Сирия мен Иракта шетелдіктерден тек Орталық Азиядан барғандар ғана соғысып жүрген жоқ. Бірнеше арабтекті британдық пен австралиялық маусым айында интернетте видео жариялап, отандастарын өздерімен бірге «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» ұйымы жағында соғысуға шақырды. Бұл видео көп сөз болды. Австралия билігі содырлардың елге оралмауына күш салатынын мәлімдеді. АҚШ президенті Барак Обама оқиғаға «қатты алаңдайтынын» айтты.
Соғысқа Қазақстаннан барған исламистер де қатысып жүргені ақпарат құралдарында аз жазылмайды.
Туыстары «Сириядағы лаңкестікке қатысқан» бірнеше адамның Қазақстанда сотталғаны ол жақта жүрген жақындарын елге қайтудан айнытқандарын айтады.
«ШАҒЫМЫМЫЗ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫ»
Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласының тұрғыны Айнагүл Асқарова (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) – Сирияға «жиһадқа кеткен» баласын қайтара алмай жүрген ата-аналардың бірі. Ол Сириядағы баласын іздеген бір топ ата-ананың арыз-шағымы қараусыз қалғанын айтады.
Айнагүл Асқарованың сөзінше, шетелдердегі қақтығыстарға қатысқан азаматтарды жазаға тарту жөнінде Қазақстан қылмыстық кодексіне
енгізілген жаңа бап биліктің Сирияға түрлі жолмен кеткен азаматтарын қайтаруға ықылассыз екенін көрсетеді.
– Балаларымызды қайтаруға әрекет жасаудың орнына қайтып келсе жазаға тартқысы келетінін аңғартып отыр. Қазақстанның басқа өңірлерінің «Сириядан оралды» деген екі азаматы таяуда сотталғанын көрдік. Ол хабар Сириядағы балаларымыздың құлағына жетпейді емес, жетеді, – дейді дін жолында жүрген баласының жақындарына ештеңе демей шетелге кетіп қалғанын айтқан Айнагүл Асқарова.
Ол Сәтбаев қаласындағы өзі сияқты балаларын қайтара алмай жүрген бірнеше ата-анамен бірге «Қазақстан президенті Назарбаевқа дейін хат жолдап, жауап ала алмағандарына» шағымданды.
2013 жылы қазан айында Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына және Кеңгір ауылына барған Азаттық тілшісі «Сирияға жиһадқа кеткен қазақ жастары»
туралы интернетте жарияланған видео кейіпкерлерінің кейбірінің туған-туыстарымен, басқа да таныстарымен жолыққан еді.
Жезқазған мен Сәтбаев қаласы тұрғындарының айтуынша, видеода көрінбеген, бірақ «Сирияда жүрген» жастар одан да көп. Азаттық тілшісімен сөйлескен адамдар «үкімет біреулердің арбауына түсіп қалған балаларымызды қалай да елге қайтарса екен» деген өтініш білдірген. Арасында құзырлы орындардан күдер үзіп, енді кімге шағынарын білмей отырған Айнагүл Асқарова тәрізді ата-аналар да бар болатын.
«ОЛАРДЫ УАҒЫЗБЕН ТӘРБИЕЛЕГЕН АБЗАЛ»
Жезқазған қаласы орталық мешітінің наиб-имамы Айтжан Аққошқаров «Сирияға жиһадқа кетті» делінетін азаматтардың Қазақстанға оралғанын естімегенін айтады.
– Орала қалса бірден қылмыстық жазаға тартудан нәтиже шыға қоятынына күмәнім бар. Оларды діни уағызбен тәрбиелеген абзал, – дейді имам.
Жезқазған қаласындағы оқу орындарының бірін биыл бітірген, өзін «дәстүрлі ислам жолында жүрмін» деп санайтын Азат Қосбармақов «Сирияға кеткендердің арасында дүрмекке ілескендері де бар» екенін айтады.
«Сириядағы жиһадшы қазақстандықтар» жайлы соны дерек сұрап, дін істері жөніндегі агенттікке хабарласқанымызда агенттік төрағасының кеңесшісі Алмат Ерденұлы сауалымызға жауап бермеді.
Сирияға Қазақстаннан барған «жиһадшылар» туралы алғашқы хабар 2013 жылы қазанда интернетте жарияланған видео арқылы тараған. Видеода
Ирак пен Сириядағы саяси режимдерге қарсы соғысушы «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» атты ұйымның белгісі бар ту ұстаған адамдар өздерінің «жиһадшы қазақстандықтар» екенін, әйел-балаларымен бірге «Сирия жерінде жүргенін» баяндаған. Азаттық тілшілері журналистік зерттеулер барысында видеодағы кейбір адамдардың аты-жөнін анықтаған.
«Сириядағы жиһадшылар» жайы Қазақстандағы ақпарат құралдарында көп жазылып, жұрт арасында қызу талқыланған. Бірер айдан соң, 2014 жылы сәуірде Қазақстан қылмыстық кодексінің 162-бабының 1-тармағы: «Қазақстан Республикасы азаматының жалдамалылық белгілері болмаған кезде шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе әскери әрекеттерге қасақана құқыққа сыйымсыз қатысуы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп өзгертілді.
Заңға бұл өзгеріс енген соң бір айдан кейін, мамырдың 27-сінде Алматы қаласының Алмалы аудандық соты жергілікті тұрғын Камиль Абдулинді
«Сириядағы террористік топтың қызметіне араласып, қарулы жиһадқа қатысқаны үшін» жеті жарым жылға соттады. Бұған дейін Екібастұз қаласының екі тұрғыны «Сириядағы соғыста лаңкестік топ ісіне қатысқан» және «лаңкестікті насихаттаған» деген айыптармен жеті жылға бас еріктерінен айырылып, мүліктері тәркіленген еді. «Лаңкестік ұйымды қаржыландырды және оған көмектесті» деп айыпталған тағы екі адам екі жылға шартты мерзімге сотталған.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ӨЗГЕ ЕЛДЕРІНЕН КЕТКЕНДЕР
Сирия не Ирактағы исламшыл содырлар қатарына өзбекстандықтардың қосылуы мүлдем мүмкін еместей көрінеді. Бір жағынан мұнда Өзбекстаннан кеткендердің «жиһадшылар» жағында соғысып жүргені туралы ресми мәлімдеме жоқ. Оған қоса мұнда сәл күдікке ілінсе, рекрутты ғана емес, оның отбасын да жазалайды.
Бірақ исламшыл содырлар қатарына қосылғысы келетін адамдарды бұл тоқтатпайтын сияқты. Ондай еріктілер өзбекстандықтардан виза сұрамайтын Ресей не Түркия арқылы өте алады. Ресейде тұратын өзбек
белсендісі Бахром Хамроев Өзбекстаннан Ресейге заңды жолмен келіп, бірнеше айдан кейін Сириядан бір-ақ шыққан кемінде он өзбекстандық туралы білетінін айтты. Хамроевтың Азаттыққа айтуынша, олардың кейбірі отбасыларымен бірге кеткен.
– Визасыз режимнің арқасында олар Ресейге заңды жолмен келіп, одан кейін жасырын шақырушылар орталықтарын іздей бастайды. Олардың кейбірімен кездесіп, неге бұлай ететіндерін сұрағанымда: «Яшлық» түрмесінде азаппен өлгенше Сириядағы жиһадта шаһид болғымыз келеді» деп жауап берді, – дейді Бахром Хамроев.
Өзбекстандағы «Яшлық» түрмесі қатыгез жағдайымен әйгілі. Ол түрмеде ел билігі «экстремист» не «террорист» деп білетін ислам азшылығы өкілдері отыр.
Сирия мен Иракта Өзбекстанның қанша азаматы соғысып жүргені анық емес. Түрік белсендісі Адам Селиктің сөзінше, Башар Асад билігіне қарсы соғысып жатқан сириялық исламшылдар қатарында Өзбекстанның 700-ден 3000-ға дейінгі азаматы бар.
Өзбекстаннан өзгешелігі сол, Тәжікстанда лауазымды ресми тұлғалар «Сириядағы жиһадистерді» жасырмайды. Ресми Душанбе Сирияда үкіметке қарсы исламшылдар жағында Тәжікстанның 200 азаматы соғысып жүргенін мәлімдеді. Олардың кемінде бесеуі қайтыс болған, алтауы отандарына оралған соң тұтқындалған.
Жуықта Соғды облысы прокуроры Сирия бүлікшілері жағында соғысып жүрген тәжік азаматтары елге оралса амнистияға ілігетінін мәлімдеді. Бірақ ол азаматтар ауыр қылмыс жасаған не экстремистік ұйымға мүше болған адамдар болмауы керек деген шарт қойылды. Тәжік билігі амнистияға іліккен азаматтардың «бейбіт өмірге оралуына көмектесетіндеріне» уәде етті.
Мақалаға Азаттықтың Өзбек және Тәжік редакциясы материалдары да пайдаланылды.