Accessibility links

Босқын мәртебесін ала алмаған тәжіктерді еліне қайтаруы мүмкін


Польша мен Еуропа одағының тулары. Көрнекі сурет.
Польша мен Еуропа одағының тулары. Көрнекі сурет.

Польша Тәжікстанның 18 азаматына босқын мәртебесін берді. Ал өтініші қанағаттандырылмаған 53 адамды еліне қайтаруы мүмкін. Құқық қорғаушылар ол адамдардың Тәжікстанда биліктен қуғын көргенін атайды.

БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ

Польшаның босқындар ісі жөніндегі басқармасының дерегінше, биыл Тәжікстанның 18 азаматына босқын мәртебесі берілген. Олардың көбі "саяси босқын" мәртебесін алғандар немесе олардың отбасы мүшелері.

Тәжікстан - азаматтары Польшадан босқын мәртебесін сұрайтын бес мемлекеттің бірі. 2019 жылдың басынан бері Тәжікстанның 52 азаматы Польшадан босқын мәртебесін алуға өтініш берген. Оған дейін осындай мазмұндағы 53 өтінішті қанағаттандырмаған.

Құқық қорғаушы ұйымдардың айтуынша, Польшадан босқын мәртебесін ала алмаған азаматтардың біразы Тәжікстанда тыйым салынған "Ислам жаңғыру партиясының" мүшесі саналады. Польша билігі оларды енді Тәжікстанға экстрадициялауы мүмкін.

"Eurasian Dialogue" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Мухаммадджон Кабиров. Варшава, 23 қыркүйек 2019 жыл.
"Eurasian Dialogue" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Мухаммадджон Кабиров. Варшава, 23 қыркүйек 2019 жыл.

Литвада тіркелген "Eurasian Dialogue" (Еуразиялық диалог) үкіметтік емес ұйымының басшысы Мухаммадджон Кабиров Азаттық радиосына Еуропа елдерінен босқын мәртебесін сұраған тәжіктердің 80 пайызының өтініші қанағаттандырылмағанын айтты. Кабировтың сөзінше, олардың арасында "Ислам жаңғыру партиясының" белгілі мүшелерімен туыс болғаны үшін қудалауға ұшырағандар да бар.

Қыркүйектің 19-ы күні Варшавада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адам құқығы өлшемдері жөніндегі жыл сайынғы конференциясында Кабиров: "Бұл белгілі саясаткерлер мен партия қайраткерлері немесе журналистер емес. Бірақ тыйым салынған партия басшыларының туысы болғаны үшін өздеріне іздеу жарияланғандықтан, олар елден кетуге мәжбүр болған" деп мәлімдеді.

"ЕРКІН ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР"

Тәжікстан билігі саяси босқындардың барын жоққа шығарады. Мысалы, елдің бұрынғы омбудсмені Зариф Ализода өткен жылы "азаматтардың Еуропа елдерінен, оның ішінде бірінші кезекте Польшадан босқын мәртебесін сұрауына саясаттың қатысы жоқ" деп мәлімдеген. Оның сөзінше, "Еуропадан босқын мәртебесін алуға тырысқандардың көбі бұрын Ресей мен Украинада мигрант болған".

Үкімет делегациясының мүшесі Абдулло Рахнамо Тәжікстанда түрмеде отырған Махмадали Хаиттың хатын көрсетіп тұр. Варшава, 18 қыркүйек 2019 жыл.
Үкімет делегациясының мүшесі Абдулло Рахнамо Тәжікстанда түрмеде отырған Махмадали Хаиттың хатын көрсетіп тұр. Варшава, 18 қыркүйек 2019 жыл.

Варшавадағы ЕҚЫҰ жиынына ресми тәжік делегациясының мүшесі ретінде қатысқан тәжік зерттеушісі Абдулло Рахнамо қыркүйектің 19-ы күні саяси тұтқындарға арналған сессияда "Тәжікстанда азаматтар саяси және діни көзқарасы үшін қудаланады" деген айыптауларды терістеді.

"Тәжікстандағы "Ислам жаңғыру партиясына" 40 мың азамат мүше деген ақпаратқа сенсек, қазір ұйымның 57 мүшесі түрмеде отыр, 50 өкіліне іздеу жарияланған" деді ол.

Рахнамоның сөзінше, партияның қалған мүшелері "еркін өмір сүріп жатыр".

ҚУДАЛАУДЫ ДӘЛЕЛДЕУДІҢ ҚИЫНДЫҒЫ

Тәжікстанда экстремистік ұйым деп танылған, бірнеше мүшесі экстремизм бабымен түрме жазасына кесілген "24 тобы" да Польшадан босқын мәртебесін сұрайтын ұйымдардың бірі. Босқын мәртебесін алғысы келетін бірнеше тәжік азаматының құқығын қорғап жүрген адвокат Азаттық радиосына олардың өтініштерін тексерудің қиындығы туралы айтып берді.

- Олар Тәжікстанда қудалауға ұшырағанын айтқанымен, мұны дәлелдейтін бірде-бір құжат көрсете алмады: қолдарында милицияға шақырту немесе өздерін қауіпсіздік органдары тергегенін растайтын қағаздар жоқ, - дейді адвокат.

Түрлі статистикалық мәліметке сәйкес, Польшада 400-ге жуық Тәжікстан азаматы тұрады. Олардың арасында саяси босқындар да бар. Босқын мәртебесін беруді сұраған өтініші қанағаттандырылмаған азаматтар жоғарғы сот пен Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына апелляциялық шағым бере алады. Оларды БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі бас комиссары да қолдап отыр.

ЕҚЫҰ-ның адам құқығы өлшемдері жөніндегі конференциясы. Варшава, 17 қыркүйек 2019 жыл.
ЕҚЫҰ-ның адам құқығы өлшемдері жөніндегі конференциясы. Варшава, 17 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 17-і күні БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі комитеті Польшадан босқын мәртебесін сұраған екі тәжік азаматы - Санжар мен Ситораның деректерін жариялады. Ол екеуін 1994-1999 жылдары Варшава мэрі болған Марчин Свенцицкий өз үйіне уақытша паналатқан. Бұрынғы мэр тәжік отбасын босқын көрмейтінін, олармен бірге бақытты өмір сүріп жатқанын айтқан.

2015 жылы Тәжікстан билігі оппозициялық "Ислам жаңғыру партиясын" "террористік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған соң және осы партияның басшылығын елдің қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзоданың жақтастары ұйымдастырған мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынысқа қатысы бар деп айыптағаннан кейін Еуропа елдерінен босқын мәртебесін сұрайтын тәжік азаматтарының саны күрт көбейген.

Германияның шетелдіктерді тіркейтін орталық қызметінің мәліметі бойынша, қазір Германияда 5600 Тәжікстан азаматы тұрады. 3230 адам босқын мәртебесін алуға өтініш берген, 700 азамат босқын мәртебесін алған, тағы 740 адамның өтініші қанағаттандырылмаған.

Тәжікстан азаматтарының бір бөлігі Франция, Швеция, Голландия мен Австриядан босқын мәртебесін сұраған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG