Accessibility links

ОА «жиһадшылары» ИМ-ге адал болуға ант берді


Интернетке Әбу Хафса әл-Узбеки және Әбу Саад әл-Узбеки атты екі өзбектің атынан жарияланған «Сапқа қосыл!» видеосынан алынған скриншот.
Интернетке Әбу Хафса әл-Узбеки және Әбу Саад әл-Узбеки атты екі өзбектің атынан жарияланған «Сапқа қосыл!» видеосынан алынған скриншот.

Сирияда соғысып жатқан Орталық Азия содырлары «Ислам мемлекеті» экстремистеріне қосылды. Көбі - «Катибат әл-Имам Бухари» тобының өзбек сарбаздары. Олар ИМ-ге адал болуға ант берді.

ИМ-нің әлеуметтік желідегі аккаунттары қазанның 30-ы күні осы экстремистік ұйымның лидері Әбу Бакр әл-Бағдадиге адал боламыз деп ант бергенін хабарлап, «Катибат әл-Имам Бухари» тобының видеосын жариялады.

Аккаунт иелері бұл қарулы топтың ИМ-ге қосылғанын айтады. Бірақ Сириядағы орталықазиялық содырлардың барлығы ИМ-ге өтті ме, әлде кейбірі ғана қосылды ма – әзірге белгісіз.

Интернетке қазанның 29-ы күні шыққан видео «Сапқа қосыл!» деп аталады. Ол Әбу Хафса әл-Узбеки және Әбу Саад әл-Узбеки атты екі өзбектің атынан жарияланған. Содырлар өздерін «Мәуереннахр жеріненбіз» деп таныстырады. Бұл жердің аты тарихта «Окс өзенінің ар жағы» деген атаумен де белгілі. Орта ғасырларда Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстанның және Қырғызстанның оңтүстік аймақтары Мәуереннахр деп аталған. Видеоның қашан түсірілгені белгісіз.

«Катибат әл-Имам Бухари» содырлары «Әл-Қаидаға» қатысы бар «Жабхат әл-Нусра» тобымен әрі шешендер басқаратын екі ұйым – Сейфуллах Шишанидің «Жамағаты» («Жабхат әл-Нурсаның» бір бөлігі) және «Жейш-әл-Мухаджирин уәл-Ансар» ұйымымен (Кавказдың солтүстігінен шыққан «Кавказ Әмірлігі» экстремистік тобымен байланысы бар) бірігіп, Сирияның Алеппо провинциясында соғысып жатыр.

Топ содырлары интернет пен әлеуметтік желілерде Сириядағы әскери әрекеттерін көрсететін видеоларын жариялап тұрады. Оның ішінде Алеппо провинциясындағы экстремистердің оқу-жаттығу лагерінің де видеолары бар. Топ 9-ғасырда өмір сүрген өзбек ғалымы Мұхаммед әл-Бұхаридің есімімен аталады.

Осы айдың басында жарияланған видеода «Катибат әл-Имам Бухари» содырларының Алеппо қаласының солтүстігіне қарай орналасқан Хандарат ауданында Сирия үкіметі әскері мен үкіметшіл жасақтарға қарсы соғысып жүргені көрсетілген. «Жабхат әл-Нусра» мен батысшыл «Еркін Сирия армиясы» фракциясы да (Харакат Хазм) Хандараттағы соғысқа қатысып жатыр.

Бірақ «Катибат әл-Имам Бухари» содырларының ИМ-ге неге басы бүтін (өз ұйымдарын таратып - ред.) қосылмайтындары белгісіз. Топтың өз ішінде идеологияға немесе Сирия мен Ирактағы әрекеттерге қатысты пікір қайшылығы туындауы мүмкін. Кейінгі аптада Сирия үкіметі әскері әсіредіншіл содырларды қысымға алып, Хандараттан ығыстырды (оның ішінде «Катибат әл-Имам Бухари» содырлары да бар). Содырлардың біразы қаза тапқаны туралы да ақпараттар бар.

«Катибат әл-Имам Бухари» содырлары ИМ-ге қосылған алғашқы өзбек немесе Орталық Азия жауынгерлері емес. Алеппо мен Хомста соғысқан, негізінен өзбектерден тұратын «Жамағат Сабри» де ИМ-нің бір бөлігі. Олар наурыз айында экстремистік топ пен оның Сириядағы қолбасшысы Умар Шишаниге адал боламыз деп ант берді.

Орталық Азия елдері экстремистік топтардың әрекеті мен үндеулеріне алаңдап отыр. «Катибат әл-Имам Бухари» содырларының ИМ-ге адал болуға ант беруі де бұл қауіпті ұлғайта түспек.

Мәселен, Қырғызстан үкіметі мен қауіпсіздік күштері, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар ел азаматтарының, соның ішінде әйел адамдардың Сириядағы соғысқа аттанып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

(Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG