Accessibility links

Нұржан Өркешбаевқа соңғы операция жасалды


Нұржан Өркешбаевтың операциядан бұрынғы және кейінгі суреті. Алматы, 27 желтоқсан 2011 жыл.
Нұржан Өркешбаевтың операциядан бұрынғы және кейінгі суреті. Алматы, 27 желтоқсан 2011 жыл.

Өткен жылдың аяғында атыраулық 21 жастағы жігіт, ерте қартаю ауруына ұшыраған Нұржан Өркешбаевтың бетіне алғашқы операция жасалған еді. Алматыдағы «Ниссамед» клиникасы сәуірдің 3-і күні емдеу шарасының үшінші кезеңін – манипуляцияны атқарды.

Бұл операцияны жасаған хирург Болат Баировтың айтуынша, Нұржан емханада бір аптаға жуық емделіп, дәрігерлердің бақылауында болмақ.

– Бүгін манипуляцияларын жасадық. Дүйсенбі күнге дейін пациенттің бетін көрсете алмаймыз, – деді хирург Болат Баиров.

Оның айтуынша, алғашқы операциядан бергі төрт айға жуық үзіліс аралығында Нұржанның беті ойдағыдай біткен.

– Екі кезең ойдағыдай аяқталды. Өткен жолы жасағандарымыздың бәрі дұрыс. Нәтижесі де – қалыпты. Енді үшінші кезеңіне кірістік, сонымен бітіреміз, – дейді Болат Баиров.

Бүгінгі жұмысты да алғашқы операцияны жасаған хирургтер – Болат Баиров пен Айгүл Болатқызы атқарған.

«БАҒА ҚОЙМАЙМЫЗ»

2011 жылы 8 желтоқсанда Нұржан Өркешбаевтың бетіне операция жасаған хирургтер бұл шараның үш кезеңнен тұратынын, соның алғашқы екі бөлігін бітіргенін хабарлаған.

Алғашқы екі кезеңде Нұржанның беті, мойны, ерні мен қабақтарына операция
Нұржан Өркешбаев (сол жақта) пластикалық хирургтер Болат Баиров (ортада) және Айгүл Баировамен (оң жақта) бірге сұхбат беріп отыр. Алматы, 27 желтоқсан 2011 жыл.
Нұржан Өркешбаев (сол жақта) пластикалық хирургтер Болат Баиров (ортада) және Айгүл Баировамен (оң жақта) бірге сұхбат беріп отыр. Алматы, 27 желтоқсан 2011 жыл.
жасалған, енді үшінші кезеңде бетті түзеу, тегістеу процедуралары жүргізіліп жатыр.

Клиника мамандарының айтуынша, операцияның үшінші кезеңі – алдыңғыларына қарағанда жеңілірек, әрі оны «операция деп те атау қиын». Олар мұны жай ғана «манипуляция» деп атап отыр.

Мамандар Нұржан Өркешбаевқа жасалған операцияның алғашқы екі кезеңін ақшаға шақса, жалпы құны 1 миллион 200 мың теңге болатынын есептеген.

Операцияны тегін жасаған «Ниссамед» клиникасының мамандары емдеу шарасының үшінші кезеңінің бағасын айта алмады.

– Өткен жолғы сома – ресейліктердің қойған құны ғой. Біз мүлде баға қойып отырған жоқпыз. Қазір де қоймаймыз, – дейді Болат Баиров.

Алғашқы операцияның басқа шығындарын Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Емдеу-диагностикалық орталығы» мемлекеттік кәсіпорны көтеріп алған.

«БӘРІ ҚУАНЫП ЖАТЫР»

Нұржан Өркешбаевқа наурыз айының басында бір хабарласқанымызда: «Бәрі ойдағыдай. Атыраудамын» деген еді. Ол бүгін операция қарсаңында сөйлесуге ықыласты болған жоқ.

Әкесі Жаңбырбай Өркешбаевтың айтуынша, Нұржанның жағдайы, көңіл-күйі – қалыпты. Өткен жолы операция сәтті аяқталып, ауылына бірінші рет барған кезде ауылдастары Нұржанды құттықтапты.

– Бәрі де қуанып жатыр. Біз ауылда тұрғандықтан бәрі қуанып, бәрі келіп «құтты болсын, жақсы болған екен» десті. Нұржанның өзі де осындай жағдайына риза, – дейді Жаңбырбай Өркешбаев.

Дәрігерлер Нұржан Өркешбаевқа бес жасында прогерия (терінің ерте қартаюы) дертіне шалдыққан деген диагноз қойған еді. Әлемде мұндай ауруға 80 адам ғана тап болған. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылында тұрған Нұржан – Қазақстандағы осы ауруға шалдыққан жалғыз адам.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG