адалдығы туралы мәлімдеуін ақымақтық дейді.

— Диктатор басқаратын мемлекетте азаматтардың құқығы мен бостандығы толық сақталуы мүмкін емес, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Кезінде Әбділдиннің серіктесі болған, кейін оның қарсыласына айналған парламент депутаты, оппозицияның Коммунистік партияның бөлінуіне ықпал етіп, кейін Коммунистік халық партиясын басқарған Владислав Косарев мұнымен келіспейді.

— Президентіміз Қазақстандағы адам құқығын қорғауға ынталы. Әсіресе, қоғамдағы жағдай мен өмір сапасын жақсарту туралы соңғы үндеуінде адам құқығын қорғауды күшейту туралы айтады. Егер біреу адам құқығы қорғалмайды деп айтса, бұл тұтас қоғамның пікірі деп айтуға болмайды, - дейді Владислав Косарев.

Құқық қорғаушы әрі журналист Андрей Свиридовтің пікірінше, Қазақстан билігі Ресей билігі сияқты демократия құндылықтары мен стандарттарына ашық "шабуылдауға" көшкен жоқ. Керісінше, осындай мерейтой кездерінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын орындап жатқанын көрсетуге тырысады.

— Қазақстан билігі декларацияның негізгі ережелерін орындамайды, оны ашық бұзып отыр, бірақ декларация нормаларып орындап отырмыз деп тынбастан айтып келеді, - дейді Андрей Свиридов.

Құқық қорғаушы және журналист Андрей Свиридов Ratel.kz сотынан кейін. Алматы, 28 мамыр 2018 жыл
Құқық қорғаушы және журналист Андрей Свиридов Ratel.kz сотынан кейін. Алматы, 28 мамыр 2018 жыл

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына қатысты қоғамның реакциясын байқау қиын. Тек жақында адам құқықтарын қорғауға қатысты суретшілердің көрмесі ашылды, онда жиын өткізу еркіндігі, ақпарат бостандығы мен балалар құқығы тақырыптары қозғалды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG