Соңғы кезде екі мемлекеттің қарым-қатынасы күрт нашарлап, саяси және дипломатиялық байланысы ежелден келе жатқан мәдени-тілдік сабақтастыққа керағар болып отыр.
Соңғы рет екі мемлекеттің байланысына Тәжікстанның "Ислам өркендеу партиясы" (ТИӨП) ықпал етті, азаматтық соғыстан соң 15 жыл бойы тәжік парламентінен орын алып келген партияға 2015 жылы тыйым салынып, билік оны "террорлық топ" деп жариялаған болатын. Иранның осы партияға қолдау көрсеткенін Тәжікстан тарабы жақтырмады.
Амстердамдағы Әлеуметтік тарих халықаралық институтының аға ғылыми қызметкері Тоураж Атабаки "Иранға сенімін жоғалтқан Тәжікстан жаңа мәлімдемелер жасай бастағанын" айтады.
"Иран Тәжікстан үкіметімен де, оның қарсыластарымен де жақсы қарым-қатынаста болғысы келеді", - дейді ол.
Тамыздың 8-і күні прайм-тайм уақытында мемлекеттік телеарнадан көрсетілген деректі фильмде Тәжікстанның ішкі істер министрлігі "1992-1997 жылдары болған соғыста Иран ТИӨП-ке қаржылық қолдау көрсетті" деп мәлімдеді, тіпті партияға қарайтын жасақты "Иран өз жерінде оқу-жаттығудан өткізгенін" айтты.
1999 жылы парламенттің бұрынғы төрағасы Сафарали Кенжаевтан бастап бірқатар танымал тәжік қайраткерлері қастандық құрбаны болған. Душанбедегі Иран елшілігі тамыздың 9-ы күні Азаттықтың Тәжік қызметіне елшінің қазір пікір білдірмейтінін, бірақ елшіліктің "жалған жала жабу" деректерін тексеретінін айтты.
Иран мен Тәжікстан тілдік, мәдени және тарихи тұрғыдан алғанда ежелден тығыз байланыстағы елдер. 1991 жылы Совет одағы тарағанда Тегеран Душанбемен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекет болды.
Тәжікстан үкіметі мен исламшыл күштер басқарған оппозиция арасындағы бес жылдық соғысты тоқтатқан бейбіт келіссөзге Иран, Ресей және БҰҰ бітімгер болды. Иран Тәжікстанның ірі инфрақұрылым жобаларына инвестиция құйды, олардың арасында су электр станциясы мен Душанбені елдің солтүстік бөлігімен жалғайтын алып туннель де бар.
Осы екі жобаға 200 миллион доллар шамасында қаржы кеткен делінеді. Алайда Душанбе әркез 1990 жылдардағы үкіметтің саяси қарсыластарына Иран қолдау көрсетеді деп күмәнданып келді.
"Тәжікстанның ойынша, Иран президент Эмомали Рахмонның үкіметіне қатер төндіретін іс-әрекеттерді қолдап келген", - дейді Атабаки.
Тамыздың 5-і күні Тегеранда Хасан Роуханидің Иран президенті қызметіне екінші мерзімге сайлануына арналған ресми шараға 100 шетелдік мемлекет өкілі қатысты, бірақ салтанатты рәсімге Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келмеді. Сәуір айында Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф Орталық Азияны аралағанда Тәжікстанға бармады.
2016 жылы Тәжікстан "сапасы төмен" дегенді желеумен Ираннан әкелінетін тауық еті, өсімдік майы, шай сияқты азық-түлік өнімдері импортына тоқтау салған. Сондай-ақ тәжік билігі иран өнімдеріндегі белгі-жазулар "тәжік заңына сай еместігін" айтты, яғни тәжік тілінде кириллица әріптерімен жазылмаған.
Шілде айында Тәжікстан көлік министрлігі Тегеранды "аймақтағы теміржол құрылысын салу шартын бұзды" деп жария түрде айыптады. 2016 жылы тәжік билігі иран үкіметінің қайырымдылық қоры – Имам Хомейни атындағы көмек қорының елдегі қызметін тоқтатқан.
Тәжік саясаттанушысы әрі сарапшы Шокиржон Хакимовтың айтуынша, Душанбе мен Тегеранның қарым-қатынасы 2013 жылы танымал иран миллиардерін тұтқындаған кезде бұзылған.
"Тәжікстанға инвестор болған танымал иран кәсіпкері Бабак Занжаниді тұтқындаған соң Тәжікстан мен Иранның қарым-қатынасы күрт нашарлады", - дейді ол. Занжаниді Иран өлім жазасына кескен болатын.
Басында Занжаниді "халықаралық санкция кезінде Иранға мұнай сатуға көмектесті" десті, кейін оны "миллиардтаған долларды жымқырды" деп айыптады. 2016 жылы Иран соты оны "жемқорлық" бабы бойынша айыптап, өлім жазасына кесті.
Тегеранда болған сот отырысында байлығы 13,5 миллиард доллар деп бағаланған Занжани "Тәжікстанның Ұлттық банкіне 2 миллиард доллар бердім" деп мәлімдеген. Иран үкіметі Занжани ақшаны елден шығару үшін Тәжікстанды пайдаланған деп күдіктенді.
Тәжікстан билігі бұның бәрін жоққа шығарды. Иран миллиардерінің Тәжікстанда банкі, әуе компаниясы мен автовокзалы бар болатын, оны Рахмонның өзі ашқан еді.
Екі елдің қарым-қатынасына "Ислам өркендеу партиясы" да іріткі салды. Тәжікстан ТИӨП қызметіне тыйым салған соң екі айдан кейін, 2015 жылғы желтоқсанда партия жетекшісі Мухиддин Кабири Тегеранда өткен ислам конференциясына қатысқан.
Кабири конференцияда Тәжікстанның ресми делегациясының қасында отырды, Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің өзі онымен амандасты. Бұдан кейін Душанбенің наразылығы бұрынғысынан да күшейді. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Иранға дипломатиялық нота жіберіп, конференцияға "үкіметте төңкеріс жасамақ болды деп айыпталған террорлық партия басшысын" шақырғанына қарсылық танытты.
Тамыздың 8-інде мемлекеттік арна көрсеткен деректі фильмде Кабириді "Иранның протежесі" деп атап, "ТИӨП Иранның нұсқауымен саяси тұлғаларды жойған және Ираннан қаржылық қолдау алған" деген мәлімдеме айтылды.
Деректі фильмде өзін "бұрынғы исламшыл жауынгермін" деп таныстырған адам 1995 жылы Иранда дайындықтан өткенін айтады, сосын 200 отандасымен бірге елге оралып, "танымал қоғам қайраткерлерін өлтіру туралы тапсырма алдым" дейді ол. Оның жеке басы мен мәлімдемесін тәуелсіз тексеру жүрігізіп, анықтау мүмкін болмады.
1997-2004 жылдары бірнеше танымал қоғам қайраткері (президент кеңесшісі, бұрынғы мүфти, докторлар мен академиктер) және 20 ресейлік офицер кісі қолынан қаза тапқан болатын.