Accessibility links

Қырғызстан ГЭС салуға қайтадан Ресейден көмек сұрамақшы


Жоғарғы Нарын су электр станциясы құрылысы басында отырған жұмысшылар. 16 қазан 2014 жыл.
Жоғарғы Нарын су электр станциясы құрылысы басында отырған жұмысшылар. 16 қазан 2014 жыл.

Қырғызстан су электр станциясын салу жөнінде Ресеймен арада жасалған келісімнен бас тартқаннан кейін екі жыл өткенде Бішкек пен Мәскеудің гидроэлектр станциясын салу мәселесіне қайтып оралуы мүмкін екені айтыла бастады.

2016 жылғы қаңтарда Қырғызстан "Қамбар-Ата-1" су электр станциясы мен Нарын өзенінің жоғарғы сағасынан тағы төрт шағын электр станцияларын салу жөніндегі Ресеймен арадағы келісімнің күшін жойған кезде елдің сол кездегі премьер-министрі Темір Сариев "Жаңа инвестор тартуды ойластырамыз. Инвесторлар жетіп-артылады" деген еді.

2017 жылғы шілдеде жаңа инвестор - чехиялық Liglass компаниясы табылғандай болған. Алайда, бұл компанияның су электр станциясын салатын тәжірибесі де, ақшасы да жоқ болып шықты. Сөйтіп, бұл келісім тоқтап қалды.

Желтоқсанның 15-і күні Бішкекте өткен Ресей-Қырғызстан үкіметаралық комиссиясының отырысында Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Толқынбек Абдыгулов Қырғызстан мен Ресейдің су электр станциясын салу мәселесіне қайтып оралуы мүмкін екені туралы мәлімдеді.

Бішкекте журналистердің сауалдарына жауап берген Ресей премьер-министрінің орынбасары Аркадий Дворкович: "Біз бірнеше жобаны бастағанбыз, бірақ бастапқы кезеңде олар дұрыс шықпады. Дегенмен, бұл - тақырып жабылды деген сөз емес" деді.

Дворкович Орталық Азиядан тысқары аймақта Қырғызстанның электр энергиясын экспорттайтын нарық болса, Ресей жағы "бұл жобаларды қайта қолға алуы мүмкін" екенін жоққа шығармады.

Дворкович пен Абдыгулов үкіметаралық комиссияның 2018 жылғы отырысында су электр станциясының құрылысы жобасы тағы да талқыға түсуі мүмкін екенін айтты.

Қырғызстанның Нарын облысындағы Ат-Башы ГЭС-і. (Көрнекі сурет.)
Қырғызстанның Нарын облысындағы Ат-Башы ГЭС-і. (Көрнекі сурет.)

"Қамбар-Ата-1" мен Нарын өзенінің жоғарғы сағасында СЭС салу мәселесін Ресей мен Қырғызстан көп жылдан бері талқылап келеді.

2004 жылғы қазанда, Қырғызстанды президент Асқар Ақаев басқарып тұрған кезде қырғыз премьер-министр Николай Танаев Ресейдің "Біріккен энергия жүйесі" компаниясының "Қамбар-Ата-1" су электр станциясын салуға ынталы екенін айтқан. Бірақ арада көп өтпестен, 2005 жылғы наурызда қызғалдық революциясы нәтижесінде Ақаев орнынан кетті.

2009 жылы Қырғызстанның сол кездегі президенті Құрманбек Бакиев Ресейден 2 миллиард доллар несие алатынын айтқан. Бұл соманың 1,7 миллиарды Ресейдің "Бірыңғай энергия жүйесі" және "РосГидро" компанияларына Қырғызстанда су электр станцияларын тұрғызуға төленуі тиіс болған.

Алайда, көп ұзамай Кремль Қырғызстанға алғашқы траншпен жіберілген "450 миллион доллардың бір бөлігі ұрланған" деп мәлімдеді. 2010 жылы сәуірде Қырғызстанда халық шеруге шығып, Бакиевті биліктен қуды. Оны кетіруде Ресейдің "жұмсақ күші" рөл ойнаған деген пікір бар.

2012 жылғы қыркүйекте Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев "Қамбар-Ата-1" және Жоғарғы Нарындағы каскадты жобаны тұрғызу жөнінде Ресеймен жаңа жобаға қол қойды. Бірақ дәл осы кезде Ресейде экономикалық дағдарыс басталған еді.

Қырғызстандағы Нарын өзені.
Қырғызстандағы Нарын өзені.

Қырғыз жобасына онша қызыға қоймаған "Біріккен энергия жүйесі" де, "Росгидро" да дағдарыс салдарынан СЭС құрылысын қаржыландыра алмай қалды. Сөйтіп, 2016 жылғы қаңтарда Қырғызстан Ресеймен жасалған әлгі келісімнің күшін жойды.

Арада екі жыл өткенде Қырғызстан мен Ресейдің ресми өкілдері су электр станциясы жобасын қайта талқылай бастады. Қырғызстанның биыл жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков Ресеймен "Қамбар-Ата-1" және каскадты жобалар құрылысын талқыға салатын Қырғызстанның кезекті басшысы болмақ.

"Қамбар-Ата-1" - өте үлкен жоба, ол аяқталған соң бұл СЭС 2 мың МВт электр энергиясын өндіреді деп болжанған. Бірақ оны салуға 3 миллиард АҚШ доллары қажет.

Қырғызстанның мұндай жобаны өз күшімен қаржыландыратын мүмкіндігі жоқ.

"Қамбар-Ата-1" су электр станциясы құрылысын салмақ болған жердегі "РусГидро" деген жазу. Қырғызстан, 15 шілде 2013 жыл.
"Қамбар-Ата-1" су электр станциясы құрылысын салмақ болған жердегі "РусГидро" деген жазу. Қырғызстан, 15 шілде 2013 жыл.

Нарын каскадты жобасы төрт шағын электр станциясын салуды көздейді. "Ақбулун" - 87,4 МВт, "Нарын" - 47,7 МВт, "Нарын-2" - 47,6 МВт және "Нарын-3" - 55 МВт электр энергиясын өндіруді көздейді.

Қырғыз үкіметінің 2014 жылғы инвесторларға арнап жасаған презентациясы бойынша жобаның жалпы құны 727,65 миллион доллар деп бағаланған.

Азаттық радиосының Қырғыз қызметі су электр станциясы жобаларынан хабары бар бірнеше адаммен сұхбаттасқан.

Қырғызстанның бұрынғы Энергетика министрі Осмонбек Артықбаев та, энергетика бойынша сарапшы Райымбек Мамыров та бұл жобалармен ресейлік компаниялар жұмысты бастап қойғандықтан, істі солармен әрі қарай жалғастырған дұрыс деп санайды.

Ресей компанияларымен жұмыс қайта қолға алынған жағдайда СЭС құрылысына ресейліктер жұмсаған 37 миллион доллар қарызды қайтару мәселесі де кейінге қалдырылуы ықтимал.

Жоғарғы Нарын су электр станциясы құрылысы басындағы арнайы техника. Қырғызстан, қазан, 2014 жыл.
Жоғарғы Нарын су электр станциясы құрылысы басындағы арнайы техника. Қырғызстан, қазан, 2014 жыл.

Бұл жолы СЭС жобалары шынымен жүзеге асып қалар деп үміттенуге Қырғызстанмен көрші Өзбекстанның бұған дейін ұстанымының өзгеруі де негіз болып отыр. Ол елдің алғашқы президенті Ислам Каримовтың кезінде Өзбекстан бұл жобаға қарсы болатын, ал қазіргі басшылықтың бұл мәселеге қатысты көзқарасы өзгерді.

Каримов қайтыс болған соң Өзбекстан президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев қыркүйекте Бішкекке барған сапарында Өзбекстанның "Қамбар-Ата-1" жобасына қарсы емес екенін, тіпті оған қатысу мүмкіндігін қарастыратынын айтқан.

Бұрын Ислам Каримов өзендердің жоғарғы сағасына су электр станциясын салу су көлемін азайтады деп, Қырғызстан мен Тәжікстанға салқын қабақ танытып келген еді.

Дегенмен, Дворковичтің "Қырғызстан Орталық Азиядан басқа нарықтарды да қарастырып көруі керек" деген пікірі "Бірыңғай энергия жүйесі" мен "РосГидро" компанияларын Қырғызстанға келуден айнытуы ықтимал.

CASA-1000 немесе Орталық Азия - Оңтүстік Азия жобасы бойынша Қырғызстан мен Тәжікстанның су электр станцияларында өндірілген энергияны Ауғанстан мен Пәкістанға экспорттау жоспарланған. Бірақ ол үшін су электр станциялары кемінде 1 мың МВт қуат өндіретіндей болуы керек. Бұл Ресейді қызықтыруға жеткіліксіз.

Жаңа заман тарихынан сабақ алсақ, Ресейдің көмегінсіз қырғыз су электр стансаларының салына қоюы екіталай.

Ескерту: Блог авторының көзқарасымен редакцияның ұстанымы сәйкес келмеуі мүмкін.

XS
SM
MD
LG