Accessibility links

Нұржан Өркешбаев үйлену тойына қамданып жүр


Нұржан Өркешбаев қалыңдығымен бірге. Әлеуметтік желіден алынған сурет..
Нұржан Өркешбаев қалыңдығымен бірге. Әлеуметтік желіден алынған сурет..

Ерте қартаю дертіне шалдыққан Атырау облысының тұрғыны Нұржан Өркешбаев жақында үйлену тойы болатынын хабарлады. Ол туыстары мен достарына қоса, өзін емдеген дәрігерлер мен ресейлік ток-шоу жүргізушісі Андрей Малаховты да тойға шақырды.

Атырау облысындағы Мұқыр ауылының тұрғыны Нұржан Өркешбаев сирек кездесетін сырқатқа шалдығып, бүкіл елге танымал болған еді. Қазіргі кезде ол Қазақстандағы «прогерия» (ағзаның мерзімінен тыс қартаюы) дертіне шалдыққан жалғыз емделуші.

15 жыл бұрын Атыраудағы ерекше бала жайлы жаңалық телеарнада айтылған соң Нұржанды Алматыдағы Ақсай республикалық балалар ауруханасында профессор Зита Мәжитова жетекшілік еткен мамандар тексерген еді. Одан соң профессормен бірге Германияға барған Нұржанды неміс дәрігерлері қарап, баланың «ішкі мүшелері қалыпты дамып келеді, тек терісі ғана тез қартайып барады» деген шешім шығарған.​

БЕС ЖАСАР «ҚАРИЯ»

Өркешбаевтардың жас отбасы тұңғыштары Нұржан туғанда қатты қуанған екен. Қазақ дәстүрі бойынша оны жастардың ата-анасы тәрбиелеген. Бала бес жасқа толғанда оның терісіндегі өзгерісті алғаш рет әжесі байқаған. Бірақ бұндай сырқатпен бірінші рет кездескен аудандық дәрігерлер балаға еш көмек бере алмаған. Әжесі баланы жергілікті емшілерге апара бастайды. Олар түрлі кеңестер береді, тіпті жануарлардың тезегін теріге жағып «емдегендер» де болған.

18 жастағы Нұржан Өркешбаев өз үйінің ауласында. Мұқыр ауылы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 жыл.
18 жастағы Нұржан Өркешбаев өз үйінің ауласында. Мұқыр ауылы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 жыл.

Амалдары таусылған Нұржанның әжесі мен ата-анасының салы суға кетеді. Ұл бала біртіндеп кішкентай қарияға айнала бастаған. Сәлден соң олар баланың қартайған келбетіне үйреніп, мән бергенді қойған. Телеарна журналисі баланы кездейсоқ байқап қалған соң ғана жергілікті тілшілер бұл туралы хабарлар жасаған.

Нұржан өз құралыптастарынан тек бет-әлпеті ғана өзгеше болып өсті. Осы жолдардың авторы Алматыдағы балалар ауруханасына барып, оған алғаш жолыққанда баланың үйірсек екенін байқаған еді, ол адамдарды өзіне тартып тұратын. Кәмпит, жеміс-жидек, тапанша сияқты сыйлық әкелген адамдарға қатты қуанатын, Нұржан авторды бірден «тәте» деп атап кетті.

Журналист келесі жолы келгенде ол құшақ жая қарсы алды. Сол кезде «өскенде міндетті түрде ұшқыш боламын» дейтін. Нұржан сол жолы алғаш рет ұшақты көріп, онымен Атыраудан Алматыға ұшып келген еді, алып машинаның жұмысы оны қайран қалдырған. Нұржан стюардесса қыздарды ұнатып, әдемі униформа киген ұшқыштар жайлы тамсана әңгімелеген-ді.

ЕРЕСЕК ӨМІР

Қазір 24 жастағы Нұржан Өркешбаев Азаттық тілшісіне музыкант болып жұмыс істейтінін айтты. Ол домбыра тартып, ән салады. Тойларда өнер көрсеткеннен басқа табыс көзі жоқ. Нұржан өте мейірімді жігіт, ауылда достары көп. Олармен қалжыңдасқанды жақсы көреді. Достары оның әзілдері мен ойынына ешқашан ренжімейді. Ол отырыс, жиынның көрігін қыздырады, сондықтан жергілікті жастар оны ойын-тойлардан қалдырмайды.

Нұржан Өркешбаевтың тойына шақыру қағазы. Әлеуметтік желідегі сурет.
Нұржан Өркешбаевтың тойына шақыру қағазы. Әлеуметтік желідегі сурет.

Жергілікті билік Атырау қаласындағы жаңа пәтердің кілтін берсе де, Нұржан әлі күнге дейін ата-анасымен бірге Мұқыр ауылында тұрады. Бұл жерде өзін жайлы сезінеді, ондағы жұрттың бәрі оны біледі, жақсы көреді. Қалыңдығын да осында әкеледі. Қыз Құлсары ауылының тумасы. Оқу бітірген, бірақ әлі жұмыс тапқан жоқ.

Нұржанның таңдауы түскен бойжеткеннің есімі – Әсемгүл. Нұржанмен телефон арқылы сөйлескен кезде қасында болса да, оған телефон тұтқасын бермеді. «Бұл жеке өмірімізге араласу» деп әзілдеді жігіт. Өзі туралы жазған журналистерге шақыру билеттерін жіберген соң телефонына тыным жоқ, бәрі қоңырау шалып, құттықтап жатыр. Бірақ кейде Нұржанға ұнамсыз сұрақтар да қояды. Сондықтан ол әзірге журналистердің қалыңдығына сұрақ қойып, мазалағанын қаламайды.

МҰҚЫРДАҒЫ ТОЙҒА МАЛАХОВТЫ ДА ШАҚЫРДЫ

Бірнеше жыл бұрын Нұржан Өркешбаев Андрей Малаховтың «Пусть говорят» бағдарламасына қатысқан еді. Осы бағдарламаның арқасында Қазақстаннан Нұржанның пластикалық операциясының ақысын төлеуге көмектескен адамдар табылды. 2011 жылдың соңында Нұржанға екі кешенді пластикалық ота сәтті жасалды.

Нұржан Өркешбаев операциядан кейін баспасөз мәслихатында (2011 жылғы видео):

Операциядан кейінгі Нұржан
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00

Бағдарламаны жазып жатқан кезде Андрей Малахов Нұржанға «үйлену тойыңа міндетті түрде барамын» деп уәде берген еді. Малаховқа шақыру билетін жіберген Нұржан одан тойға келемін деген хабар күтіп отыр. Қазір үйлену той қамымен шапқылап жүрген үлкен ұлдарының тойы ата-анасы үшін де ерекше қуаныш.

– Шақыру билеттерін жібердім. Қанша екенін білмеймін. Бірақ менің үйлену тойыма үш миллион қонақ келгелі жүргендей көрінеді. Не істерімді де білмеймін, - дейді бұл тойға келгісі келетіндердің көп екенін айтқан Нұржан Азаттық тілшісіне.

Нұржан Өркешбаев таңқаларлық әрекет жасап жатырмын деп ойламайды. Ерекше назар аударып, дүрлігуге еш себеп жоқ дейді. Басқа да жігіттер тәрізді өзі сүйген аруға үйленіп жатыр. Өмірлік жар тауып, шаңырақ көтеретіндігіне қуанышы қойнына симай жүрген жігіт өзін бақытты сезінеді. Тамыздың басында болатын үйлену тойына дайындалып жатқан ата-анасы мен туыстарының қуанышында да шек жоқ.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG