Accessibility links

Электр энергиясы құнын жаңа билік тағайындайды


Қырғызстан электр желілерінде жұмыс істеп жатқан мамандар. (Көрнекі сурет)
Қырғызстан электр желілерінде жұмыс істеп жатқан мамандар. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан екіжақты келісім аясында Өзбекстанға электр энергиясын сата бастады.

Маусымның 16-сынан бастап электр энергиясы көрші республикаға 2 центтен сатылатын болады.

Алайда электр энергиясының тарифы қымбаттайды деген сөздер айтыла бастады. Бағаны көтеруге қатысты сарапшылардың пікірі екіге бөлініп тұр.

Ұлттық энергохолдинг деректері бойынша, Қырғызстан жарты айда көрші мемлекетке 192,5 миллион киловатт-сағат электр энергиясын сатқан. Қазір электр энергиясы киловатт-сағатына 2 центтен сатылып жатыр. Келісімшарт бойынша қазан айына дейін 1,25 миллиард киловатт-сағат экспорттау жоспарланған.

Тоқтағұл ГЭС-і.
Тоқтағұл ГЭС-і.

Азаттыққа мекеменің баспасөз хатшысы Тағжан Айдарәлиеваның айтуынша, су ресурстарын оңтайлы пайдалану мақсатында электр қуатын экспорттау мәселесі биыл ақпаннан бастап қарала бастаған.

«Келісімшарт маусымнан қазанға дейін жасалды. Тоқтағұл су қоймасындағы судың көлеміне байланысты мұндай келісім тек бір жылға жасалады» дейді Айдарәлиева.

Ұлттық энергия холдингінің ақпараты бойынша, 2017 жылы шілденің 6-сы күні Тоқтағұл су қоймасындағы су көлемі 18,78 миллиард текше метрге жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 14 миллиард текше метрден сәл ғана асатын.

ТАРИФТЕРДІ ӨСІРМЕГЕН БИЛІК

Дегенмен электр энергиясының бағасы қымбаттауы мүмкін деген пікір бар. Оған шілденің 4-інде Бішкекте өткен дөңгелек үстел отырысы себеп болды. Онда энергетиктер мен халықаралық донорлар баға белгілеу мәселесін талқылаған болатын.

Қырғызстан үкіметі жанындағы отын-энергетика кешенін реттеу жөніндегі мемлекеттік агенттік директоры Таалай Нұрбашев биыл электр тарифтері өзгермейтінін, тарифтік саясаттың келер жылы өзгеруі мүмкін екенін айтады.

- Біз тек Дүниежүзілік банк пікірін талқыладық, олар бағаны көтерсе болар еді дейді. Бірақ біз тариф көтеріледі деп отырғанымыз жоқ. Келер жылы не боларын көрерміз. Жақында сайлау өтеді, жаңа президент пен премьер-министр келеді. Бағаны көтеру-көтермеу мәселесі сол кезде шешіледі. Келер жылы бұл мәселе тағы да қаралады. 2018-2020 жылдардағы кезең талқыланады, - дейді Нұрбашев.​

Ал сарапшы Жаныбек Оморов «тарифті тәуелсіз комиссия белгілеуі тиіс» деген пікір айтты.

«Тарифті тәуелсіз комиссия белгілейді, оған ешкім қысым жасамайды. Тұрғындарға жағдайды солар түсіндіреді. Қазір жаңа жабдықтар келіп жатыр, инвестиция мәселесі туындайды. Тоқтағұл ГЭС-і жөнделіп жатыр. Электр энергиясы тұрақты болуы үшін шығындалу керек. Бұл шығындарды ақырындап тарифке кіргіземіз, уақыты келгенде ол шығын жабылуы керек» дейді ол.​

КОРРУПЦИЯ МЕҢДЕГЕН САЛА

Бір жыл бұрын Дүниежүзілік банк Қырғызстанға электр энергиясы бағасын көтеру туралы ұсыныс жасаған, себебі қазіргі баға тауардың өзіндік құнын ақтамайды. Сол кезде айтылғандай, электр энергиясына деген сұраныс жыл санап өсіп келеді, сондықтан 2020 жылға қарай электр энергиясы тапшылығы 30 пайызға жетуі мүмкін.

Бұл ұсынысты бұрынғы вице-министр Базарбай Мәмбетов те құптап, «Тұрғындарға тарифті 1 центтен, ал өнеркәсіп орындары үшін 3 центтен асырмасақ, саланы қалпына келтіру мүмкін емес» деген.

Қазір энергетика саласындағы шығындар 11-13 пайыз болып отыр. Премьер-министр болған кезінде Темир Сариев 1 пайыз 150 миллион сомға тең деген болатын.

Ал тәуелсіз сарапшы Расул Үмбетәлиев «осы шығынның орнын толтырып, жемқорлықты жойса, тарифті көтеру қажет болмас еді» дейді.

Тарифті көтермей тұрып, жемқорлықты жою керек. Биыл 2,5 миллиард киловатт-сағатты 4 центтен сатса, ол 2,70 сом болады, сонда электр энергиясын экспорттау 6 миллиард сом әкелетін еді.

Оның айтуынша, «Тарифті көтермей тұрып, жемқорлықты жою керек. Биыл 2,5 миллиард киловатт-сағатты 4 центтен сатса, ол 2,70 сом болады, сонда электр энергиясын экспорттау 6 миллиард сом әкелетін еді. Солайша дефициттің орнын толтырып, бағаны көтермеуге болады. Бірақ мемлекет электр энергиясын сатқанда жемқорлыққа жол береді. Қымбат, бірақ сапасыз материалдар сатып алып жатыр».

Қырғызстанда электр энергиясы тарифі соңғы рет 2015 жылы көтерілді. Қазір бір айда 700 киловатт-сағатқа дейінгі электр жарығының құны 1 киловатт-сағатқа 77 тиын болып тұр. Бұл лимиттен асып кеткендер 1 киловатт-сағатқа 2,16 сомнан төлейді. Өнеркәсіптік, бюджеттік және агроөнеркәсіп кешендері 1 киловатт-сағатына 2,24 сомнан төлейді.

Мақаланың қырғыз тіліндегі түпнұсқасы мына жерде.

XS
SM
MD
LG