Мамырдың 19-ы мен 20-сы күндері Мирзияев Түркіменстанның Каспий жағалауындағы Аваза курортында осы ел басшысы Гурбангулы Бердімұхаммедовпен кездесіп, көп келісімге қол қойды. Солардың бірі бойынша Түркіменстан өзбек жері арқылы Қазақстан мен Қырғызстанға электр энергиясын экспорттайтын болды.
Бұл – алып бара жатқан үлкен жетістік болмағанымен, Орталық Азиядағы (ОА) 15 жылдай уақытқа созылған дүрдараздықты тоқтатудың басы сияқты.
Совет заманында ОА елдері энергетика мәселелері бойынша бір-біріне тәуелді еді. Қазақстан мен Өзбекстан мұнай өндірсе, Түркіменстан – газ, Қырғызстан мен Тәжікстан су энергиясын, ал Түркіменстаннан басқа елдің барлығы көмір шығаратын. Бес одақтас республика бір-біріне кіріптар болды. Мәселен, Қазақстан оңтүстігі газды Өзбекстаннан алатын.
2003 жылы «бейтарап» Түркіменстан бұл «одақтан» шығып кетті. 2009 жылы Өзбекстан да өз бағытымен кетті. Мұның соңы Қырғызстан мен Тәжікстандағы электр қуаты тапшылығына ұласты. Кей сарапшылар мұны Каримовтің өзбек жері арқылы ағатын өзендердің жоғарғы сағасына ірі су электр станцияларын салмақ болған Қырғызстан мен Тәжікстанға жасаған қысастығы деп болжаған.
Тәуелсіздік алғанға дейін бес елді бір-бірімен жалғап жатқан тас жол, темір жол және әуе жолдарының көбі жабылды, әр ел көршіні айналып өтетін өз инфрақұрылымын жасауға қыруар ақша жұмсады.
Соңғы бірнеше жыл бойы Түркіменстан әсіресе қыс айларында қуат көзінен тапшылық көріп отырған Тәжікстанға электр энергиясын сатуға талпынып келеді. Бердімұхаммедов пен тәжік президенті Эмомали Рахмон бұл жөнінде келісіп те қойған, бірақ электр энергиясын көрші елге тасымалдау үшін Өзбекстанның 200 километр жерін кесіп өтетін желіні пайдалану керек.
Ақпарат құралдарының жазуынша, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов бұған келіспей келген, соның кесірінен тәжік-түркімен келісімі жүзеге аспай тұрған еді.
ИНТЕГРАЦИЯ БАСТАЛДЫ МА?
Бердімұхаммедов пен Мирзияевтің Авазадағы кездесуінде Тәжікстан туралы айтылмады. Бірақ Мирзияев пен Рахмонның мамырдың 21-і Эр-Риядтағы Ислам елдері-Америка саммитінде шүйіркелесіп түскен суреттеріне қарағанда, олар оңай тіл табысардай көрінеді. Авазадағы келісімді Қырғызстан да қуана құптайды.
Көбінесе өзбек жағы әдетте саяси себептерге бола қақаған қыстың ортасында қырғыздарға жеткізілетін газды тоқтатып тастайтын.
Тәуелсіздік алғалы өзбек-қырғыз арасында энергетика жайы үлкен мәселе болып келеді. Көбінесе өзбек жағы әдетте саяси себептерге бола қақаған қыстың ортасында қырғыздарға жеткізілетін газды тоқтатып тастайтын. Дегенмен Қырғызстанның де өзбек газы үшін берешегі көп болғаны рас.
2014 жылы Ресейдің «Газпром» компаниясы «Кырғызгазды» шартты бағамен 1 долларға сатып алып, елдің ішкі газ жүйесін дамытып, оған миллиондаған доллар инвестиция салуға уәде еткелі Қырғызстан бұл мәселесін шешкендей болды.
Дегенмен Қырғызстан әлі де су энергетикасына көбірек тәуелді болып, қуат көзінің тапшылығын көріп отыр, сондықтан қыс кезінде Түркіменстаннан қосымша электр энергетикасын алып тұруды жөн көреді.
Қазақстанға да қосымша электр энергиясы қажет. Елдің оңтүстігіне өзі өндіретін электр қуатын жеткізу үшін үкіметке әлі де біршама уақыт керек.
Экономикалық қиындық көріп отырған Қазақстан мемлекеттік қазынаға ауыртпалықты азайтуға мүмкіндік беретін мұндай мүмкіндікке қуанатыны анық.
Қазақстан солтүстікте өндірілетін электр энергиясын оңтүстікке тарту процесі бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Өзбек газына тәуелді болып отырмауды ойлаған үкімет осындай қадамға барған еді.
Сондықтан, Мирзияевтің түркімен электр энергиясын экспорттауға байланысты келісімі аймақтық интеграцияға серпін береді, бұл арқылы ол бұрынғы басшының кезінде қойылған кедергілерді алып тастап жатыр.
Бұл аймақтық интеграцияны дамытудағы тың бастама емес. Бірақ өз елінің мүддесін ойласа да, Мирзияевтің көршілермен ара қатынасын нығайтуға ұмтылуы – жақсылықтың нышаны.
Мирзияев үш айға жетпейтін уақыт ішінде Түркіменстанға екі рет барды. Өзбекстан президенті ретіндегі алғашқы ресми сапарын ол наурыздың 6-сы мен 7-сі күндері Ашғабаттан бастаған. Ол Қазақстанға да екі айда екі рет барды (наурыз және сәуір).
Қазақтармен және түркімендермен қарым-қатынасын жақсартуға талпынған Мирзияев сол арқылы Өзбекстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін жаңа нарық табуға және бұл екі елден мұнай алуға мүдделі.
Өзбекстанның көп жылдан бергі басты мәселесі жанармай тапшылығы болып келеді. Соңғы 10 жыл ішінде бұл елдегі мұнай өндірісі 40 пайызға азайды. Үш мұнай өңдеу зауытының үшеуі де шикізат тапшылығына байланысты жартылай ғана жұмыс істеп тұр.
Жанармай бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек – Өзбекстандағы үйреншікті көрініс және бұл халықтың наразылығына себеп болған жайттардың бірі.
Мирзияев билікке былтыр қыркүйекте ғана келді. Жанармай тапшылығын азайтып, жұртты кезектен құтқарса, халық алдында беделі арта түскен болар еді.
Ресей мен Қазақстанның мұнайы Өзбекстанға Қазақстандағы құбырлар арқылы келіп, Ташкенттің өзі салатын құбырға құйылмақ.
Наурыз-сәуір айларында Мирзияев Түркіменстан, Қазақстан және Ресейден мұнай жеткізу жөніндегі келісімдерге қол қойды. Ресей мен Қазақстанның мұнайы Өзбекстанға Қазақстандағы құбырлар арқылы келіп, Ташкенттің өзі салатын құбырға құйылмақ. Содан кейін ол Өзбекстанның Жызақ өңірінде салынатын төртінші мұнай өңдеу зауытына жеткізілмек. Ал түркімен мұнайы Бұқарадағы мұнай өңдеу зауытына жөнелтілмек.
ТҮЙТКІЛДІ КЕЛІСІМДЕР
Демек Мирзияевтің Түркіменстан мен Қазақстанға сапарлары Ташкенттің ең өзекті ішкі проблемасын шешуге арналған деуге болады. Дегенмен Мирзияевтің Аваза сапарының түйткілді тұстары да бар. Олар тек электр энергиясын экспорттау жайын ғана келіскен жоқ.
Өзбекстан Ашғабаттың Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (ТАРІ) табиғи газ құбыры жобасына да қосылатын болды, осы жобаның аясында «Узбекнефтегаз» Түркіменстанның Каспий теңізіндегі мұнай және газ кеніштерін игеруге қатысу жөнінде келісімге қол қойды.
Бұлар – әзірге орындалуы неғайбіл келісімдер.
TAPI құбыры жақын болашақта салына қоюы екіталай, себебі оның 700 километрлік бөлігі Ауғанстан арқылы өтеді, ал онда қазір ұрыс жүріп жатыр.
Оның үстіне, жобаның басқарушысы – «Түркіменгаз» жалпы құны 10 миллиард долларға жуықтайтын ірі жобаны қаржыландыра алатын инвестор тапқан жоқ.
«Узбекнефтегаз» бен «Туркменнебит» компанияларының Каспийдегі кеніштерді игеруіне де қаржы тапшылығы кедергі. Бұл екі елдің де мұндай ірі жобаны қолға алатындай қаражаттары жоқ.
«Узбекнефтьгаздың» теңіз қайраңындағы кеніштерді игеру тәжірибесі жоқ, сондықтан бұл жобадағы өзбек компаниясының рөлі қандай болатыны түсініксіз.
Мұндағы тағы бір мәселе – «Узбекнефтегаздың» теңіз қайраңындағы кеніштерді игеру тәжірибесі жоқ, сондықтан бұл жобадағы өзбек компаниясының рөлі қандай болатыны түсініксіз.
Мирзияевтің көршілермен қарым-қатынасты жақсарту жөніндегі уәдесін орындап жатқаны рас. Билікке келген алты ай ішінде Өзбекстанның іргедегі елдермен ара қатынасы соңғы 10-15 жылғы жағдайдан әлдеқайда оңалды.
Мирзияевтің көршілермен арадағы келісім-шарттарының көбі қысқа мерзімді саяси қажеттіліктерді орындау үшін жасалып жатыр, ал ұзақ мерзімді саясаттағы өзгерістерді болашақ көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда түркімендер өндіретін электр қуатын Қазақстан мен Қырғызстанға экспорттау келісімі – үлкен сынақ болғалы тұр. Себебі өзбек жағы транзиттік алымнан басқа бұл келісімнен ештеңе таппайды. Яғни, бұл – болашақ мақсаттарды көздеген келісімге ұқсайды.
Егер электр энергиясын тасымалдау келісімі кедергісіз орындалса, онда Ташкенттің аймақтық ынтымақтастықты дамытуға шын ниетті екені белгілі болады.
Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.