Қаңтардың 4-і күні Ресей ақпарат агенттіктері «Газпромның» шетелден газ тасымалдаумен айналысатын «Газпром-Экспорт» компаниясындағы «дереккөздің» сөзіне сілтеме жасап, Мәскеудің биыл Түркіменстаннан газ сатып алмайтынын хабарлады.
Арада көп уақыт өтпей сол агенттіктер әлгі «дереккөздің» «Өзбекстаннан газ тасу жөнінде жаңа келісім жасалғаны» туралы мәлімдемесін таратты.
Ақпар берген бұл кісі «Газпром» шешімдерінің жай-жапсарын түсіндірмейді. Бірақ ашық айтпаса да, оның сөздерінің астарында не жатқанын бажайлауға болады.
Түркіменстан ұзақ жылдан бері Кремльдің көзіне шыққан сүйелдей болып келеді. 10 жыл бұрын Ашғабат ТМД-дағы мүшелігін «бақылаушы» дәрежесіне дейін «төмендетті». Бұған қоса, олар ТМД-дағы Ресей бас болып отырған ұйымдардан, атап айтқанда, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) және Еуразия экономикалық одағынан (ЕАЭО) іргесін аулақ салып отыр.
ТҮРКІМЕНСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗ САЯСАТЫ
Газ қоры жөнінен әлемде 4-орын алатын Түркіменстан соңғы кездері Еуропаға отын экспорттаудың жаңа жолдарын қарастырып жатыр. Бұл – Түркіменстан мен Ресей Еуропа нарығы үшін бәсекеге түседі деген сөз.
Соған қарамастан, Түркіменстан осыған дейін Ресейге де газ сатып келді. Тіпті бар-жоғы жеті жыл бұрын, яғни 2008 жылы Ресей түркімен газының негізгі тұтынушысы болатын. Ол кездері Мәскеу Ашғабаттан жылына 45 миллиард текше метрге дейін газ алып келген.
Алайда Түркіменстанның Ресейге сататын газ мөлшері жылма-жыл азайып келеді. 2015 жылдың басында «Газпром» түркімендерден тек 4 миллиард қана текше метр газ алатынын хабарлады. Оның алдындағы жылы Ашғабат Мәскеуге 10 миллиард текше метр газ сатқан еді. Былтыр Ашғабат Ресейдің сауда көлемін бұлайша азайтып жібергеніне кейіс білдіріп, тұтынған газдың өзіне ақша төлемей отыр деп Кремльді айыптаған.
Өзі де артық газын сатудың амалын іздеп отырған «Газпромның» Түркіменстаннан отын алуды доғарғаны таңғаларлық нәрсе емес. Бірақ бұл жерде сауда-саттық, алыс-беріс мәселесі ғана жатпаған сияқты.
ЕКІ КӨРШІНІҢ ДОСТЫҒЫ
Басында айтқанымыздай, «Газпром-Экспорттың» өкілі компанияның газды Түркіменстанның көршісі Өзбекстаннан алатынын мәлімдеген. Былтыр «Газпром» бұл елден сатып алатын газ көлемін де алдыңғы жылғы 4 миллиардтан 1 миллиард текше метрге дейін азайтқан.
Қаңтардың 5-і күні Өзбекстанмен жасалған келісім туралы «Газпром» басшысы Алексей Миллер де хабарлады. Ал компаниядағы «дереккөздің» мағлұматына қарасақ, Ресей биыл өзбектерден 3,1 миллиард текше метр газ сатып алмақ.
Өзбекстанның Ресеймен қарым-қатынасы Түркіменстандікінен оңып тұрғаны шамалы. Ташкент те ҰҚШҰ мен ЕАЭО-ға кірмейді.
Кейінгі жылдары екі елді ортақтастыратын жайттардың көп екенін түсінген өзбек пен түркімен басшылары жиі кездесіп, екеуара қарым-қатынастарын түзеп алған. Бұл екі көрші ел Совет Одағы құлаған 1991 жылдан бері бұлайша жақындасып көрмеген еді. Бұл татуластық Ресейдің оларға ықпалын әлсіретті, әрі бауырлас елдер бас біріктірсе, Мәскеудің көмегінсіз-ақ біраз шаруа тындыра алатынын көрсетті. Кремльдің мұны жақтыра қоймасы белгілі.
АШҒАБАТТЫ «ОЙЛАНДЫРУ»
«Енді Түркіменстаннан газ алмаймыз» деп алып, Өзбекстаннан газ тасу арқылы «Газпром» іргелес екі елді бір-бірімен араздастырғысы келетін тәрізді.
Түркіменстан газын Ресейден басқа екі-ақ ел – Қытай мен Иран сатып алады. Әлемдік нарықта шикізат бағасының құлдырауы түркімен экономикасына да әсер ете бастады. Осындай қысылтаяң кезеңде Ашғабаттың Мәскеуге аз көлемде болсын газ сата алмауы, есесіне ол табыстың қоңсы жатқан Өзбекстан қазынасына құйылуы - Түркіменстанды алаңдататын жағдай.
«Газпром» бұлтағының артында тұрған тағы бір гәп бар. Совет Одағы құлағалы орыс-өзбек қатынасы оңалмай келеді. Соған қарамастан, Ташкент Ресейдің «Лукойл» және «Газпром» компанияларының өзбек жерінде мұнай, газ кеніштерін игеруіне мүмкіндік беріп, есігін ашқан. Сондықтан «Газпром» Өзбекстанмен ат құйрығын кесісе алмайды. «Газпром» Өзбекстаннан сатып алғалы отырған газ өзі игеріп жатқан кеніштерден алынған шикізат болуы да мүмкін.
Ашғабат Ресей компанияларының құрлықтағы ірі кеніштерді игеруіне ешқашан рұқсат берген емес. Түркімендер есігін ашқан жалғыз шетелдік мекеме – Қытайдың China National Petroleum Corporation (CNPC) компаниясы. Сондықтан, «Газпромның» түркімендермен байланысты үзуіне бөгет жоқ.
СЫНА ҚАҒУ
Ресейдің түркімен газынан бас тартуының астарында тағы бір жайт жатқандай. Бірақ мұның газ мәселесіне қатысы жоқ.
Қаңтардың 3-і күні Ресейдің «Интерфакс» ақпарат агенттігі Ресей сыртқы істер министрлігінің ТМД істері департаментінің директоры Александр Стерниктің түркімен-ауған шекарасына қатысты мәлімдемесін таратты.
«Ресей, Түркіменстанның көршілері және ТМД-дағы әріптестері түркімен достарымыздың барлығымыздың оңтүсіктегі ортақ шекарамызды нығайту әрекетін достық пиғылмен бақылап отыр» деген ол Түркіменстан мен Ауғанстан арасындағы шекараның осал екенін тұспалдап жеткізді.
Ал Ашғабат болса Ауғанстанмен арадағы шекарасында қауіпсіздікке төнген қатер жоқ деп санайды. Ауған-түркімен шекарасы мәселесін Азаттық бұған дейін жазған еді.
Оқи отырыңыз: «Талибан» содырлары Әмударияда аралға қамалды
Ресей сыртқы істер министрлігі өкілі «Өзбек-ауған шекарасына қарағанда түркімен-ауған шекарасындағы қорғанысты күшейту үшін көбірек ресурс қажет болады» дегенді қоса айтты. Мұнда да Мәскеу екі елді салыстыру арқылы Түркіменстан мен Өзбекстан арасына сына қаққысы келгендей.
«Газпромның» қаңтардың 4-і күні жасаған мәлімдемесі Ресейдің Түркіменстан мен Өзбекстанға бұрынғы ықпалын қайта қалпына келтіру жолында саяси дивиденд жинауға мүмкіндік беретін қадам болып көрінеді.
Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.