ӨРКЕНИЕТ ЖЕТІСТІКТЕРІНЕН АДЫРА ҚАЛҒАН МҰҚЫР
Мұқыр ауылы – Атырау облысының ең бір артта қалған Қызылқоға ауданында, облыс орталығынан 250 шақырымда орналасқан. Ауданды Атыраумен жалғастыратын автомобиль жолының тас-талқаны шыққан, негізгі қатынас темір жол арқылы ғана.
Жеті мың тұрғыны бар Мұқыр ауылының негізгі кәсібі – мал бағу. Егіншілік мұнда жоққа тән. Шенеуніктер Атырау облысын табиғи газбен және ауыз сумен толық қамтамасыз еттік деп жоғарыға бұрқыратып есеп бергенімен, өркениеттің бұл жетістіктеріне мұқырлықтар әзірге қол жеткізе алмай отыр.
Ауыз суды мұнда арнайы автокөлікпен әкеліп, қолдан қазған құдықтарға құйып алады. Машинамен суды бір мәрте әкелу 1500 теңге (шамамен 10 доллар) тұрады. Осы күнге дейін ауданға газ тартылмаған. Ауыл адамдары қыста үйлерін көмірмен жылытады. Көмірді темір жол торабындағы Сағыз стансасынан тасиды. Көмірдің бір тоннасы 8-9 мың теңге (шамамен 60 доллар). Қыс мезгілінде әр отбасына бірнеше тонна көмір қажет.
Өзіне журналистердің келе жатқанын естіген Нұржан досымен бірге бізді қарсы алу үшін ескі мотоциклін мініп жолға шығыпты. Алғашқы алған әсерім: кәдімгі иықты келген, ақырын сөйлейтін, қолынан еңбекке піскені байқалатын жас жігіт. Бірақ, 18 жасар Нұржанның бет-әлпеті әбден қартайған адамға ұқсайды.
Өркешбаевтар Мұқырдың шетіндегі өткен жылы өздері бүкіл отбасы болып жабылып салып алған үйлерінде тұрады екен.
«Төрт балам бар. Үлкенім Нұржан, одан соң 15 жасар қызым және кіші екі ұлым бар.Өзім «Қайнармұнайгаз» («Ембімұнайгаздың» бөлімшесі - Азаттық) мұнай өндіру басқармасында жүргізуші болып жұмыс істеймін. Әйелім – Базаркүл үй шаруасында. Көп балалы отбасыларға тиісті коммуналдық қызметтерге жеңілдіктен өзге аудандық әкімдіктен ешқандай көмек алмаймыз», – дейді Нұржанның әкесі Жаңбырбай Өркешбаев.
Жаңбырбай Өркешбаев бірнеше жыл бұрын ауыл шетіндегі ескі үйді сатып алған екен. Енді сол жерге өз күштерімен жаңа үй салып алыпты.
– Алайда, ауыл әкімдігіндегі бюрократтық сарсаңға бола әлі күнге дейін жаңа үйімнің құжатын ала алмай отырмын. Мен алған үйдің бұрынғы егесі әйел адам қайтыс болған. Ал, жердің мемлекеттік актісі жоғалып кеткен. Міне енді әкімдіктің табалдырығын тоздырудамыз, – дейді отағасы.
Ата-анасының айтуларынша, барлық балаларының денсаулығы жақсы, мықты болып өсіп келеді. Биыл Нұржан Мұқыр орта мектебінің 11-сыныбына көшті, сабағы жақсы. Достары көп, ешкім одан басын алып қашпайды. Кешкісін кәдімгі жасөспірімдер тәрізді бір уақытқа дейін қыдырып кетеді. Ауыл клубындағы дискотекаға барады. Жазғы каникулда ауылдағы қатарларымен бірге шөп шауып, үй шаруашылығына көмектеседі.
БАЛАСЫНЫҢ ҚАЛАЙ ҚАРТАЯ БАСТАҒАНЫ ТУРАЛЫ АНАСЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Нұржанның анасы Базаркүл баласының күтпеген жерден қалай қартая бастағаны туралы Азаттық радиосының тілшісіне айтып берді:
Өркешбаевтар отбасы (солдан оңға қарай): Нұржан, жиені мен немере апайы Нұрғайша, әкесі Жаңбырбай, анасы Базаргүл, немере ағасы Нұрлан, кенже інісі Талант пен қарындасы Әсел.
– Нұржан 1991 жылы қалыпты, денсаулығы жақсы бала болып дүниеге келді. Дәстүр бойынша біз оны алыстағы ауылда тұратын әжесіне, менің енеме бердік. Баланың қартаю белгілері алғаш рет төрт жасында біліне бастады. Нұржанның құлағының сырғалығы салбырап, көзінің айналасындағы терілері ісе бастады.Оны алдымен халық емшілеріне алып бардық. Олар көмектесе алмады. Кішкентай кезінде оны дұрыс сүндеттемегендіктен, осындай бәлеге душар болдыңдар деді бізге. Бірақ, бала тез қартая бастады. Алты жасында оның бетін терең әжімдер басып кетті.
Көрші ауылда екі басты бұзау туған кезде ел бір түннің ішінде қарияға айналған Жаңбырбайдың баласы туралы айта бастады. Марқұм әжесі немересін Атыраудағы, кейінірек Ақтөбедегі дәрігерлерге алып барды. Олардың қолынан ешнәрсе келмеді.
2000 жылы жайлауға бірінші рет журналистер келіп, Нұржан туралы сюжет түсірді. БАҚ-тардағы хабарлардан соң бізді бірден Алматыға тексеруге шақырды. Бізге бүгінде марқұм болып кеткен Қазақ мемлекеттік медицина университетінің профессоры, «Ұрпақ» қалпына келтіру орталығының басшысы Зита Мәжитова көп көмектесті.
Экологиядан зардап шеккен балалармен айналысқан дәл сол кісінің көмегі арқылы Нұржан Германияға тексерілуге барып келді. Ол жақта неміс ғалымдары молекулярлық-генетикалық зерттеулер үшін Нұржанның қаны мен терісінің анализін алды. Кейінірек Нұржанға жапон ғалымдары қызығушылық таныта бастады. Бірақ, сапар бағасы қымбаттау болғандықтан, Қазақстан ғалымдарының оған қаржысы болмады.
ОПЕРАЦИЯҒА АҚША ЖИНАУ МҮМКІН БОЛМАЙ ТҰР
Республикалық Ақсай балалар клиникасының «Экология және балалар» бөлімшесіндегі емдік курстардан соң баланың ағзасындағы қартаю процестерін тоқтатуға мүмкіндік болды дейді ата-анасы.
Сол жолы жетекші дәрігерлердің консилиумынан соң Нұржанға «прогерия» немесе «бос терінің синдромы» деген диагноз қойылды. Бұл –адам ағзасын ерте қартаюға алып келетін, сирек кездесетін генетикалық сырқат. Әлемде бұл сырқатпен бірнеше ондаған адам ауырады.
Профессор Зита Мәжитова қайтыс болған соң Нұржан Өркешбаевтың сырқатының ғылыми зерттеуі тоқтап қалды. Мұқыр ауылынан
Нұржан мен оның кенже інісі Талант. Мұқыр ауылы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 жыл.
шыққан ерекше бала жайында қоғам да тез ұмытты. Өркешбаевтардың тұрмысы төмен отбасына пәтер беру туралы облыс әкімінің уәдесі де бос сөз болып қалды. Жаңбырбай ол кезде жұмыссыз болатын. Отағасы шенеуніктерге барып жалынып пәтер сұрағысы келмеді.Нұржанды жыл сайын профилактикалық тексеру үшін Ақсай клиникасына шақырып тұрды. Балаға үшінші топтағаы мүгедектік берілді. Ата-анасының айтуынша, бүгінде Нұржан ешқандай ем алып жатқан жоқ.
«Жасы келгендіктен енді Нұржанды Ақсай балалар ауруханасына қабылдамайды. Соңғы рет өткен жылы барғанымызда аудандық денсаулық сақтау бөлімі анықтаманы дұрыс толтырмағандықтан, Нұржан екі күн аурухананың изоляторында болды. Жетпеген құжаттарды біз факс арқылы ауруханаға салып жібердік. Біз Нұржанға пластикалық операция жасауға көмектескендерін қалаймыз. Ол кәмелеттік жасқа толды.
Бұрын дәрігерлер баланың терісі мен бұлшық еттері әлі өсіп, дамып жатқандықтан, операцияны тек есейген соң ғана жасау керек деген болатын. Жүргізушінің жалақысынан қымбат операцияға ақша жинау мүмкін емес», – дейді Жаңбырбай Өркешбаев.
«АЛЛАДАН МЕНІҢ БЕТІМДІ ЖАСАРТУЫН СҰРАЙМЫН»
Азаттық радиосының тілшісімен болған сұхбатта Нұржан өзінің арманымен бөлісті.
– Нұржан, өз бейнеңді көрмеу үшін сенің айнаға қарамайтының рас па?
Нұржан Азаттық радиосының тілшісімен әңгімелесіп отыр. Мұқыр ауылы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы. 17 шілде 2009 жыл.
– Жоқ, әрине. Айнаға күнде қараймын. Өзімнің өзгеше келбетіме әлдеқашан үйренгенмін. Мен бұны түзеуге болады деп ойлаймын. Ең бастысы дәрігерлер пластикалық операция жасап, әжімдерді алып, бетімді керіп берсе болғаны.– Өзіңді қалай сезінесің, ағзадағы өзгерістерді байқайсың ба?
– Өзімді өте жақсы сезінемін, ағзамнан алып бара жатқан өзгерістерді байқамаймын. Тек ұйықтар алдында Алладан менің бет-әлпетімді өзгертіп, өзімнің қатарларым сияқты жап-жас қылуын сұраймын.
– Нұржан, бүгінде ауыл жастарының ахуалдары қалай, оқудан қол бос кезінде немен шұғылданасыңдар?
– Балалармен бірге қыдырамыз, ауылдың клубына барамыз. Жақында бізде музыкалық бәйге болып, оған менің досым қатысты. Біз гитараға және минусовкаға қосылып ән айтамыз. Ауылда спорт секциясы ашылып, елмен араласып, білім алу үшін интернет қосылса жақсы болар еді.
– Нұржан, мектеп бітірген соң қайда оқуға барғың келеді?
– Өртке қарсы қызмет мамандарын даярлайтын республикалық институтқа түскім келеді. Барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Ең бастысы – бет әлпетімді түзеп берсе болғаны.
ЗЫМЫРАН СЫНЫҚТАРЫНЫҢ ОРТАСЫНДА ӨТКЕН БАЛАЛЫҚ ШАҚ
Біз Нұржанның сырқатына не себеп болуы мүмкіндігі жайында оның ата-анасымен сөйлестік. Жаңбырбай Өркешбаев бұл тұқым қуалаудан болған ауру емес деп үзілді-кесілді мәлімдеді. Оның жеті атасына дейін дендері сау болған. Нұржанның әкесі былай дейді:
«Мен Нұржанның сырқатына экология, атап айтқанда, полигонмен көрші болуымыз кінәлі деп ойлаймын. Нұржан кішкентайынан Жамансор деп аталатын жердегі әжесінің тәрбиесінде болды. Бұрын ол жерде әуе қорғанысы күштерінің советтік әскери базасы бар болатын. Ресейдің Астрахань облысындағы «Капустин Яр» полигонынан ұшырылған баллистикалық зымырандар осында келіп құлайтын. Жанымызда Тайсойғандағы жұмыс істеп тұрған зымыран полигоны тағы бар.
Бала күнімде шопандардың үйлерінің жанынан сиренаның аңыраған дауысы шығатыны есімде. Содан соң әскерилер малшыларды бала-шағасымен жүк машинасына асығыс тиеп, алып шығатын. Бұл дегеніңіз мұнда қанатты зымырандар құлайды деген сөз. Зымырандар тура үйге немесе мал жайылымына түскен кездер де болды.
Тайсойғанның құмында зымыранның сынықтары толып жататын. Жарылмай қалған зымырандарды кесеміз деп жарылып кеткен адамдар да болды. Бала кезімде баллистикалық зымырандардың жанармай құятын бактарын талай рет тауып алғанмын. Бір жолы досым екеуіміз оны ашып, ішіндегі түссіз сұйықты төккенбіз. Бұл бензин шығар деп жағып көрмек болған едік, онымыздан ешнәрсе шықпады. Біз ол кезде бұның өте улы зымыран отыны, мысалы, гептил екенін мүлде білген де жоқпыз...
Жергілікті тұрғындар даладан тауып алған заттарын үйіне тасиды. Біреулер зымыранның корпусынан дәретхана жасап, бастырманың төбесін жауып немесе ауласына қоршау жасайтын. Мен Нұржанның кішкентай кезінде есік алдындағы континентальды зымыранның сынықтарынан жасалған бастырманың астында ойнап отырғанын талай рет көрдім. Нұржанның әжесі бірнеше жыл бұрын рак ауруынан мезгілсіз қайтыс болды».
Нұржанның ерте қартаюына дәл сол полигонның себепкер болғандығын ғалымдар дәлелдей алмайды. Алайда, Қызылқоға ауданында кемтар балалар жиі дүниеге келеді. 2001 жылы ауданда Арыстанов деген бала белгілі болды. Ол біртіндеп өскен сайын қозғалудан қалды. Оған нақты диагнозды ешкім қоя алмады.
Ғалымдар науқас балалардың арасынан сирек кездесетін «туылғаннан сүйегі сынғыш» 11 жасар қызды тапты. Тайсойғандағы полигоннан бөлек, Атырау облысының Құрманғазы ауданында совет кезеңінде жиі-жиі ядролық сынақтар жасалған Азғыр полигоны да орналасқан.
ДӘРІГЕРЛЕР НҰРЖАНҒА ЖАҚСЫЛАП ЕМДЕЛУ КЕРЕК ДЕЙДІ
Соған қарамастан, медициналық қорытынды бойынша, Нұржанда үлкендерге тән біраз аурулардың бар екендігі белгілі болды. Олар: эрозиялық гастрит, холецистит, жүректің сырқаты, гипертониялық синдром және т.б.
Жігіттің өзі де, ата-анасы да оның денсаулығы жақсы дейді. Бірақ, көзінің көруі аздап нашарлаған.
Алайда, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы емдеу-профилактикалық бөлімінің бастығы Алмагүл Қабдрахманованың айтуынша, қазір Нұржанның ағзасының жағдайы 38-40 жастағыларға сәйкес келеді.
«Нұржанның ішкі ағзаларының жағдайы ерте қартаюға байланысты диагнозды растайды. Ол өзінің шынайы жасынан 10-15 жыл алда келеді. Эрозиялық гастрит және асқазанаралық бөліктің кемістігі сияқты созылмалы сырқаттар жақсылап емдеуді қажет етеді».
Жақында премьер-министр Кәрім Мәсімовтың блогында Нұржан жайында хат жарық көріп, тек осыдан кейін ғана Денсаулық сақтау министрлігіндегілер оны естеріне түсіріп, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен байланысты.
Шілденің 20-сында Нұржан Өркешбаевты облыстық ауруханада тексеріп, гастроэнтерология бөлімшесіне жатуға ұсыныс жасаған. Алайда, Нұржан мен әкесі ауылда шөп шабу науқаны басталғандықтан ауруханаға жатудан бас тартып, жергілікті жерде емделеміз деген.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу-профилактикалық бөлімінің бастығы Алмагүл Қабдрахманова қорытындысына Азаттық радиосына былай деді:
– Шындығында, жас жігіттің дене бітімі мықты болып көрінеді, бойының ұзындығы 180 см. Ол есейген, араласуға ашық. Денсаулық сақтау министрлігімен бірге тамыз айының соңында оны тексеріп, емдеу үшін Кардиология және ішкі ағзалар аурулары ғылыми-зерттеу институтына жіберуге шешім қабылдадық. Сол жердің және медико-генетикалық сараптаудың қорытындысының негізінде оны шетелге, пластикалық операция жасауға жіберу мәселесі шешіледі. Бұл кезде оған демеушілердің көмегі керек болуы да ықтимал.
Анықтама: Гептил – симметриялық емес диметилгидразин - өте улы жанармай. Ғылыми деректерге байланысты гептил суда жақсы ериді. Сілтілік реакцияға түседі. Өте қатты әсер ететін у. Синил қышқылынан алты есе улы, канцерогенді, мутагенді, тератогенді (іштегі баланың массасы мен өлшемінің кішіреюі, анемия, бастағы гематомалар) және өзге де залал тигізетін сипаттамасы бар зат. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы зарин және фосген тәрізді әскери улаушы заттардың қатарындағы 1-ші класты қауіпті зат деп таныған. Табиғатта кумулятивтік қасиетке ие. Яғни, топырақта, өсімдікте, тірі ағзаларда, кез-келген заттарда жиналу мүмкіндігі бар.