Accessibility links

Қырғызстанда ГЭС салатын чех компаниясы күмәнге ілікті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Чех басылымдары Қырғызстанда ГЭС салу туралы тендерді ұтқан Liglass Trading CZ s.r.o. компаниясының қаржы жағдайына күмән келтіріп отыр. Компания құрылыс жобалап, салу және қаржыландыру тәжірибесі барын айтады.

LTD CZ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қырғызстанның Жоғарғы Нарын ГЭС каскады мен тағы он шағын су электр станциясын салу туралы тендерді ұтып алған чехиялық Liglass Trading CZ (LTD CZ) жекеменшік компаниясы шілденің 18-і күні әлем бойынша жасыл энергияға қатысты жобаларға қатысқаны, Чехияда салық төлейтіні және сол елдегі Liglass компаниясымен мүліктік немесе жеке байланысы жоқ екені туралы мәлімдеме таратты.

Онда компания ГЭС құрылысын жобалау және салу қызметімен айналысатын, әсіресе Орталық Азияда танымал GIDEPINVEST фирмасымен бірлесіп Қырғызстанда соңғы бір жарым жылдың көлемінде жұмыс істеп жатқанын, энергетикалық жобаларды қаржыландыру бойынша Green Capital және Pantheon сынды серіктес компаниялармен бірге тәжірибе жинақтағаны туралы айтқан.

LTD CZ компаниясын мұндай мәлімдеме жасауға Чехияның бірқатар басылымында компанияның қаржы жағдайы мен Қырғызстанда ГЭС құрылысы сала алатындығына күмән білдірген мақалалардың жарық көруі себеп болған еді.

Бұған дейін Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбатында Liglass Trading CZ компаниясының өкілі Йиржи Войтеховски Қырғызстан үкіметі мен компания арасында қол қойылған келісім бойынша, компания жобаға шамамен 500 миллион долларды құюға әзір екені туралы мәлімдеген. Ол компания басшылығы шілденің 26-ы күні Бішкекте баспасөз мәслихатын өткізетіні туралы хабарлады.

ҚЫРҒЫЗ ҮКІМЕТІМЕН КЕЛІСІМ

Шілденің 10-ы күні Бішкекте Қырғызстанның Жоғарғы Нарын ГЭС каскады мен тағы он шағын су электр станциясын салу туралы келісімге Қырғызстан өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану мемлекеттік комитеті төрағасы Дүйшенбек Зилалиев пен Чехияның Liglass Trading CZ жекеменшік компаниясы директоры Михаель Смелик қол қойған

Келісім бойынша, чех компаниясы Жоғарғы Нарын каскадындағы Ақбұлақ және Нарын су электр станцияларын, сонымен бірге тағы он шағын ГЭС салу туралы міндеттеме алды. "Жоғарғы Нарын су электр станциясы" жабық акционерлік қоғамы (ЖАҚ) жарғылық капиталының Ресейге тиесілі үлесі – акцияларының 50 пайызын чех компаниясына аудару процедурасын бастау үшін Liglass Trading CZ 37 миллион доллар құяды деп хабарланды.

Келісім қырғыз үкіметі мен жекеменщік компания арасында жасалғандықтан ол Қырғызстан парламентінің ратификациялауын қажетсінбейді және құжатта жобаны іске асыруға қатысты барлық даулы мәселелер Қырғызстанда жергілікті заңдар негізінде қаралып, шешілетіні туралы бап бар.

Қырғызстан өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану мемлекеттік комитеті төрағасы Дуйшенбек Зилалиев (солдан оңға), Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев және чехиялық Liglass Trading компаниясы басшысы Михаель Смелик келісімге қол қою рәсімі кезінде. Бішкек, 10 шілде 2017 жыл.
Қырғызстан өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану мемлекеттік комитеті төрағасы Дуйшенбек Зилалиев (солдан оңға), Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев және чехиялық Liglass Trading компаниясы басшысы Михаель Смелик келісімге қол қою рәсімі кезінде. Бішкек, 10 шілде 2017 жыл.

Қол қою рәсіміне қатысқан Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев "Еуропадан жекеменшік ірі инвесторлардың келуі - әлемнің басқа инвесторларына Қырғызстанның бизнес жүргізуге және өзара тиімді бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қажетті барлық жағдайды жасай алатынын көрсетеді" деп мәлімдеді.

КҮМӘН

Бірақ, Қырғызстан үкіметімен осы елде ірі жобаны жүзеге асыру туралы келісімге отырған Liglass Trading CZ компаниясын Чехияда ешкім білмейтіні анықталған. Чехиялық aktuálně.cz ақпараттық сайтының жазуынша, компания туралы Чехия өнеркәсіп министрлігіндегілер де, Чехия экспорт банкінде де, ондай көлемдегі мәмілелерді сақтандырумен айналысатын мемлекеттік агенттік өкілдері де бұрын ешқашан естімеген. Сонымен бірге бұл компанияның су электр станциясын салу тәжірибесі барына ешқандай мысал табылмаған.

Чехиялық aktuálně.cz сайтының экономикалық шолушысы Ондржей Соукуп.
Чехиялық aktuálně.cz сайтының экономикалық шолушысы Ондржей Соукуп.

"Жарғылық қоры бірнеше мың долларды ғана құрайтын жауапкершілігі шектеулі қоғам екенін анықтадық. Нарықта оны ешкім білмейтін болып шықты", - деді aktuálně.cz сайтының экономикалық шолушысы Ондржей Соукуп Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында.

Оның сөзінше, Қырғызстандағы Чехияның құрметті консулы Марат Жанбаев өткен жылы күзде оған Қырғызстан президенті әкімшілігінен адам келіп, Liglass Trading CZ s.r.o. компаниясы туралы қосымша деректер сұрағаны және әлгі компания туралы Чехия президенті кеңсесінің басшысы Вратислав Минарждың Қырғызстан тарабына жазған хатын көрсеткені туралы aktuálně.cz сайтына сұхбатында айтқан.

"Жанбаев 2017 жылғы мамырда Қазақстан астанасында Қырғызстан мен Чехия президенттері кездесуіне қатысқанын, онда Милош Земанның (Чехия президенті – Азаттық.) Алмазбек Атамбаевқа: "Міне мынадай жақсы компания барын назарыңызға салғым келеді" дегенін естігені жайлы айтып берді", - дейді Соукуп.

Liglass Trading CZ кәсіпорнының сыртқы көрінісі. Чехия, 17 шілде 2017 жыл.
Liglass Trading CZ кәсіпорнының сыртқы көрінісі. Чехия, 17 шілде 2017 жыл.

Кейін Минарж қызмет барысында көпхат жазып, ел мүддесі үшін чех компанияларына септесетіні, бірақ дауға қалған Liglass Trading CZ компаниясы басшылығын танымайтыны, олармен ешқашан кездеспегені және өзінің ешқандай жеке мүддесі жоқ екені туралы мәлімдеген.

Сейсенбіде чехтің Hospodářské noviny басылымы Чехия өнеркәсіп министрінің орынбасары Владимир Брэтлдің былтырғы хатында Liglass Trading CZ компаниясына оң баға бергені туралы жазды. 2016 жылғы тамыздың 2 күні Қырғызстанның инвестиция және экспорт жөніндегі агенттігі директорының орынбасары Шумкарбек Адылбек уулының атына жолданған хатта аталған фирманың 2003 жылдан бері энергия қызметі нарығында Чехия, Словакия, Италия, Румыния, Ұлыбритания мен Сербияда бірқатар табысты жобаларға қатысқаны айтылған.

Чехияның ТМД бойынша сауда-өнеркәсіп палатасының директоры Франтишек Масопуст "Астана Экспо - 2017" көрмесі аясында Қырғызстан мен Чехия президенттері кездескенін Азаттыққа растады. Бірақ ол кездесуде қандай әңгіме қозғалғанынан бейхабар екенін, Масопуст Liglass Trading CZ компаниясы туралы да бұрын-соңды еш нәрсе естімегені туралы айтты.

XS
SM
MD
LG