«ГЕОРГИЙ ЛЕНТАСЫ» ЖӘНЕ ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ
Азаттықтың Өзбек қызметі – «Озодлик» радиосына хабарласқан Ташкент тұрғыны Маруфжон өз автокөлігі ішіндегі айнаға тағылған «Георгий лентасы» бар суретті жіберді. Тілшімізбен әңгімеде тұрғын жақында милиция қызметкерлері көлігін тоқтатып, айнадан «Георгий лентасын» алып тастауды бұйырғанын айтып шағымданды.
– Милиция жасағы салонына «Георгий лентасын» байлаған әрбір көлікті тоқтатады. Содан соң жүргізушге лентаны алып тастауды бұйырады. «Не үшін?» деп сұрағанымдаолар маған: «Жол қауіпсіздігіне қатер төндіреді және көлікті басқаруға кедергі жасайды» деп жауап берді. Оларға артық сауал қоюға болмайтынын түсіндім. Менің көлігімді бір лейтенант тексерді, артында тағы төрт милиционер тұрды, - дейді Ташкент тұрғыны Маруфжон. Ол «Георгий лентасын» бірнеше күн бұрын Ташкенттегі Ресей елшілігінен алып, автокөлік салонындағы айнаға тағып қойғанын айтты.
Uzmetronom интернет басылымының хабарлауынша, редакцияға Өзбекстан ІІМ ЖҚҚМБ қызметкерлерінің автокөлік жүргізушілерін «Георгий лентасын» шешуге мәжбүрлегені туралы алғашқы шағым 4 мамырда түскен.
«Ташкентте мотороллермен келе жатқанында милиция қызметкері тоқтатқан еңбек ардагері бізге хабарласып, көлігіндегі «Георгий лентасын» шешіп тастауға мәжбүрлегенін айтты. Жүргізушінің лентаны тағуға кім тыйым салғаны және ол тыйым қандай нормативтік құжатқа сүйенгені жайлы сауалына зейнеткер жауап ала алмаған. Милиционерлер оған тек «рұқсат жоқ» деп қана жауап берген» деп жазады басылым.
Еңбек ардагерін тоқтатқан жолда ІІМ формасын киген бес қызметкердің тұрғанына қарағанда бұл оқиғаны олардың жеке біреуінің бастамасы деп қабылдауға келмейді деп санайды интернет басылым редакциясы.
«Сонымен бірге Uzmetronom редакциясы ауызша айтылған мұндай талап 20-ғасырдағы ең алапат қасірет халық жадында екенін білдіретін «Георгий лентасын» шенеуніктердің бірі өзбек халқының рухына, тарихы мен менталитетіне сай келмейді деп танығандықтан берілген болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды» делінген мақалада.
ЛЕНТАҒА ҚАРСЫ НҰСҚАУ
Осы аптада Ташкенттегі Ресей елшілігі «Георгий лентасын» тегін тарату науқанын бастаған. Елшілік баспасөз қызметінің хабарлауынша, «науқанның басты мақсаты – 20-ғасырдағы ең қорқынышты соғыста кім және қандай қиындықпен жеңіске жеткенін жаңа буын жадынан шығармау».
«Георгий лентасы» акциясы тұңғыш рет 2005 жылы өткен болатын. Содан бері Ресейде оны жыл сайын өткізу дәстүрге айналған.
Ташкент құқық қорғау органдарындағы Озодлик дереккөзінің хабарлауынша, «Георгий лентасын» тағуға және басқа да «рұқсат етілмеген» шараларды өткізуге жол бермеу туралы«жоғарыдан» нұсқау түскен.
– Таңғы ауысым кезінде жеке құрамға бұл жайлы толық түсіндіреді. Бізге жол қозғалысы қауіпсіздігіне кедергі келтіретін лентаны алып тастаңдар деді. Бірақ оны өте сыпайы түрде, жүргізушілерге айыппұл салмай жасау керегін айтты, - дейді Азаттық дереккөзі.
ЖЕҢІС СИМВОЛЫ МА, ӘЛДЕ ИМПЕРАЛИЗМ БЕЛГІСІ МЕ?
Өзбекстанда «Георгий лентасы» акциясына әркім әртүрлі қарайды. Анвар Назиров және Шухрат Барлос бастаған тарихшылар Өзбекстан ішкі істер министрлігі және Ташкент қаласының әкімдігіне хабарласып, «Георгий лентасын» тарату мен тағуға тыйым салуды сұраған. Озодликке берген сұхбатында Шухрат Барлос лентаны «ресейлік имперализм бейнесі» деп білетінін мәлімдеді.
Бұл лентаның Ресей үшін символ болғанына қарсы емеспіз, бірақ Өзбекстанға ол жарамайды. Оның тарихи себебі бар.
– Бұл лентаның Ресей үшін символ болғанына қарсы емеспіз, бірақ Өзбекстанға ол жарамайды. Оның тарихи себебі бар. Біздің отанымызды патшалық Ресей отарлаған армияның көптеген генералдары мен офицерлеріне екінші Екатерина патша 1769 жылы 26 қазанда бекіткен әулие Георгий лентасы берілген. Отарлаушы армияның генералдары мен офицерлеріне берілген медальға жергілікті тұрғындарын қырып-жойып басып алған біздің қалалардың атаулары жазылып, әулие Георгий лентасы тағылған. Ресейлік имперализм символы саналатын бұл лентаны тәуелсіз Өзбекстанда тағу, кем дегенде, патшалық Ресейдің қолынан өлген ата-баба рухын қорлау саналады, - дейді тарихшы.
АҚ, КӨК ЖӘНЕ ЖАСЫЛ ЛЕНТАМЕН АЛМАСТЫРУ
2015 жылы Өзбекстан қорғаныс министрлігі «Георгий лентасынан» бас тартып, оның орнына Өзбекстан мемлекеттік символдарын қолдануды ұсынған. Арада жыл өткенде министрліктің ұсынысы күшіне енген сыңайлы. Қалай болғанда да, Озодликтің Өзбекстандағы дереккөздері жолдаған суреттерде мемлекеттік тудың суреті бар ленталар ілінген көліктер бейнеленген.
Қазіргі кезде Facebook әлеуметтік желісіндегі «Өзбекстанда Георгий лентасын тағуға қарсымыз» атты топ мүшелері республикада «Георгий лентасын» тарату мен тағуға қарсы қол жинап жатыр. «Георгий лентасын» таратуға қарсылар мәлімдемесінде оны «ресейлік имперализм символына» теңеген.
«Георгий лентасына» қарсылар көршілес Қазақстан мен Қырғызстанда да бар. Олар Қырым мен Украинаның шығысындағы оқиғалардан кейін «Георгий лентасы» ресейлік имперализм символына айналды деп санайды.
Постсоветтік елдердің көбінде Жеңіс мейрамы ретінде белгіленген 9 мамыр күні Өзбекстанда 1999 жылдан бері «Еске алу және құрмет күні» болып жарияланып, бүкілхалықтық мереке саналады.
(Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.)