Accessibility links

Орталық Азиядағы исламның қазіргі көрінісі қандай?


Құрбан айт күні Алматының орталық мешітіндегі намазға қатысушы жамағат. 12 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Құрбан айт күні Алматының орталық мешітіндегі намазға қатысушы жамағат. 12 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Орталық Азиядағы қазіргі діни жағдайдың қалыптасу себебі әртүрлі. Аймақтағы кейбір елдерге сыртқы факторлар әсер етсе, енді бірі «халықтық базадағы» исламды сақтап қалды.

Париждегі CERI халықаралық зерттеу орталығының маманы Байрам Балчи бұрынғы Совет одағы елдеріндегі ислам мәселелерін зерттеумен айналысады. Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында Орталық Азиядағы діни ахуал туралы әңгімеледі.

Азаттық: - Бұл күндері Орталық Азияда сырттан келген діни ағымдар жайлы көп айтылады. Зерттеуші ретінде аймаққа сырттан енген қандай діни ықпалды байқадыңыз?

Байрам Балчи: - Тәуелсіздік алғалы Орталық Азия елдерінде дін мәселесі бойынша Түркия, Сауд Арабиясы, Иран және Оңтүстік Азия елдерінің ықпалы байқалды. Орталық Азиямен арадағы тілдік, әдет-ғұрып, діни және тарихи байланыстар Түркияны аймаққа жақындата түсті. Түркия Орталық Азияда жаңа мешіттер салып, ескі мешіттерді реставрациядан өткізуге қатысты. Одан да маңыздысы - діни оқу орындарын аша бастады. Түріктер аймақтағы алғашқы діни оқу орнын Қырғызстанның Ош қаласында ашты. Бұған қоса Орталық Азия жастары Түркияға діни білім алуға ағыла бастады.

Постсоветтік елдердегі ислам мәселесін зерттеуші ғалым Байрам Балчи. Алматы, 7 маусым 2017 жыл.
Постсоветтік елдердегі ислам мәселесін зерттеуші ғалым Байрам Балчи. Алматы, 7 маусым 2017 жыл.

Сауд Арабиясы және өзге араб елдері Орталық Азияға едәуір ықпал етті. Менің ойымша, Сауд Арабиясының осы аймаққа әсерін түсіну үшін екі мәселеге назар аудару керек. Біріншісі – қажылық. Қажыға барғандар сондағы ғұламалардың пікіріне құлақ асатын болды. Екінші бір мәселе - советтік репрессиядан кейін бас сауғалап Сауд Арабиясына көшіп барып қоныстанған Орталық Азиялық мигранттардың кейбірі 1990 жылдардан кейін атамекендеріне оралды.

Кезінде Сауд Арабиясын паналаған Орталық Азия және Шығыс Түркістан мигранттарының өзі екі топтан тұрады. Олардың бір тобы – 1930 жылдары Совет одағынан кеткендер болса, екіншісі – өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қытайдың Шыңжаң аймағынан кеткен ұйғырлар.

Орталық Азияға дін жағынан Оңтүстік Азия елдері де әсер етті. Өздерін дін практикасына шақырушы ретінде көрсететін "Тәблиғи жамағат" ұйымы өкілдері де Пәкістаннан Орталық Азияға ағылды. Бұл ұйым жиырмасыншы жылдары Үндістанда құрылған. Оларға Өзбекстан рұқсат бермеді. Кейін Тәжікстан және Қазақстан да "Тәблиғи жамағат" ұйымына тыйым салды.

Мешіттегі айт намазынан соң тарап жатқан адамдар. Душанбе, 31 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)
Мешіттегі айт намазынан соң тарап жатқан адамдар. Душанбе, 31 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)

Орталық Азияға тарихи жағынан әсер еткен Иран да тәуелсіздіктен кейін қарап қалмады. Дегенмен Иран Орталық Азиядағы парсытілдес ел Тәжікстанмен мәдени байланыстарын жандандырғанымен, діни жағынан аса көп ықпал ете алған жоқ.

Азаттық: - Дін мәселесінде сыртқы ықпалға түспеген немесе қабылдамаған елдер болды ма?

Қырғызстанда билік мұсылмандық жоралғы, діни практиканы жақтайтын "Тәблиғи жамағатты" радикалдық әрекеттерге қарсы пайдаланғысы келеді.

Байрам Балчи: - Ежелден отырықшылық мәдениетті ұстанған Өзбекстан мен Тәжікстанда "халықтық базадағы" мұсылмандық күшті болған. Өзбекстанда совет уақытында да мұсылмандық діни оқу орындары жұмыс істеді және жергілікті ғұламалары болды. Сондықтан Орталық Азияда осы екі ел сырттан келген діни ағымдар ықпалына ұшырай қойған жоқ. Ал осы елдерден шетке кетіп, өзге ағымдарға ілесіп жатқандар туралы сөз басқа.

Азаттық: - Шеттен келген исламның ықпалы қай елде көбірек байқалды?

Байрам Балчи: - Сырттан келген ықпалға Қырғызстан көбірек ұрынды. "Тәблиғи жамағат" ұйымы қазір Орталық Азияда тек Қырғызстанда ғана қалды. Қырғызстанда билік мұсылмандық жоралғы, діни практиканы жақтайтын "Тәблиғи жамағатты" радикалдық әрекеттерге қарсы пайдаланғысы келеді.

"Діни экстремистер" деген күдікке ілінген қарулы топ бекінген үйдің қауіпсіздік күштері жүргізген операциядан кейінгі суреті. Арашан ауылы, Қырғызстан, 5 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)
"Діни экстремистер" деген күдікке ілінген қарулы топ бекінген үйдің қауіпсіздік күштері жүргізген операциядан кейінгі суреті. Арашан ауылы, Қырғызстан, 5 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)

Азаттық: - Қазақстандағы діни ахуалға қандай баға бересіз?

Байрам Балчи: - Қазақстанда тәуелсіздіктен соң мемлекеттің өзі ұйытқы болып рухани мәселеге назар аударған болатын. Бұл елде дін мәселесінде Түркияның ықпалы басым болды. Соның бәріне қарамастан Қазақстанда секуляризм идеясы да күшті екенін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені Қазақстанда Ресейдің де ықпалы күшті.

Әдетте, тыйым салғанда, мұндай ұйымдар астыртын жұмыс істеуге көшеді. Оның салдары қауіпті болады.

Азаттық: - Былтыр Тәжікстандағы соңғы медресе жабылды. Ал Түркіменстандағы ахуал туралы көп айтылмайды?

Байрам Балчи: - Медреселерді жапса, бәрі керемет болып кетеді деу - бекершілік. Қайта мұның қауіпті жағы да бар екені ескерілмейді. Айталық, Тәжікстанда исламдық өрлеу партиясын тыйым салды. Сол дұрыс болмады-ау деп ойлаймын. Мәселен, Түркияда сондай партия бар. Еуропада Франция, Германияда да христиан-демократиялық партиясы жұмыс істейді. Әдетте, тыйым салғанда, мұндай ұйымдар астыртын жұмыс істеуге көшеді. Оның салдары қауіпті болады. Тәжікстан исламдық партияға ие Орталық Азиядағы бірден-бір ел болатын.

Ашғабаттағы мешіт мұнарасынан азан шақырып тұрған адам. Түркіменстан, 19 тамыз 2007 жыл.
Ашғабаттағы мешіт мұнарасынан азан шақырып тұрған адам. Түркіменстан, 19 тамыз 2007 жыл.

Түркіменстанда Сапармұрад Ниязовтың тұсында әрбір мешітте "Құранмен" бірге оның "Рухнама" кітабы да қатар тұратын. Қазір "Рухнаманы" мешіттерден алып тастады. Өзге де елдермен аз байланысатын Түркіменстанда адамдар әлі де болса совет заманындағыдай өмір сүреді.

Азаттық: - Орталық Азияда саяси ислам бар ма?

Байрам Балчи: - Тәжікстанда исламдық өрлеу партиясына тыйым салған соң Орталық Азияда саяси ислам мүлде жоқ деуге болады.

Тәжікстанда исламдық өрлеу партиясына тыйым салған соң Орталық Азияда саяси ислам мүлде жоқ деуге болады.

Азаттық: - "Өзбекстан ислам қозғалысы" ше?

Байрам Балчи: - Ол елдің ішіндегі, аймақтағы емес, елден сырттағы, қуғындағы ұйым болатын.

Азаттық: - Исламдық партиясы билікте отырған Түркиядағы жағдай қашан реттеледі деп ойлайсыз?

Байрам Балчи: - Сирияда тыныштық орнағанда ғана Түркияда да жағдай оңалатын шығар.

Азаттық: - Орталық Азиядан "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы бақылауындағы аумаққа кетіп жатқандардың мақсаты не?

Байрам Балчи: - Жиһадшылар Еуропада да бар. Мұндағы мәселе тек дінмен шектелмейді. Мәселенің экономикалық және әлеуметтік қыры бар деп есептеймін. "Жиһадқа" барғандардың мақсаты – "халифат" аймағында өмір сүру. Барған соң оларды ИМ де қайтарайын деп отырған жоқ. Олар елдеріне қайтса, елдері де аямайтыны анық. Ал ИМ-ге кеткендер қайтып келіп тұрақсыздық қалыптастырады дегенге де өз басым сенбеймін.

Қазақстан билігі "теріс діни ағымды ұстанушылар" деп атаған адамдар Ақтөбеде 2016 жылы 5 маусымда жасалған қарулы шабуыл кезінде түсіп қалған видеотаспадан скриншот. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан билігі "теріс діни ағымды ұстанушылар" деп атаған адамдар Ақтөбеде 2016 жылы 5 маусымда жасалған қарулы шабуыл кезінде түсіп қалған видеотаспадан скриншот. (Көрнекі сурет.)

Азаттық: - Еуропадағы бірқатар теракт жауапкершілігін мойнына алып жатқан ИМ сонда Орталық Азияға ешқандай қатер төндірмей ме?

Байрам Балчи: - Сирияда Батыс елдері мен Ресейдің әскери коалициясы бар. Байқасаңыз, теракт ИМ-ге қарсы шабуылдап, әскер жиып, күш біріктірген елдерде болып жатыр. Ал ондай әрекетке бармаған Орталық Азия елдері ИМ-ді қатерлі деп дабыл қағып жатса, мұның да өз себебі бар деп ойлаймын. Еуропа, Америка Орталық Азия елдеріне "неге демократия орнатып, реформа жасамайсыздар" десе, олар "бізде жағдай нашар, бізге демократияға өтуге уақыт керек" деген уәж айтады, "өйткені бізге радикализм қатер төндіріп отыр" дейді. Яғни, Орталық Азия елдері қатерді қоюлатып көрсету арқылы да Батыстың алдында ұпай жинағысы келеді.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG