Accessibility links

Жастай қартайған Нұржан Өркешбаев өзіне ғана сенеді


Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылының тұрғыны Нұржан Өркешбаев.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылының тұрғыны Нұржан Өркешбаев.

Атырау облысының Мұқыр ауылында тұратын, ерте қартаю ауруына шалдыққан Нұржан Өркешбаевты жергілікті билік тек ресейлік шоу-бағдарламадан соң ғана еске ала бастады.


Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылында тұратын Нұржан Өркешбаев ерте қартаю ауруына (прогерияға) шалдыққан. Ол биыл 20-ға келді.

Нұржанның ауруы жайлы алғаш рет айтыла бастаған 2000 жылдары ол бар болғаны 10 жасар бала еді. Одан кейін 2001 жылы Ресей, Германия клиникаларына барғанымен, ерте қартаю ауруы туралы ДНК сараптамаларынан басқа көрсетілген ем-дом болған жоқ.

«ӘН САЛЫП КЕЛГЕНДЕЙ БОЛДЫМ»

Биыл қазан айында Нұржан Өркешбаевты ресейлік танымал «Пусть говорят» шоу-бағдарламасына шақырды. Ресейлік хабардың кезекті саны осындай ауруларға шалдыққан адамдар жайлы болған еді. Алайда онда тек жасына жетпей қартайған жас қазақ жігітінің махаббат мәселесі көрермендер назарына ұсынылды. Хабар жүргізушісі Андрей Малахов Нұржанға ән салдырып, жиналғандар тамашалап, мәз болысты.

– Менің «Пусть говорят» хабарына шығуым сол екен, кенет Қазақстанда мені барлығы есіне түсіре қалды, – дейді Нұржанның өзі сол жолғы сапары жайлы. – Қазақстандық басылымдар мен телеарналар бірінен кейін
Нұржан мен оның кенже інісі Талант. Мұқыр ауылы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 ж.
Нұржан мен оның кенже інісі Талант. Мұқыр ауылы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 ж.
бірі шақырып, менен сұқбат алуға асықты. Бірақ бірде-біреуі менің денсаулығым жайлы сұраған жоқ. Әңгіменің арқауы - менің Мәскеуге қалай барып, Ресей арнасына шығып келгенім төңірегінде ғана болды. Мен бір сонда барып, ән салып қана келген жұлдыз сияқты болдым.

Нұржан ресейлік дәрігерлердің аса бейілденіп кеңес бере қоймағанын айтады. Керісінше, олар Ресейге қарағанда Қазақстанда медицина саласына қаржының көп бөлінетінін көлденең тартып, өздерінің қолдары жетпей жүрген көптеген жаңа құрал-жабдықтардың Қазақстанда бар екенін айтты дейді жас жігіт.

– Мәскеудегі дәргерлер «бізге келмейтін шетелдік атақты профессорлардың көбі Қазақстанға барады. Өйткені онда медицинаға көп ақша бөлініп жатыр» деді. Орысша да жақсы білмеген соң олармен ойымды тарқатып сөйлесе алмадым. Егер бұл проблема Қазақстанда солай көтерілсе, ішімдегіні ашық айтар едім, көмектесетін адамдар да табылар еді, – деп армандайды Нұржан.

Оның айтуынша, ресейлік бағдарламалардың көшірмесін жиі жасайтын қазақстандық телеарналарда да «Пусть говорят» теле-шоуына ұқсаған бағдарлама бар.

– Мәскеудегі «Пусть говорят» сияқты «Хабар» телеарнасында шығып тұратын «Сонымен солай дейік» деген бағдарлама бар. Ал шындығына келгенде, мен сияқты аурудың басқа да түрлеріне шалдыққан балалар жетерлік Қазақстанда. Неге соларды шақырып, проблемаларын қозғамайды? – дейді Нұржан.

Ол былтыр өзіне қазақстандық телеарнадан хабарласып: «Нұржан, сізді шақырайық деп едік, жол-кіреңізді көтеріп аламыз, депутаттар қатысады, көмек болар» дегенін еске алды. Алайда кейін олар қайта телефон соғып, қаражат табылмай жатқанын айтып, сол беті үнсіз қалыпты.

АУЫЛДАҒЫ ТІРЛІК

Нұржан Өркешбаев қазір Атырау қаласынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан Мұқыр ауылында тұрып жатыр. Ауыл тұрғындарында газ жоқ болғандықтан малдың тезегін жағып, суды көлікпен тасып күн көреді.

Ауылдағы орта мектепті аяқтаған соң Нұржан оқуға барған жоқ. Өзінен
Өркешбаевтар отбасы (солдан оңға қарай): Нұржан, жиені мен немере апайы Нұрғайша, әкесі Жаңбырбай, анасы Базаргүл, немере ағасы Нұрлан, кенже інісі Талант пен қарындасы Әсел. Мұқыр ауылы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 ж.
Өркешбаевтар отбасы (солдан оңға қарай): Нұржан, жиені мен немере апайы Нұрғайша, әкесі Жаңбырбай, анасы Базаргүл, немере ағасы Нұрлан, кенже інісі Талант пен қарындасы Әсел. Мұқыр ауылы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 ж.
кейінгі інісі мен қарындасы оқуға түскен соң ауылдағы ата-анасына қарайласып, үй шаруасына жәрдемдеседі.

Жергілікті шенеуніктердің ұсынуымен 3 айлық құбыр құрастырушы-дәнекерлеуші мамандығын оқып шыққанымен, оған денсаулығы жарамай отыр.

– Үйдегі малды қарап болған соң кешке қарай ауылдағы дос-жолдас балалармен кездесемін. Кейде құрдастарыммен бірігіп өлең айтамыз. Арасында кино қарап, компьютерде отырамын, – дейді өзінің ауылдағы тірлігі жайлы Нұржан.

Сырт келбеті болмаса, басқа өзі құралыптас жас жігіттерден Нұржанның еш айырмашылығы жоқ. Ұзын бойлы, шымыр денелі, ақжарқын, кісі жатырқамай ашыла сөйлесетін жігіт.

– Бұрын ұшқыш болғың келетінін айтып едің ғой, – деймін осыдан екі жыл бұрынғы өзі айтқан әңгімелерін еске салып. Күледі.

– Ол бала кездегі ойлар ғой. Қазір тек операция көмегімен осы ауруымнан арылудан басқа арманым да, мақсатым да жоқ. Қалғанын көре жатар едім, – дейді.

Нұржанның айтуынша, биыл Мәскеуден Атырауға оралған соң оны бірден қала әкімі Мереке Есмұратов қабылдап, пәтер беруге уәде етіпті.

АУРУХАНАҒА - ЖЫЛЫНА БІР РЕТ

Нұржан Өркешбаевтың ауруы кезінде жапон ғалымдарының да назарын аударған еді. 2009 жылы сол елден келген бір маман Мұқырға барып Нұржанмен сөйлесіп кеткен.

Жапонияда 40 мың адамның біреуі генетикалық ауытқудан зардап шегетін болса, Қазақстанда прогерияға шалдыққан адам ретінде әзірге белгілісі - жалғыз Нұржан Өркешбаев қана. Сол жолы жапондық ғалымдар жалпы мұндай ауру
Нұржан Өркешбаев өз үйінің ауласында. Мұқыр ауылы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 ж.
Нұржан Өркешбаев өз үйінің ауласында. Мұқыр ауылы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 ж.
терең зерттеуді қажет ететінін, сол арқылы адам ағзасының қалай қартаятынын зерттеп білуге болатынын айтқан. Олар өз елдеріндегі осындай аурумен Нұржан диагнозы арасынан ұқсастық іздеген еді. Алайда ол зерттеудің немен аяқталғаны белгісіз.

Нұржан Өркешбаев 18 жасқа дейін Алматыдағы республикалық «Ақсай» клиникалық балалар ауруханасында емделіп жүрген. Ал қазір тек жылына бір рет облыстық ауруханаға жатып, ем қабылдайтынын айтады.

Облыстың бас терапевт дәрігері Күлән Ахметова Нұржанның қазіргі денсаулығына хабарсыз екен. Ал Нұржанның денсаулығын бақылап жүрген Қызылқоға аудандық ауруханасы дәрігерінің орынбасары Жәниба Ақжамалова оның денсаулығы, ағзасының жетілуі өз жасына толық сәйкес екенін айтып отыр.

- Оның созылмалы гастриті, холециститі, жүрегінде сәл ақауы болмаса, денсаулығы жақсы. Терісіндегі өзгеріс те сол алғаш пайда болған 6 жастағы қалыпта, оңалған да, өзгерген де жоқ. Оны тіпті сыртынан қараған адам ауру деп ойламайды да. Дене бітімі келісті, ақыл-есі түзу, - дейді Жәниба Ақжамалова.

Дәрігердің айтуынша, Нұржан денсаулығы сыр бере бастаған кезде облыстық ауруханада емделіп қайтады. Оған үшінші топтағы мүгедектік белгіленген.

ДЕНСАУЛЫҒЫМ ЖАҚСЫ

Бірақ Нұржанның өзі денсаулығы жайлы айта бергенді ұнатпайды.

– Денсаулығым жақсы, өзімді жақсы сезінемін. Үй шаруасынан қолым босай қалғанда жүгіріп, спортпен айналысамын, – деп қысқа қайырды ол.

Нұржан қазір банк мекемесінен арнайы есепшот ашып қойғанын айтады. Соған жиналған ақшаға шетелге барып, пластикалық операция жасатуды армандайды.

– Қазір қанша түскенін білмеймін. Әлі тексеріп қарағаным жоқ, – дейді ол.

Нұржан Өркешбаев туралы Азаттық мұрағатындағы видеоны қараңыз:

Қария келбетті бозбала Нұржан
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00
XS
SM
MD
LG