Бұл клиника Азаттықта қараша айында жарияланған Нұржан туралы мақаланы оқыған соң редакциямызға хабарласып, мақала кейіпкеріне көмектесуге дайын екендіктерін айтқан.
Операцияны "Нисссамед" клиникасының дәрігерлері Алматы қалалық денсаулық басқармасына қарасты "Емдеу-диагностикалық орталығының" хирургия бөлімінде жасады. Тегін жасалған операцияның құны 1 миллион 250 мың теңге тұрады.
БІР КҮНДЕ - ТӨРТ ОПЕРАЦИЯ
Операцияны екі дәрігер жасады. Бірі – осы клиниканың бас дәрігері Болат Баиров, екіншісі - Айгүл Баирова.
Операция алдында журналистерге сұхбат берген клиника мамандары Нұржанға бір мезгілде төрт операция жасалатынын айтқан. Бұл операциялар өз ішінен үш түрге - пластикалық, эндоскопиялық және реконструктивтік операция болып бөлінеді екен.
– Бір операцияның ішінде төрт операция болады. Бұл дегеніміз – біріншісі маңдайға (эндоскопиялық хирургиямен), екіншісін көзіне жасайық деп отырмыз - көзін ашамыз. Міне, көзі жартылай жабық тұр. Сосын бетке, құлағына, мойнына жасаймыз, - деген еді Болат Баиров.
Дәрігерлердің айтуынша, Нұржанның ауруы медицина тілінде «прогерия» деп аталады. "Мұндай операция Қазақстанда бірінші рет, ал ТМД елдерінің арасында екінші рет жасалайын деп тұр. Жалпы әлем бойынша да мұндай жағдай өте сирек кездескендіктен операция күрделі болады" дейді дәрігерлер.
– Біз үлкен зерттеу жасадық. Оған барлық мамандарды тарттық. Нәтижесінде бұл пациенттің денсаулығы мұндай операция жасауға жарамды екенін анықтадық, - деді Болат Баиров.
Журналистер пластикалық операцияның нәтижесі қанша жылға жарайтынын сұраған еді. Дәрігер «бәрі де аурудың даму ерекшелігіне байланысты екенін, бірақ бірнеше жылдарға жететінін» айтты.
- Операцияның күрделілігіне байланысты қазір қандай да бір болжам жасау қиын. Ол үшін әлі шамамен екі аптадай уақыт керек, - дейді «Ниссамед» клиникасының бас директоры Гауһар Жансейітова.
ОН ЖЫЛ КҮТУ
Ал Нұржан бейсенбі күні операция жасатуға кіріп бара жатып, операцияның ойдағыдай өтетініне сенетінін айтқан.
– Операция жақсы болады деп ойлаймын. Көңіл-күйім, бәрі жақсы, - деген.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылында тұратын Нұржан Өркешбаев биыл 20-ға келді.
Нұржанның ауруы жайлы Қазақстанда алғаш рет 2000 жылдары айтыла бастаған. Ол кезде Нұржанның жасы 10-да еді. Одан кейін 2001 жылы Ресей, Германия клиникаларына барғанымен, ерте қартаю ауруы туралы ДНК сараптамасын жасағаннан басқа ем-дом көрсетілмеген.
Операцияның түпкі нәтижесі 10 күннен соң анық белгілі болады. Азаттық радиосы оқырмандарды Нұржан Өркешбаевтың жағдайынан хабардар етіп отырады.
Нұржан Өркешбаев «Ниссамед» клиникасында операцияға дайындалып отырған кезде түсірілген бейнекөрініс: