Қыркүйектің 8-інде парламент мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті отырысына келген жұрттың қарасы қалың болды.
Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң актілеріне ұсынылған өзгерістер мен түзетулер туралы заң жобасын таныстырған жиында саяси партиялар мен дін өкілдері, дінтанушылар мен сарапшылар да болды.
Талқылаудың мейлінше ашық өтетінін және парламент сайтында тікелей транслияция жүретінін мәлімдеген халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Мәулен Әшімбаев отырысқа қатысқан құқық қорғаушылар Евгений Жовтис, Зәуреш Батталова, Жеміс Тұрмағамбетова, саясаттанушы Досым Сәтпаев және тағы басқа үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін көпшілікке жекелеп атап таныстырды.
Оларға депутаттар залдың төріндегі орындарын беріп, өздері қапталға жайғасты. Жиын үш сағатқа жуық созылды. БАҚ өкілдерінің кейбіріне отыратын орын жетпей қалды.
ЖАЗА МЕН БАҚЫЛАУ
Жаңа заң жобасы бойынша 19 заң мен 5 кодекске өзгерістер мен түзетулер енгізілмек. Олардың ішінде «Байланыс туралы», «Күзет қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық гвардиясы туралы», «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңдар мен кодекстер бар.
Баяндамашы, ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары Марат Колкобаевтың айтуынша, жаңа заңда экстремистік баптардың жазасы күшейтілген.
- Орта есеппен жаза 2-5 жылға дейін ұзартылады. Бірақ қылмыстың ауырлығы өзгермейді. Мәселен, орта деңгейдегі қылмыс сол күйі қалады. Тек жаза мерзімі ұзартылады. Міндетті түрде мүлік тәркіленетін болады, - деді ҰҚК өкілі.
Сонымен бірге, қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттары бар нысандарды күзететін ұйымдарға, аң аулау қаруын сататын дүкендерге ерекше талаптар қойылмақ.
«Байланыс туралы» заңға құзырлы органдарға антитеррорлық операцияларды жүргізу кезінде байланыс қызметін (оның ішінде интернет те бар) уақытша тоқтатуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізу жоспарланған.
Баяндамашылардың бірі, ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов заң жобасы бойынша «әсіресе республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалаларында тіркеу талаптары күшейетінін» мәлімдеді.
- Пәтерін уақытша тұруға берген азаматтар пәтерінде тұратындарды 10 күн ішінде жергілікті органдарға тіркетуі (прописка емес) тиіс болады. Оған жеке куәлік қана жеткілікті. Тіркеуге тұрғызбаған жағдайда пәтер иесіне әкімшілік айыппұл салу көзделген, – деді Рашид Жақыпов.
«БҰЛ – ҚАТАҢ НОРМАНЫ ЕНГІЗУ ӘРЕКЕТІ»
Саясаттанушы Досым Сәтпаев жаза мен талаптардың күшеюі қоғамдағы әлеуметтік наразылыққа әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді.
- Заңның басты міндеті - экстремизм мен терроризмге қарсы тиімді күресу. Бірақ ол әлеуметтік тұрақтылыққа залалын тигізбеуі керек. Егер заңның репрессиялық сипаты күшейсе, қоғамдағы наразылықтың белгілі бір деңгейін қалыптастырады. Тәжірибе көрсеткендей тұрғындарға, қарапайым азаматтарға, бизнеске қысымның күшеюі радикализмнің негізін қалайды, – дейді ол.
Досым Сәтпаев оған қоса «шенеуніктердің құзыреті кеңейіп, қосалқы бақылау тетіктері қалыптасқан сайын жемқорлық үдей бермек» деген пікірде. Жиынға қатысқан құқық қорғаушы Евгений Жовтис «қоғамда қауіпсіздіктің болуына барша жұрт мүдделі, бірақ заң – тым қатал» деген пікір айтты.
- Бұл – баршаға ортақ проблема. Терроризм мен экстремизмнің қылмыстық құрамы ғана емес, әлеуметтік, саяси құрамы бар. Заңда тек күштік сипатының болғаны маған түсініксіз. Заң тұтастай бақылауды күшейтуге, құзыретті ұлғайтуға, қатал нормаларды енгізуге негізделген. Әлеуметтік, саяси компоненттердің болмауы мен қоғамның қатыспағанынан заң нәтиже бермейді, – дейді Евгений Жовтис.
«ҚОҒАМНЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ ӘСЕР ЕТТІ»
Ал бас прокуратура төрағасының орынбасары Андрей Кравченко қоғамның көңіл күйі заңды өзгертуге әсер еткенін уәж қылды.
- Заңды жасағандарға кейбір қылмыс түрлерінің жазасын күшейтуге байланысты қоғамның көңіл күйі де әсер етті. Мына жағдайда басшылыққа осыны алған, – дейді бас прокуратура өкілі.
«Заң авторлары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен жұмыс істегенін» айтқан ҰҚК өкілі Марат Колкобаев жиынға қатысқан сарапшылар ескертуінің де жөні бар екенін мойындады.
- Премьер-министрдің айтуымен құрылған жұмыс тобы іске асыруға керек бірқатар институционалды шараларды ойлап тапты. Олар бұл заң жобасына кірмейді. Олардың шығыны көп және іске асырылуы кейінге ысырылды. Бұл бағыттағы жұмыс жүріп жатыр, – дейді Марат Колкобаев.
Отырыс модераторы болған мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев жұмыс тобы «күштік сипаттың басымдығы мәселесін» әлі де қарастыратынын, жалпы «идеология тұрғысында жұмыс жасайтындарын» айтты. Депутаттың сөзінше, «заң жобасында идеологиялық және басқа да қызметтерге қатысты мәселелер ескерілмей қалған сияқты сезіледі».
Себебі салафилік – идеология. Идеологияға оған қарсы идеологиямен ғана қарсы тұруға болады. Яғни, бұл саладағы еліміздің саясатын, мысалы, ханафилік мазхабты түсіндіруіміз керек.Мәулен Әшімбаев.
- Заң жобасында салафизмге идеологиялық тұрғыдан қарсы тұру сияқты ұғым жоқ. Себебі салафилік – идеология. Идеологияға оған қарсы идеологиямен ғана қарсы тұруға болады. Яғни, бұл саладағы еліміздің саясатын, мысалы, ханафилік мазхабты түсіндіруіміз керек, – деді ол.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бүгін таныстырылған заң жобасы бірнеше ай қаралып, жыл соңына дейін қабылданбақ.
Экстремизм мен терроризмге қарсы, ақпараттық қауіпсіздікке қатысты, қарсы барлау қызметі туралы және басқа да заң жобаларын қарау жайлы тапсырманы парламентке ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев берген. Ол қыркүйектің 1-інде парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысқан кезінде«елдегі ішкі тұрақсыздықты теріс пайдаланып, қоғамға іріткі салуды ойлайтын күштер барын» айта келе, бұл заңдар депутаттардың қарауына ұсынылатынын айтқан.