Тәжікстанда Құран сүресінен басқа дұғаларды тәжік тілінде оқуға ұсыныс жасалды. Әзірге оған ашық қарсылық байқалған жоқ. Мәселенің тарихи жағына назар аударған сарапшылар оны экстремизм қаупінің алдын-алу әрекеті ретінде де бағалайды. Ал Қазақстанда уағызды орыс тілінде оқу бастамасы дауға ұласты.
Осы аптада Душанбеде Тәжікстан исламтану орталығының жетекшісі Файзулла Баротзода ғалымдардың намаздың ниеті мен соңындағы дұғасын тәжікше оқуға болады деген қорытындыға келгенін жариялады. Орталық жетекшісі 5 қазан – тәжік тілі күні осы туралы айта келіп, «адамдар құдаймен қатынасында не айтып жатқанын өздері де түсінуі керек» деді.
Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Файзулла Баротзода бұл туралы ғалымдар мен діндарлардың ұзақ уақыт өзара кеңескенін айтқан. Кеңес нәтижесінде олар намазда Құран сүрелерін араб тілінде оқып, ғибадат басындағы ниеті мен соңындағы дұғаны парсы-тәжік тілінде айтуға болады деген ұйғарымға келген. Файзулло Баротзаданың айтуынша, онсыз да ханафи мәзхабында намаз ниеті мен дұғасын тәжік тілінде оқуға рұқсат беретін пәтуа (фетва) бұрыннан бар.
– Мұндай шешім тәжік тілінің мәртебесін өсіреді, - дейді Файзулло Баротзода.
Тәжікстан исламтану орталығының жетекшісі Файзулло Баротзода соңғы кездерді кейбір топтардың намазға қоса дұғаны да тек арабша оқуға тырысатынын айтады.
Тәжікстандық діни қайраткер Хайрулло Мухаммадсаидов та ханафи мәзхабында намаздың ниеті мен дұғасын тәжік тілінде айтуға рұқсат етілгенін қуаттайды.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ПІКІРІ
Қазақстандық ирантанушы ғалым Жомарт Жеңісұлының пікірінше, Тәжікстандағы мұсылмандар ғибадатына қатысты бұл шешім – табиғи құбылыс.
– Орталық Азия елдері тарихи жағынан алып қарағанда ислам дінін арабтардан тікелей қабылдай салған жоқ. Ислам діні бұл аймаққа парсы тілінде сөйлейтін Иран жері және парсы тіліндегі әдебиет арқылы жетті. Соның бір ғана мысалы дінге қатысты намаз, жайнамаз, памдат, бесін және тағы да басқа көптеген сөздер парсы тілінен енгенін айтуға болады, - дейді ғалым.
Жомарт Жеңісұлының Азаттыққа айтуынша, бұл жерде тілге деген жанашырлық та бар және дінді түсіндіру мәселесі де бар.
– Дінді догмалық тұрғыдан қабылдайтын топтар мен дінді дәстүрі негізінде түсінетін топтар бүгінде Орталық Азияда конфликтілі жағдайға келіп отыр. Сондықтан бұл экстермистік пиғылдан да сақтанудың бір жолы сияқты, - дейді ирантанушы.
Қазақстандық дінтанушы Досай Кенжетайұлы Орталық Азия халықтары тұтынатын ханафи мәзхабында намазға ниет пен соңындағы мінәжат, салауат дұғасын ана тілінде айту қуатталғанын айтады. Ол Тәжікстандағы жағдайды діни экстремистік топтар ықпалынан сақтану ретінде бағалайды.
Тәжікстан исламдық зерттеу орталығының басшысы Файзулла Баротзода мұның алдында «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының бір мақсаты Каспий теңізі және Орталық Азия аймағында өз ықпалын жүргізу үшін халифат құру екенін айтқан болатын.
Тәжікстанның шет елдерде дін оқып жатқан студенттерін елге қайтарып, елдегі діни медреселерді жауып тастағаны белгілі.
ОРЫС ТІЛІНДЕ УАҒЫЗ АЙТУ ДАУЫ
Қазақстанда қыркүйек айында дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Жаңа министр Нұрлан Ермекбаев «Қазақстандағы мешіттерде ресми уағыздардан кейін қосымша оның орыс тілінде түсініктемесі айтылуы қажет» деген ұсыныс айтты. Бірақ ұсыныс қоғам тарапынан сынға ұшырады.
Соңынан осы министрлікке қарайтын дін істері комитеті бұл мәселе бойынша түсінік беріп, тиісті шешімді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдайтынын білдірді.
Жаңа министрлік «исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар діндарлардың мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтінін айтып, орыс тіліне аударма жасау керектігі туралы өтініштер түскен» деп хабарлаған.
Қазір Қазақстан мешіттерінде уағыз қазақ тілінде айтылады. Тек кейбір ұлттық азшылық өкілдері шоғырланған аудандарда бұрыннан бері қазақша уағыздан соң сол ұлттық азшылық тілінде де діни насихат айтылып келеді.
– Қазақстан тәуелсіздік алғалы 25 жыл бойы уағыз қазақша оқылып келді. Енді оған орыс тілін қосатын болса, оны саяси қателік деп білемін, - дейді дінтанушы Досай Кенжетай Азаттыққа.
Қазақстандағы мешіттер саны 2400-ден асады.