Accessibility links

"Атамбаев басшылықтан кетсе де саясаттан кетпейді"


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев баспасөз мәслихатында. Чолпон-Ата, 24 шілде 2017 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев баспасөз мәслихатында. Чолпон-Ата, 24 шілде 2017 жыл.

Бірнеше айдан кейін өкілеттігі аяқталатын Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың алты жылдық билігі несімен есте қалды?

Қырғызстанда 2010 жылы қабылданған конституция бойынша, президент алты жылдық бір-ақ мерзімге сайланады. Осы конституциядан кейін сайланған президент Алмазбек Атамбаевтың өкілеті желтоқсан айында аяқталады. Ол 2011 жылы сайлауға президенттікке үміткер болуға тілек білдіріп тіркелген 80 адамның ішінен іріктеліп шыққан 20 кандидаттың бірі болған еді. Сол жылы 30 қазанда өткен сайлауда 62,52 пайыз дауыс жинаған Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті болып сайланды. Кірісін жариялауы тәрізді Орталық Азиядағы әдеттен тыс әрекетіне қарамастан, оның кадрлық саясаты, аймақтағы өзге елдерден қалмай конституциялық реформа өткізуі және оның тұсындағы белсенділер, журналистер мен оппозициялық саясаткерлердің қудалануы жиі сыналады. Орталық Азияда заңды мерзімі аяқталған соң өз еркімен биліктен кетіп бара жатқан алғашқы саясаткер Алмазбек Атамбаев басқарған кездегі Қырғызстанның бағыт-бағдары, аймақ елдерімен қатынасы жайлы Азаттық Демократияны дамыту жөніндегі Орталық Азия қорының бас директоры Толғанай Үмбетәлиевадан сұхбат алды.

Азаттық: - Алмазбек Атамбаевтың президенттік дәуірі Орталық Азия елдері үшін несімен есте қалды деп ойлайсыз? Орталық Азияның өзге елдері үшін Алмазбек Атамбаев кім? Атамбаевтың Қырғызстан - Орталық Азия қатынасындағы орны қандай болды? Белгілі бір ілгерілеушілік немесе керісінше сипаттарды байқадыңыз?

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.

Толғанай Үмбетәлиева: - Президент Алмазбек Атамбаевтың Орталық Азияның өзге елдеріне ықпалы жайлы айту қиындау. Өйткені ол өзі басқарған тұста сыртқы саясатта Орталық Азияға басымдық берген емес. Атамбаев негізінен елдің ішкі ісінде белсенді болып, бұрынғы президент Құрманбек Бәкиевтің қатесін ескеріп, Мәскеумен байланысты реттеуге тырысқаны байқалады. Атамбаев аймақ елдерінің президенттерінің барлығымен дерлік бейтарап қатынаста болды, ерекше симпатиясын білдірген емес.

Дегенмен Қазақстан оның назарында болғанын байқауға болды. Өйткені, Орталық Азия президенттері үшін дәстүрлі емес жағдайда ол жиі-жиі Қазақстан туралы айтып отырды. Бәлкім, бұл белгілі бір дәрежеде Атамбаевтың аймақтағы өзге президенттермен салыстырғанда постсоветтік толқындағы саясаткер болғандығымен де байланысты шығар. Мұның сыртында ол билікке келгенде оппозиция өкілі болатын. Сондықтан да оның саяси көзқарасы Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан президенттері көзқарасымен салыстырғанда айырмашылыққа ие болды.

Атамбаев аймақ елдерімен көбірек дипломатиялық деңгейдегі байланысты сақтауға тырысты. Алайда бұл аралықта Атамбаев Ресеймен қатынаста ондағы қырғыз мигранттарының құқығын қорғауға баса назар аударды.

Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы Токмок өткізу бекеті. 23 наурыз 2017 жыл.
Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы Токмок өткізу бекеті. 23 наурыз 2017 жыл.

Азаттық: - Президент Атамбаевтың билігі кезінде Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына мүшелікке өтті. Бұдан кім не ұтты? Бішкек пе, әлде одақтың басқа мүшелері ме? Оның қарапайым халыққа әсері қандай болды?

Толғанай Үмбетәлиева: - Одақтың толықтай жұмыс істемей отырғанын ескергенде оның экономикалық пайдасы туралы да айтуға әлі ерте. Дегенмен Ресейдің Қырғызстан қарызын кешіруі Бішкектің негізгі олжасы болар. Атамбаев одаққа кіргелі Ресейдегі қырғыз мигранттарына қатынас өзгерді дегенді идея ретінде көрсетуге тырысқанымен, бұл тұжырымның да күмәнді жақтары басым.

Қырғызстанның кейбір мамандарының айтуынша, ресми органдардың оптимистік мәлімдемелеріне қарамастан жағдай керемет бір оңалып кеткен жоқ. Сөз жоқ, еңбек мигранттары үшін өздерін қорғай алатын мәртебе пайда болды. Алайда, бұл әзірге қағаз жүзінде қалып отыр. Гастербайтерлердің шынайы өмірінде алып бара жатқандай өзгеріс байқалмады.

Оның үстіне Қырғызстанның Еуразия экономикалық одағына кіруі энергоресурстар бағасының төмендеуі салдарынан Ресей мен Қазақстанның қиындықтарды өткеріп жатқан кезімен тұспа-тұс келді. Бұл Бішкектің одаққа қосылуының алғашқы нәтижесін бағамдауға кедергі болып отыр. Тек Қырғызстан ғана емес, одақтағы өзге елдер де бұл ұйымның нәтижесін тұщынып үлгермеген сияқты. Қайта Қырғызстанда Ресейден келетін қаржы аударымдары көлемінің төмендеп кеткені байқалып отыр. Бірақ бұл мұнай бағасының төмендеуі және Батыс санкциясы салдарынан туындаған Ресейдегі экономикалық дағдарыспен байланысты болса керек.

"Дордой" базарында жүк тасып бара жатқан адам. Қырғызстан, 11 ақпан 2014 жыл.
"Дордой" базарында жүк тасып бара жатқан адам. Қырғызстан, 11 ақпан 2014 жыл.

Азаттық: - Қырғызстан Атамбаев тұсында Ресеймен арада гидрообъектілерді салу келісімін денонсация жасағаны белгілі. Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев құрылыстан ресейлік компанияның өзі бас тартты десе, компания оны жоққа шығарумен келеді. Бұл мәселе Бішкек – Мәскеу қатынасына қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?

Толғанай Үмбетәлиева: - Менің байқауымша, Қырғызстандағы гидроэнергетикалық жобалар Ресей бизнесінің соншалықты бір қызығушылығын тудырған емес. Бұрынырақта осыған қатысты қол қойылған келісімдердің саяси қыры басым болды. Кремль бұл жобаларды экономикалық тұрғыдан гөрі геосаяси жағынан көбірек қарастырады. Бірақ Ресейдегі экономикалық жағдайдың күшін ескергенде, Мәскеу бұрын мойнына алған міндеттерін орындауға қиналатыны анық. Жаңылмасам, Мәскеу осы жобалар бойынша Қытай компанияларымен бәсекелесіп, Пекинге жол бермеуді маңызды деп таныған болатын. Ал Бішкек үшін кімнің инвестиция құятыны маңызды емес еді.

Келісімдердің бұзылуы – экономикалық шешім. Сондықтан бұл Қырғызстан-Ресей байланысының нашарлауына себеп болады деп ойламаймын. Қазір Мәскеуде шынымен де артық қаржы жоқ, ал гидроэнергетика ауқымды шығынды қажет етеді.

Азаттық: - 2010 жылы Қырғызстанда саясаткерлер конституцияны 2020 жылға дейін өзгертпеуге келіскен еді. Алайда сөзінен айни беретіндігімен есте қалған Атамбаев кезінде елде конституциялық реформа жүргізілді. Енді оның болашағы қандай болуы мүмкін?

Толғанай Үмбетәлиева: - Оның бұл позициясы, бір жағынан елдің ішкі жағдайымен, саяси күштер арасындағы ішкі саяси қыртысымен байланысты болса керек. Екінші жағынан, бұл оның саяси салмағы мен саяси ресурсқа ие екендігін, саяси оппоненттерімен келісіп, мақсатына жете алатындығын танытып, қыр көрсетіп отырғандығын байқатады. Ел саяси жүйе орнығу кезеңін өткеріп жатыр, саяси институттар тұрақсыз, саяси ережелер де енді қалыптасып келеді. Сондықтан президентке түрлі жүрістер жасауға тура келді. Алайда кейбір жағдайда оның әрекеті түсіністіктен гөрі сұрақтар туындатып жатты.

Бірақ Алмазбек Атамбаев өзінің президенттігі кезеңінде елдегі жағдайды салыстырмалы түрде тұрақтылықта ұстай алды. Ал реформалардың болашағы ретінде мен заң шеңберінде саяси басшының ауысуын оңды саяси үрдістің түйіні бола алады деген болар едім. Өйткені билік белгілі бір әулетке байланбай, революциялар мен төңкерістерсіз-ақ саяси институт – сайлау арқылы ауысатын болады. Оның нәтижесін де болжауға келмейді. Бұл Орталық Азияның саяси өміріндегі жаңа элемент болып отыр.

Азаттық: - Президент Атамбаев алдыңғы аптадағы баспасөз мәслихатында президенттікке кандидаттар жайлы да айтып қалды. Жергілікті сарапшылардың ішінде Атамбаевтың айтқанын үгіт-насихат ретінде бағалап жатқандар да бар. Жалпы, кетер президенттің келер президент туралы айтқаны нені білдіреді?

Толғанай Үмбетәлиева: - Алмазбек Атамбаев елдің жоғары басшылығынан кетсе де саясаттан кетпейді. Сондықтан ол ендігіде саяси жағдайға ықпалын сақтап, саяси алаңда өзінің белгілі бір орнын иеленіп қалуға ұмтылады. Осы қырынан келгенде, Атамбаевтың баспасөз мәслихатында болашақ президент болуы мүмкін саясаткерлер туралы айтқанын сайлаушылар пікіріне әсер етумен бірге сайлаудан кейінгі саяси конфигурацияға ықпал етуге талпынысы ретінде де қарастыруға болады. Өйткені президенттікке кандидаттар тек саяси басшылыққа жету үшін ғана емес, сонымен бірге болашақ саяси капитал үшін де жұмыс істейді ғой. Сондықтан Алмазбек Атамбаев өзінің президенттік мерзімінің соңында саяси оппоненттердің позициясына да ықпал етуге тырысып отыр.

Президент Атамбаевтың баспасөз-мәслихатында айтқандары:

Атамбаевтың мәлімдемелері
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:12 0:00

Азаттық: - Қырғызстандағы қазіргі саяси мәдениетке қандай баға бересіз?

Толғанай Үмбетәлиева: - Елде саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін демократиялық сипаттағы саяси ережелер қалыптасып келеді. Әрине, идеалға жетуге әлі алыс болар. Бірақ саяси элита мен негізгі саяси ойыншылар демократияның құралдарын пайдаланып күресуге, пікір таластырып, қатынас қалыптастыруға үйреніп жатыр. Бәлкім, бәрі де бірден жақсы, керемет болып кетпеген шығар, дегенмен әртүрлі үлгідегі алғашқы қадамдардың өзі осы кезеңге тән болып келеді. Жоқ дегенде, Қырғызстан саяси элитасы қателікке ұрынудан да қорықпай, сөзбен емес, ісімен демократия жасауды қалайтынын көрсетіп отыр.

Азаттық: - 2011 жылы 1 желтоқсанда Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның төртінші президенті ретінде қызметіне кірісті. Сол жылы, сол күні Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың президент болып сайланғанына бақандай 20 жыл толды. Және Қазақстан президенті Атамбаевтың инаугурациясына да қатыспай, премьер-министрін жіберді. Елден қуылған кезде Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бәкиев Қазақстан арқылы кеткен еді. Ал Атамбаев биыл ақпан айында Euronews арнасына берген сұхбатында 2010 жылы Қазақстаннның Қырғызстанға блокада жасағанын айтып, соңынан Астана Бішкектен түсінік беруін талап еткен. Жалпы, Атамбаев дәуірінде Қырғызстан Қазақстанға қандай көрші болды? Қазақстан Атамбаев билікке келгенде не күтіп еді және сол күткені ақталды ма?

Толғанай Үмбетәлиева: - Менің ойымша, Алмазбек Атамбаев Қазақстан саясатына қатысты ашық айтқан саясаткер болды. Оған дейін іс барысында бір-біріне наразы болса да, Орталық Азия елдерімен қатынас ресми және сырттай ғана оңды сипатқа ие болып келгендей көрінетін. Бәлкім, Атамбаев өзінің Қазақстан туралы пікірлерін әрдайым дипломатиялық тұрғыда жеткізбеген де шығар, алайда сәл де болса ашықтық пайда болды ғой.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевты "Достық" орденімен марапаттап тұр. Астана, 7 қараша 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевты "Достық" орденімен марапаттап тұр. Астана, 7 қараша 2014 жыл.

Егер біз байланысты ресми-демонстративті деңгейден ашық дәрежеге көтере алсақ, Орталық Азиядағы байланыстың болашағынан тек қана оңды жағдайларды байқауға болады. Қордаланған мәселелерді де ашық талқылай алған болар едік те, бұндай қатынас шынайы интеграцияның қалыптасуына жетелер еді. Аймақта жетекші орынға ұмтылып жүрген Қазақстанның өз ішінде де Астананың Қырғызстанмен арадағы шекараны жапқанды құптамайтындар баршылық.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рақмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG