Accessibility links

Өзбекстанға енді Тәжікстан арқылы өтетін транзит жол қажет емес


Ангрен–Пап теміржолы.
Ангрен–Пап теміржолы.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Өзбекстан Ангрен–Пап электрленген теміржолы құрылысын аяқтаған.

Темір жол жоспарланған мерзімнен бұрын салынып біткенін ескерсек, бұл – маңызды оқиға. Бірақ сонымен бірге бұл жайт – Орталық Азиядағы бес елдің қай бағытта жылжып бара жатқанынан айқын хабар беретін қынжыларлық нышан.

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢА ТАРМАҚТАР

Ұзындығы 123,1 километр болатын Ангрен–Пап теміржолы Өзбекстанның Ташкент облысын Ферғана алқабымен байланыстырады. Құрылыс барысында жалпы ұзындығы 2100 метрлік көпірлер салынып, бірінің ұзындығы 19,1 километр болатын екі туннел қазылған. Нысан құрылысына шамамен 1,9 миллиард доллар жұмсалған, оның бір бөлігін Дүниежүзілік банк пен Ислам қайта құру және даму банкі несиеге берген.

Енді Өзбекстан поездары Тәжікстан арқылы транзитпен өтпейтін болды.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтері, нақтырақ айтқанда, екі елдің президенттері кемі 20 жылдан бері бір-бірімен онша жараспай келеді. Совет заманында территорияларды межелеген кезде Ферғана алқабының бір бөлігі Тәжікстанға өтіп кетіп, оның территориясының бір бөлігі Өзбекстанның ішіне сұғынып жатқан сияқты болып қалған. Совет одағы тұсында Өзбекстанның Маргилан қаласы мен Ташкент арасында жүретін поезд Тәжікстанның Ходжанд қаласы арқылы өтетін. Теміржолдың бұл тармағы Совет одағы ыдырағаннан кейін де үзілмеген, бірақ жолаушы поездарының жүруі кейін біртіндеп тоқтап қалған.

ЫҚПАЛ ЕТУ ТЕТІГІ ҚАЛМАДЫ

Азаттықтың Тәжік қызметі тілшілері Тәжікстанның Соғды облысы әкімшілігінің Ходжандтағы өкілі Толиббой Ашуровпен сөйлесті. Оның айтуынша, Өзбекстан кейінгі жылдары Тәжікстан территориясы арқылы тасымалдау көлемін біраз азайтқан. Ашуровтың сөзінше, бұрын Соғда облысындағы темір жол бөлігі арқылы жылына «4 миллион тоннаға дейін [жүк] тасылатын» әрі бұл транзиттан Тәжікстан қазынасына жылына 28 миллиондай доллар түсіп тұратын.

Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы теміржолдың бұзылған тұсы. 22 наурыз 2012 жыл.
Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы теміржолдың бұзылған тұсы. 22 наурыз 2012 жыл.

Жаңа теміржол Өзбекстан үшін тиімді болғанымен, Тәжікстан ұтылары анық. Ангрен–Пап теміржолы іске қосылғаннан кейін Өзбекстанның жүк жеткізу үшін Тәжікстан арқылы өтетін транзиттік жолға тәуелділіктен арылып, екі үкімет арасындағы онсыз да аз ынтымақтастыққа дәнекер болған себептердің бірі жойылады. Бұрын Тәжікстанға немесе ол жақтан Өзбекстан территориясына поездарын өткізгені үшін ұстап отырған бұл көзірінен айырылған Душанбенің қолында енді Ташкентті ырқына көндіретін ешқандай ықпал ету тетігі қалмайды.

Екі ел арасында мұндай проблема бұрын да, мысалы, кезінде Тәжікстан су электр станцияларын салуға қажет құрылыс материалдарын теміржолмен тасыған кезде болған. Тәжікстанның трансшекаралық өзендерге СЭС салуына Ташкент қарсы болған. Өзбекстан кеденшілері Тәжікстанға бара жатқан поездарды тоқтатып әрі тінтіп, құрылыс материалдары тиелген поездарды кері қайтарып отырған. Өзбекстан арқылы өтетін теміржолдағы бұл іркілістер Тәжікстанда азық-түлік пен отын тапшылығына ұласқан.

МӘМІЛЕГЕ ҚАБІЛЕТСІЗДІК

Біреулер Ангрен–Пап темір жол құрылысын Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтерінің өзара келісімге келуге дәрменсіздігінің бір мысалына балауы мүмкін. Өйткені екі ел билігі өзара келіссе, бұрынғы транзит желісін сақтап қалуға болар еді әрі Өзбекстанның 2 миллиардтай доллар үнемдеуіне көмектесер еді. Оның үстіне, Өзбекстан темір жол құрылысын жүргізуге әуелі бес жыл белгілеген, бірақ кейін Ташкент барынша шапшаңдатуды талап етіп, қысым жасай бастады да, ақыры құрылыс екі жылға жетпей аяқталды.

Бұл жағдайға Өзбекстанды ғана кінәлауға болмайды. Мұндай дәрменсіздік Орталық Азияның өзге елдері үкіметтеріне де тән. Өзбекстан территориясын айналып өтетін жол салу үшін 2008 жылы Тәжікстан теміржол құрылысын бастаған. Ал Түркіменстан Өзбекстан территориясын айналып өтетін жаңа жол тармағын тартуды 2011 жылы аяқтаған, бірақ ол бұл шаруаға Өзбекстан 2009 жылы Түркіменстан территориясы арқылы жүк тасымалдаудан құтылу үшін жаңа теміржол салып алғаннан кейін кіріскен.

Қазақстан, Түркіменстан мен Иранды жалғастырған теміржолдың ашылу салтанаты. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.
Қазақстан, Түркіменстан мен Иранды жалғастырған теміржолдың ашылу салтанаты. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

2014 жылдың желтоқсанында Қазақстан, Түркіменстан және Иран үш елді байланыстыратын темір жолды (Солтүстік-Оңтүстік транспорт дәлізі) іске қосқан. Бірақ бұл – постсоветтік Орталық Азияда аймақтың екі елін байланыстыратын салынған жалғыз теміржол. 1991 жылдың аяғынан бері салынған қалған теміржолдардың бәрі не өзге елдермен байланыстыратын жолдар (Қазақстан–Қытай, Түркіменстан–Иран және Өзбекстан–Ауғанстан), не көрші елдің территориясы арқылы транзитпен өтуді қажет етпейтін жолдар.

Бұл жайт Орталық Азия аймағындағы бес елдің арасындағы қарым-қатынастан көп хабар береді.

Брюс Панниер мен Абдулло Ашуровтың мақаласы.

XS
SM
MD
LG