Ресми дерек бойынша, Орталық Азия елдерінде әсіредіншіл экстемистік топтарға қосылғандар аса көп емес. Бірақ аймақтағы үкіметтер пен қауіпсіздік күштерінің әрекеттеріне назар аударған адам "бұл мемлекеттерге үлкен қауіп төніп тұр" деп ойлап қалуы мүмкін.
Интернет пен әлеуметтік желілер дамыған заманда Орталық Азия елдері де басқалар тәрізді қосүрей болып отыр. Аймақтағы елдер билігі "экстремистік топ" деген ұғымды өз беттерімен кеңейтіп, олармен күресудің түрлі шараларын жасап жатыр. Бірақ бұл үкіметтер сол күмәнді деген топтарға нақты анықтама бере алмайды.
Азаттық дін мәселесін және Орталық Азия билігінің түрлі топтарға тыйым салуы күшейіп келе жатқанын талқылады. Жиынды Азаттықтың БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері Мұхаммед Тахир жүргізді.
Әңгімеге постсоветтік мемлекеттер мен Шығыс Еуропадағы дін бостандығын зерттейтін Forum 18 ұйымының жаңалықтар қызметі редакторы Феликс Корлей (Лондон), өзбекстандық жас заңгерлердің адам құқығын қорғайтын "Ташаббус" тобының мүшесі Дилором Абдуллаева (Вашингтон), Азаттық тілшілері Ной Такер мен Брюс Панниер (Прага) қатысты.
1991 жылы тәуелсіздік алған соң Орталық Азия елдері басшылары (бұрынғы коммунистік партияның шенеуніктері) қайта оралған ислам діні өз елдерінің Ресейден алшақтауына ықпал ететінін түсінсе де, дін туралы өте аз білетін еді.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов 1991 жылдың желтоқсанында Наманганға барғанда оны діндарлар тобы қарсы алып, олардың жетекшілері елді дұрыс билеу туралы дәріс оқыған, Каримов осы уағызды тыңдауға мәжбүр болған.
1992 жылдың көктемінде Тәжікстанда азамат соғысы басталды, үкіметке қарсы шыққан негізгі әскери күш "Ислам өркендеу партиясы" болды.
Орталық Азия үкіметтері үшін бұл ерте бастан берілген белгідей көрінді. Бірақ бес мемлекеттің реакциясы түрліше болды.
Корлейдің айтуынша, «Орталық Азия үкіметтері тіркелмеген (өздері тіркемей тастаған – ред.) және лицензия алмаған діни ұйымдарды қауіпті деп санауды әдетке айналдырған»
- Үкімет тіркемеген кез келген топ күдікті саналады. Бес елдің (Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан) де конституциясында дін еркіндігі туралы жазылса да, іс жүзінде бұл елдердің биліктері «дәстүрлі емес конфессияларға» проблема тудырушы ретінде қарайды, - дейді ол.
Дилором Абдуллаева Өзбекстанда бейресми түрде тыйым салынған діни ұйымдардың көп екенін айтты.
- Бұл тәжірибе дін қағидасымен жүретін адамдарды үрейде ұстайды, - дейді ол.
Құқық қорғаушының сөзіне қарағанда, мемлекет мақұлдаған мұндағы сүнниттік исламды «советтік стиль деуге келеді, діннен гөрі мәдениетке жақын».
Орталық Азия үкіметтері көптеген топтардың ниет-пиғылдарын дұрыс түсінбейді немесе мүлдем басқаша қабылдайды. Бір кездері «уахабиттерге» қарсы науқан жүрді, бұл - советтік кезеңнен басталған үрдіс.
Бірақ аймақта ұсталған немесе қамалған адамдардың көбі немесе барлығы уахабизм отаны – Сауд Арабиясындағы дін формасын ұстанбайды. Қазір Орталық Азия елдерінде күдікті ислам топтарын «салафиттер» деп атайды.
Аймақ үкіметтерінде «уахабит» пен «салафиттің» айырмасын түсіндіріп беретін адам жоқ.
- Орталық Азия үкіметтерінде «уахабит» пен «салафиттің» айырмасын түсіндіріп беретін адам жоқ. Мұндай іс бойынша оларды қорғайтын адвокаттар осы тұсын анықтайық деген мәселе қоймайды, - дейді Дилором Абдуллаева.
Бұл адамдардың нақты қандай қатер төндіретінін анықтау үшін де айтарлықтай әрекет жасалмайды.
- Үкімет(тер) біреуге күш көрсетіп, қылмыс жасаған немесе соған азғырған, болмаса сондай қылмысты ұйымдастырған адамдармен жұмыс істеуі керек, діни сенімі үшін жеке адамды қудалауға болмайды, - дейді Феликс Корлей.
Кейбір Орталық Азия елдеріндегі ең сұмдық сценарий – топтардың жұмысын шектен тыс әсірелеп көрсету немесе сондай топтарды ойдан шығарып, қарсыластарын соған мүше деп жариялау. Такердің пікірінше, айыпталушы үшін «бұл - өте қиын жағдай».
Ал Корлей "үкімет жоқ ұйымға мүше екеніңізді айтады, оның қандай топ екенін білмеген адамға мүше еместігін дәлелдеу де өте қиынға түседі" дейді.
- Бұл - өте қауіпті әдіс, одан елдің қауіпсіздігіне еш пайда жоқ және мемлекет тұрғындарының адам құқығын қорғауға да еш көмегі тимейді, - дейді ол.
Корлей Түркіменстанның шығысындағы Түркіменабат қаласындағы сүнниттік топтың жетекшісі Бахром Сапаровты мысалға келтірді. Ол ресми биліктің мақұлдауынсыз діни уағыздар айтса керек.
- Сапаров 15 жылға сотталып, Овадан Депе шөлінде орналасқан қатаң режимдегі түрмеге жіберілді. Ол жақтан аман келетіндер аз, соңғы рет оны біреулер 2014 жылы көрген екен, - дейді Корлей.
Ал Такер Өзбекстан президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзияевтің жақында «шекара маңы мен Ташкенттегі қауіпсіздік күштері бұрын діни әрекетіне байланысты айыпталған адамдардың үйлерін аралап тексерсін» деп бұйырғанын айтты.
Дилором Абдуллаева «діни экстремистер мен діни экстремизм актісі – осы елдердегі дін бостандығына қатаң шектеу қоюдың нәтижесі» деп тұжырды.
Ной Такердің айтуынша, «үкімет қоғамдық қауіпсіздікке мән берсе, тұрғындарына пайда келтіреді және шын мәнінде жұмыс істеп жатқан экстремистік топтардың сипатын нақтылап алуы керек».
Отырысқа қатысушылар осы тақырыптарды жан-жақты талқылауға тырысты. Хабардың толық нұсқасын төменнен ағылшын тілінде тыңдай аласыз.
Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.