Accessibility links

Орталық Азиядағы тойшылдықты шектеу әрекеті


Кок-Таш ауылында сүндет тойға жиналған тұрғындар. Баткен облысы, Қырғызстан. 14 қыркүйек 2011 жыл.
Кок-Таш ауылында сүндет тойға жиналған тұрғындар. Баткен облысы, Қырғызстан. 14 қыркүйек 2011 жыл.

Өзбекстанда ауызашар беруге шектеу қойылды. Қырғызстанда той қонағы мен өзге де рәсімдерді шектейтін заң кері қайтарылса, Тәжікстанда 2007 жылы қабылданған мұндай заң жиі бұзылады.

Биыл Өзбекстанның кейбір қалаларында ораза кезінде асхана, ресторан-кафелерге қоса мешіттерде де ауызашар берілмейтін болды. Әзірге бұл діни басқарманың ұсынымы ретінде ғана аталады.

ӨЗБЕКШЕ АУЫЗАШАР

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша діни басқарма басшысының орынбасары Абдулазиз Мансур мұның билік саясатына қатысы жоғын, тек өз ұсынымдары екенін айтады.

– Пайғамбар заманында ауқат таппаған адамдарға ғана арналып ауызашар берілген. Біздің дәуірімізде бұл салтанатқа айналып кетті. Біз ұсыныс бердік, хокимиятлар (әкімдіктер) тыйым салды. Биыл да ресторан, асханаларда ауызашар болмайды, – дейді ол.

Ташкенттегі ресторандардың бірінің өкілі мұндай шара әкімдік бұйрығы арқылы шектеліп келе жатқанын айтты.

Ташкент мешітіндегі ауызашар. 21 маусым 2015 жыл.
Ташкент мешітіндегі ауызашар. 21 маусым 2015 жыл.

– Ауызашар өткізбегенімізге екі жыл болды. Әкімдіктен оған тыйым салу туралы бұйрық бар, - дейді Ташкенттің Чилонзар ауданындағы ұлттық тағам ресторанының өкілі.

Ташкенттегі тағы бір ресторан өкілі мұндай тыйым салуға қарсы екендігін айтып, ауызашар жасауға тілек білдірген адамдар әдетте көп болады дейді.

– Қалада адамдар жұмыста. Күн де ыстық. Ресторандарда барлық жағдай жасалған ғой. Басында аздап, содан кейін күнде ауызашар беруге болар еді. Бірақ енді билік осыған тыйым салып отыр, - дейді ол.

Діни басқарма басшысының орынбасары Абдулазиз Мансурдың айтуынша, биыл мешіттерде де ауызашар берілмейді. Былтырғы оразада Ташкенттегі «Минор» мешітінде 500 адамға ауызашар беріліп, оның суреттері әлеуметтік желіге тарап кеткен болатын.

Өзбекстанда соңғы үш жылда қоғамдық тамақтандыру орындарында ауызашар беруге шектеу қойылып келеді. Үйінде ауызашар жасаймын деген адамдар махалла комитетінен рұқсат алуы керек болады. Және үйге шақырылатын адам саны 20-дан аспауы тиіс.

Былтырғы шілде айынан бері Өзбекстанда той кортеждеріне қарсы науқан басталған. Ел президенті Ислам Каримов тоқсаныншы жылдардың соңында үйлену тойы, отбасылық әдет-ғұрыптар мен рәсімдер шығынын азайту туралы жарлық та шығарған. 2012 жылы Ташкент қалалық әкімдігі үйлену тойы, отбасылық рәсімдер және бата оқу өткізуді реттеу туралы қаулы да қабылдаған. Соған қарамастан елде той-томалақты бәсекеге айналдыру жалғасып келеді.

ЫСЫРАПТЫ ТЕЖЕЙТІН ЗАҢ КЕРІ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Қырғызстан парламенті 1 маусым күні «Дәстүрді, рәсімдер мен әдет-ғұрыпты реттеу» заңын кері қайтарды. Бұл заң жобасы мемлекеттік қызметкерлерді ысырапшылдықтан тежеу мақсатын көздейді. Онда әртүрлі тойға келетін адамдардың саны шектеліп, оның шығыны да шектеулі болуы керектігі айтылған.

Ойтал ауылындағы той дастарханы басына жиналған қонақтар. Ош облысы, Қырғызстан. (Көрнекі сурет.)
Ойтал ауылындағы той дастарханы басына жиналған қонақтар. Ош облысы, Қырғызстан. (Көрнекі сурет.)

Мәселен, осы заң қабылданса, «бесік тойы» тек жанұя шеңберінде атап өтілуі керек болады. Заң жобасында «тұсау кесу», «сүндет тойына» шақырылатындардың 100 адамнан аспау керектігі көрсетілген. «Үйлену тойына» шақырылатын адам саны 150-ден аспауы ұсынылған бұл заңда сый-кәделердің де мөлшері шектеліп, тойда ақша шашуға тыйым салынған. Той кортежіне бес жеңіл көлікпен ғана жүруге рұқсат етілген. «Қыз ұзату» тойының қонағы бұдан екі еседей аз: 50 адамнан аспауы көзделген.

Қырғыз парламенті қайтарып тастаған заң жобасында тек жаназаға келетін адамдар саны шектелмеген. Алайда жаназа кезінде мал союға тыйым салынады. Және марқұмның үші, жетісі, қырқы және жылына келетін адам саны 100-ден аспауы тиіс.

Қырғызстандағы «дәстүрді, рәсімдер мен әдет-ғұрыпты реттеу» заң жобасы 1 маусым күні парламентте 70 депутаттың қарсы дауысымен кері қайтарылды. Заң жобасын 42 депутат қолдап дауыс берген.

ЗАҢДЫ САҚТАМАСА ДА ДӘСТҮРДІ САҚТАЙДЫ

Тәжікстанда «дәстүрді және әдет ғұрыпты реттеу» заңы 2007 жылы қабылданды. Онда да үйлену тойынан бастап бата оқу және туған күн рәсімдерін өткізудің шегі белгіленген.

Ал қалыңдық киімін көпке көрсететін «сандуқбарон» - сандық ашу, «кудоталабон» - құдалардың кездесуі, «чойгаштаки духтарон» - қалыңдық құрбыларының кеші тәрізді жоралғыларға толықтай тыйым салынған.

Тәжікстанда үйлену тойы кезіндегі көлік кортежі. 2 наурыз 2016 жыл.
Тәжікстанда үйлену тойы кезіндегі көлік кортежі. 2 наурыз 2016 жыл.

Тәжікстандағы тойдың қонақтары 200 адамнан көп болмауы тиіс және той уақыты үш сағаттан аспауы керек. Жергілікті шенеуніктер бұл шектеулер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды кредит алып той жасауға мәжбүрлемейді деп есептейді.

Алайда елде әдет-ғұрыпты реттеу заңының талаптары ұдайы сақтала бермейді. Тәжік билігінің мәліметінше былтырға дейін осы заңды бұзды делінген екі мың адамға айыппұл салынған.

Қазақстанда әдет-ғұрып рәсімдері заң арқылы шектелмейді. Алайда елде жол ережесіне қайшы келетін той кортеждері түсірілген видеолар әлеуметтік желіде жиі тарап тұрады. Былтыр ішкі істер министрлігі қызметкері ұлының тойындағы осындай видеодан кейін қызметкердің жұмыстан кеткендігі хабарланған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG