Шалқар қаласының тұрғындары Төребай Мәжитов, Мейрамбек Тұрғанбаев пен Ерғожа Аманғожин «терроризмді насихаттады» деген күдікпен биылғы маусымның 2-сі күні қамалған. Үш күннен соң Ақтөбеде қарулы топ қару-жарақ дүкендеріне, полиция мен әскери бөлімге шабуыл жасады. Ал оған дейін қамалған үш шалқарлықтың адвокаттарының бірі Раушан Ізтілеуова қорғауындағы азаматтардың туыстарына «маусымның 5-і күнгі оқиғасының кесірі бұл жігіттерге де тиіп кетуі мүмкін» екенін ескерткенін айтады.
- Маусымның 5-і күні болған оқиғадан кейін қоғам осындай адамдардың бәрін «террорист» деп қабылдайды. Әрине, мен бұларды «сүттен ақ, судан таза» демеймін. Бірақ бұлар қолдарына қару алып, «елді қырайық-жоялық» деген жоқ. Бар кінәсі – ашық сайттарға кіріп, сондағы материалдармен танысқан. Өзара бөліскен. Үшеуі де намаз оқитын жігіт. Кәдімгі бес уақыт намаз... Бірақ отбасыларында сақал жіберіп, киім киіп, пәренже жамылғандар жоқ. Бұлардың бағыттары түзу, - деді Раушан Ізтілеуова.
Ал Ақтөбе облыстық соты таратқан хабарламада сотталушылардың бірі Төребай Мәжитов «ислам діннің радикалдық бағытын ұстанушы» деп сипатталған. 2015 жылғы тамыз айында ол «ВКонтакте» желісіне «Абухолид Абдумаджид» деген атпен тіркеледі. Кейін «Абу Хамза Казахстанский» атымен тіркелген қолданушымен достасып, оның жеке парақшасындағы «У кого-то может есть знакомые, кто готов финансово помочь, или закят свой отдать или просто сделать джихад своим имуществом», «20 достойнств джихада» деген сияқты материалдарды желідегі өз «достарымен» бөліскен.
Тергеу материалдарында Төребай Мәжитовтің «достарына»: «Уақыт келді, ахи», «Ассалама уалейкум, ахи, біздің уақыт келді, Ин ша Аллах» деген мазмұндағы үндеу хат жазып, өзін-өзі жарып, шахид болу туралы бейнероликтер жібергені де айтылады.
Соңғы 14 жыл бойы Шалқардағы вагон шаруашылығы мекемесінде еңбек еткен Төребай Мәжитов – жеті баланың әкесі. Жасы 38-де. Тағы бір сотталушы – 36 жастағы Мейрамбек Тұрғанбаевтың төрт баласы бар. Әйелінің бесінші перзентке аяғы ауыр. Сотталушылардың үшіншісі – 27 жастағы Ерғожа Аманғожин – өз әулетіндегі 13 баланың кенжесі. Тергеу материалдарында ол «уақытша жұмыссыз» деп көрсетілген.
- Өз тәжірибемнен білетінім, «терроризм» айыбымен сотталушылардың туыстары сот процестеріне де, үкім оқылатын отырысқа да келмейді. Ел көзіне түспеуге тырысады. Бүгін сотталушылардың туыстары көп жиналды. Бәрінің де жандары ауырып отыр. Өз басым талай адамды қорғап жүрмін ғой. Олардың ішінде бұл жігіттер сияқты соттан кешірім сұрап, өкініп жатқандар жоқ. Керісінше, «Сирияға жете алмағанымызға өкінеміз» деп тұрып алады. Ал бұлар түбегейлі бұзылмаған адамдар, - дейді адвокат Ізтілеуова.
Әріптесінің сөзін құптаған адвокат Бауыржан Ерманов «ҰҚК интернеттегі материалды бөлісушілерді емес, сол материалдардың авторларын табуы керек» деп санайды.
- Бұл адасып жүрген, ізденіп жүрген адамдар. Адаспай, ізденбей әділет табуға болмайды. Солай емес пе? Және бір назар аударатын нәрсе – бұлар интернеттен алынған материалдарға өз тараптарынан бір ауыз сөз қоспаған. Жай ғана бөліскен, - дейді Бауыржан Ерманов.
Тергеу материалдарында сотталушылар Төребай Мәжитов, Ерғожа Аманғожин мен Мейрамбек Тұрғанбаевтың WhatsApp мессенджерінде «Аллаға уағыз» деген атаумен ортақ чат құрып, «Самоубийство или Шахада?», «Имам Мухаммад Ибн Абдуль-Ваххаб», «Мурджиты нашего времени» сияқты материалдарды бөліскені туралы жазылған.
«Аллаға уағыз» тобына жалпы саны 12 адам мүше болған. Тергеу сол адамдардың жоғарыда аталған үшеуін «белсенділік танытқан» деп айыптайды. Мейрамбек Тұрғанбаев - «Аллаға уағыз» тобының админстраторы болған. Алайда оның адвокаты Раушан Ізтілеуова «Аллаға уағызды» бастапқы құрушылар топтан шығып кеткен соң чат жетекшілігі Мейрамбек Тұрғанбаевқа жүктелгенін» айтады.
Бұл азаматтардың ісін Ақтөбедегі №2 қалалық сот шілденің 27-сі күні қарай бастады. Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты толығымен мойындап отыр.
Судья Зинаида Шмированың тамыздың 11-і күнгі үкіміне сәйкес Қылмыстық кодекстің 256-бабы («Терроризмді насихаттау немсесе теракт жасауға шақыру» - ред.), және 147-бабы («Жеке өмірге қол сұғу» - ред.) бойынша айыпталған Төребай Мәжитов пен Ерғожа Аманғожин 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ал 256-баппен айыпталған Мейрамбек Тұрғанбаевқа алты жарым жыл түрме жазасы кесілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушылардың адвокаттары сот үкіміне разы емес. Туыстары түсініктеме беруден бас тартты.
Ақтөбеде дін тақырыбында өтетін жиындарда облыстағы Шалқар, Темір мен Мұғалжар аудандарында «діни ахуалдың күрделі» екені жиі айтылады. «Аллаға уағыз» тобына мүше болды деп айыпталған 12 адамның барлығы – шалқарлық. Адвокат Раушан Ізтілеуованың айтуынша, бас бостандықтарынан айырылған азаматтармен Шалқарда бұрын-соңды түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген.
- Сондықтан прокуратура облыстың бас имамына [түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы] ұйғарым жолдады, - деді адвокат.