Accessibility links

Қырғызстанда аста-төк той жасау бәсекеге айналды


Ош облысы Ойтал ауылындағы тойда дастархан басына жиналған адамдар. (Көрнекі сурет.)
Ош облысы Ойтал ауылындағы тойда дастархан басына жиналған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстанда той-томалаққа кететін шығындарды азайту мәселесі үнемі сөз болады. Түрлі есеп бойынша, жылына шамамен екі миллиард доллар, яғни елдің сыртқы қарызының жартысына жуық ақша той-томалақ өткізуге жұмсалады екен.

Бірақ, той-томалаққа жұмсайтын қыруар ақша табу қанша қиын болса да, қырғызстандықтар ұлан-асыр той өткізу дәстүрінен бас тартуға асығар емес, керісінше, бір-бірінен асып түсуге, туыстары мен қонақтарына шамасын танытып, таң қалдыруға тырысады.

Осы аптаның басында Баткен облысы Қадамжай ауданы Қызыл қорған ауылының тұрғыны, зейнеткер Жолдошбай немерелерінің сүндет тойын өткізді. Ақсақал 45 үйге той дастарханын жайып, 60-қа жуық мал сойған.

Бұрын ауыл басшысы болған Жолдошбай қазір еш жерде жұмыс істемейді, бала-шағасымен бірге диханшылықпен айналысады, нақтысы, бір баласы әкесіне жер өңдеуге көмектеседі, екінші ұлы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ақсақал тойға 5-6 жыл дайындалған.

Атасы немерелерінің құрметіне көкпар ұйымдастырып, жүлдеге астындағы көлігін, бір құлын және 20 қой тіккен. Жолдошбайдың өзі тойға қанша шығын кеткені туралы жайлы айтудан сыпайы түрде бас тартты, бірақ Жақып деген туысы немерелерінің сүндет тойын дүрілдетіп өткізуге ақсақалдың көптен дайындалғанын айтты.

Қырғызстанның Баткен облысындағы Кок-Таш ауылында сүндет тойға жиналған тұрғындар. 14 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қырғызстанның Баткен облысындағы Кок-Таш ауылында сүндет тойға жиналған тұрғындар. 14 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)

– Әлдебір ұпай, дауыс жинау үшін той өткізіп жатыр дейтіндей, ол кісі саясаткер емес, ауыл шаруашылығымен айналысады. Жұртты шақырып, 45 үйге дастархан жайып күтті. Тойға сойылған қойдың саны 45-тен асты. Бұған қоса бір сиыр мен өзге мал да сойылды. Көкпарда жеңгендерге астындағы көлігін, бір құлын, 20 шақты қой, 15 кілем тарту етті. Адал еңбекпен тапқан ақшаны тойға шашып, жұрттың есінде қалатындай етіп думандату керек екенін білу үшін балаларды осылай тәрбелеу керек, - дейді ол.

Баткен облысында тойды бір миллион сомнан кем емес ақшаға өткізу дәстүрі қалыптаса бастаған. Дүбірлі той жайлы хабар төңірекке түгел тарап, алыс-жақын ауылдарға жеткені той иесіне абырой саналады. Жұрт ешқандай дағдарыс, қымбатшылыққа қарамай барын салып той жасайды. Адамдар көбінесе атағын шығару үшін қыруар ақша шашып, той жасайды деп санайтын Динараның айтуынша, той шығындары кей отбасының тұрмысын нашарлатып жібереді.

– Кейбір ауқатты отбасылар көл-көсір той жасайды. Өзгелер де олардан қалғысы келмей аста-төк той өткізеді, бірақ қарызға белшесінен батады. Соңғы кезде ірі жүлделер тігіп, волейбол, футболдан турнир өткізу, көкпар тарту сәнге айналып барады. Қарапайым халық байларға жетеміз деп тыраштанған сайын тұрмысы нашарлайды, - дейді Динара.

Ауыл шаруашылық дәстүріне бай Нарында тойдан кейін той иесінен «Қонақтарды күтуге қанша мал сойдың?» деп сұрайтын әдет бар. Соңғы сән бойынша, құда күтуге бір жарым күн кетеді, осы уақыт ішінде қонақтарға 15-20 рет ет тартылуы тиіс. Сондықтан қарапайым жандар да өзгелерден қалыспауға, аш қалса да, дәстүрден таймауға тырысады.

Жуырда біз Нарын қаласында құда күту рәсіміне қатыстық. Қызы тұрмысқа шығатын Гүлжамал бұл күнге үш ай дайындалған. Құдалар жағынан 25 адам келді.

Қырғызстанның Ош облысындағы үйлену тойы. 17 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қырғызстанның Ош облысындағы үйлену тойы. 17 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

– Қызым «сөз байласқан жігітім бар, соған тұрмысқа шығамын» деді. Мен жігіттің әке-шешесімен сөйлесіп, құдаларды бүгінге шақыратын болып келістік. Шынымды айтсам, дастарханға не қоятынымызды, қандай салаттар әзірлейтінімізді пысықтап, құда күту қамына үш ай дайындалдым. Машақаты көп шаруаға уақыт та, ақша да көп кетті. Тіпті дастархан жаюдың өзі оңай емес қой. Құдаларымыз бізден ауқатты адамдар болғандықтан, ұятқа қалмайық деп оларды күтіп алуға жақсы дайындалдық. Төрт түрлі салат әзірлеп қойдық, ертең тағы жасаймыз. Кеткен шығынды айтпай-ақ қояйын, әйтеуір көп ақша жұмсадық. Екі бөлмеге көл-көсір етіп дастархан жайып, ұлттық тағамдар, жемістің түр-түрін, цитрус жемістерін қойдық. Бір дастарханды сыйлы қонақтар – құдаларға деп әзірледік, екіншісін қысылмай еркін отырсын деп жас жұбайлар мен жастарға жайдық, - дейді Гүлжамал.

Оның отбасы құда күтудің өзіне ғана бір жылқы, 17 қой сойған. Үй иелері «қонақтар келген бетте бірден ет тартамыз, кейін тағы ет береміз» деген еді. Қонақтардың бірі Шу облысынан болып шықты. Шу тұрғындарынан мұндай дәстүрді көрмеген Самарбек дастарханға әкелінген көл-көсір етті көріп қайран қалғанын айтады.

– Әлі кеш түскен жоқ, ал бізге сегіз рет ет тартып, екі мәрте сорпа, мәнті және самса әкелді. Құдаларымыз бізді жуық арада жібермейтін сияқты. «Ертең кетесіңдер» деп отыр. Тағы қанша ет жеуге тура келетінін білмеймін. Бірақ қазірдің өзінде бір түйір ет жейтін шама қалған жоқ! Енді «өз жағымызда құда күту үшін мұнша етті қайдан аламыз?» деп ойланып отырмын, - дейді мейман.

Той кезіндегі қарбалас. Ноокат ауылы, Ош облысы, Қырғызстан. 25 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)
Той кезіндегі қарбалас. Ноокат ауылы, Ош облысы, Қырғызстан. 25 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Гүлжамалдың айтуынша, қалыңдықтың отбасы құдаларға екі рет ғана ет тартқан, ал кейінгі дастархан ауыртпалығын туыстары, әріптестері мен достары «көтеріп» алған. Олар сойылатын қоймен бірге қолдан пісірілген нан-тоқаш, тәттілер мен сусындар әкелген. Құдаларды дастарханды өз үйіне жайып шақырғандар да болды. Олардың бірі – қалыңдықтың нағашысы Кенжебек.

– Құдаларды Салқынтөр жаққа табиғатқа шығарамыз. Бұл – қалыңдықтың нағашы жұртының қосқан үлесі. Бәрін ұйымдастыруға шамамен 30 мың сом кетті. Бізде осындай құпия ереже бар. Туыстардың ұл-қыздары тұрмысқа шықса немесе үйленсе, үнемі осылай жасаймыз, - дейді ол.

Сонымен, біздің есебіміз бойынша, Нарынға келген қонақтарға бір тәулікте 17 рет ет тартылды. Үйде қалған туыстарына ауыз тигізу үшін және бір қойдың етін құдаларға көтертіп жіберді.

Енді күйеу жігіттің туыстары да құда күтіп, қонақжайлылық танытуы тиіс. Қалыңдық жақтан келетін құдалардың алдында ұятқа қалмас үшін олардың да намысқа тырысары анық. Егер құдалыққа шақырып жатса, мұның жайын да айта жатармыз.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан әзірленді.)

XS
SM
MD
LG