Accessibility links

Қырғызстанда «РусГидро» компаниясын тексеріп жатыр


Нарындағы су электр станциясы құрылысы. Қырғызстан, 16 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)
Нарындағы су электр станциясы құрылысы. Қырғызстан, 16 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстан парламенттік комиссиясы Жоғарғы Нарын ГЭС-і құрылысын жүргізуге дайындық кезінде «Русгидро» компаниясы коррупцияға жол берген деп тапты.

Ал онымен қатар жұмыс істеген үкіметтік комиссия тексеру қорытындысын әзірше шығарған жоқ. Қырғызстан кабинеттер министрлігі Жоғарғы Нарын су электр станциясы (ГЭС) мен Қамбарата-1 ГЭС-і құрылысын жүргізуге инвесторлар іздестіріп жатқанын хабарлады.

«ШЫҒЫН АСЫРА КӨРСЕТІЛГЕН»

Жоғарғы Нарын ГЭС-і құрылысын тексерген депутаттық комиссия «РусГидро» ашық акционерлік қоғамын «шығынды екі есе асырып көрсеткен» деп айыптайды. Бұл жайлы Азаттыққа комиссия құру туралы бастама көтерген әрі оның жетекшісі Алмамбет Шыкмаматов айтты.

– «РусГидро» компаниясы жүргізген жұмыстарды тексеру кезінде атқарылған жұмыс құны кемі екі есе асыра көрсетілгені анықталды. Мысалы, құрылысшыларға контейнерден құрастырылған баспананың шаршы метрін 1300 доллардан есептеген. 7 мың сом тұратын жылытқыштардың бағасы құжатта 36 мың сом деп көрсетілген. Бұған қоса, 10 километр жолға 7 миллион сом жұмсалғаны да өтірік. Қызметі үшін 146 миллион сом алған делдал-компания «РусГидро» компаниясының Қырғызстандағы негізгі әріптестерінің бірі болған. Мұндай мысалдар көп, – дейді ол.

Алмамбет Шыкмаматовтың айтуынша, енді компания қызметін тәуелсіз аудиторлар тексеруі тиіс. Ал бас прокуратура заң тұрғысынан баға беріп, қажет деп тапса қылмыстық іс қозғауы тиіс.

Қырғызстан мен Ресей арасында 2012 жылы бекітілген келісімге сәйкес, Қамбарата-1 ГЭС-і 4-5 жылда салынып бітеді деп жоспарланған.Сол кезге қарай Жоғарғы Нарын ГЭС-інің құрылысы да аяқталуы тиіс болатын.

Су электр станцияларын салуға ресейлік «РусГидро» компаниясы кіріскен. Ол құрылысшыларға контейнерден баспана және 10 километрге жуық асфальт төсемі жоқ жол салған.

Ресейде кейінгі жылдары экономикалық дағдарыс дендеп, Мәскеу келісімде қарастырылған шарттарды орындауды ұзаққа созып жіберген. 2015 жылдың аяғында Қырғызстан үкіметі Ресеймен су электр станцияларын салып, пайдалануға беру туралы келісімнің күшін жойған. 20 қаңтарда Жогорку Кенеш әлгі құжатты мақұлдап, келесі күні денонсация туралы заң жобасына президент қол қойған.

Қырғызстан келісім күшін жойғаннан кейін Ресей тарабы «жұмысшылар қалашығын салуға 37 миллион доллар жұмсадық» деп мәлімдеп, шығынды қайтаруды талап еткен. Бірақ Жогорку Кенеш бұл сомаға наразылық білдіріп, шығындарды тексеру үшін комиссия құрған. Комиссияны үкімет құрған. Экономика министрлігі комиссия жұмысы әлі аяқталмағанын хабарлады.

Ал депутаттық комиссия тексеру қорытындысын жұртқа жариялап қойды. Тексеру қорытындылары күзде қаралады. Қырғызстан социал-демократиялық партиясынан (ҚСДП) сайланған депутат Рыскелді Момбековтің пікірінше, комиссия атүсті жұмыс істеген. Ол «РусГидро» компаниясымен бірге жұмыс істеген шенеуніктердің де жұмысын тексеру керек еді деп санайды.

– Басқарма құрамында Қырғызстан өкілдері де болған. Олардың да жұмысын тексеріп, салдыр-салақ әрекеттерін анықтау керек. Әлгі депутаттық комиссия Қырғызстандағы ірі инвестициялық жобаларды ұры-қарылар төңіректейтінін анықтады. Мұндай жымқырулар Құмтөр кенішінде де бар, – дейді ол.

ҚҰЛШЫНЫС ТАНЫТУШЫЛАР ЖОҚ

Ал көрші Өзбекстан Қамбарата-1 ГЭС-ін салуға әу бастан қарсы болған. Келісімде қарастырылған шарттарды Ресейдің орындай алмайтыны белгілі болғаннан кейін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Париждегі саммитте су энергетикасы жобалары қоршаған ортаны ластамайды деп ескертіп, әлем жұртын екі нысанға инвестиция салуға шақырған.

Бірақ ГЭС құрылысын жүргізуге мүдделі инвесторлар әзірше табылмай тұр.

Инвестор салған қаржысын ақтауы қиынға түседі деген пікір бар, өйткені электр қуаты үшін тиын-тебен төлеп үйренген абоненттер бір киловатт/сағатқа 7-8 сом төлей алмайды.

Инвесторлар коррупция кесірінен құлшыныс танытпай отыр деген де пікір бар. Саясаткер Равшан Жээнбековтің көзқарасы осындай.

– Қырғызстанның энергетикалық әлеуеті бүкіл әлемге аян. Бірақ жұрт Қырғызстандағы коррупциядан да хабардар ғой. Елде сот, құқық қорғау органдары, білім жүйесі салаларында реформа жүргізілмей, ал басқару ісі ашық әрі ұтымды болмайынша, Батыстың ірі компаниялары Қырғызстанға келмейді, – дейді ол.

Өткен аптада «РусГидро» компаниясының бұрынғы басшысы Евгений Дод ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен қамауға алынған. Ресей тергеу комитеті оны «Русгидро» компаниясы басшысы болған кезде бухгалтермен сөз байласып, ірі көлемде ақша жымқырған деп айыптайды.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі мақаласы негізінде дайындалды.)

XS
SM
MD
LG