Accessibility links

Көп жылғы еңбекпен жеткен неке тойы


Жас жұбайлар Ауар Алиев пен Наргиз. Ошоба ауылы, Тәжікстан, 26 сәуір 2015 жыл.
Жас жұбайлар Ауар Алиев пен Наргиз. Ошоба ауылы, Тәжікстан, 26 сәуір 2015 жыл.

Тәжікстандық этникалық өзбек Ануар Алиев өзіне үй тұрғызып, анасы таңдаған қызға үйлену үшін көп жыл Ресейде құрылыста жұмыс істеп қайтты.

Тәжікстанның солтүстігіндегі Ферғана алқабындағы Ошоба ауылында тұратын 27 жастағы Ануар Алиев осы кезге дейін небары екі-ақ рет көрген, бірақ әлі тілдесіп көрмеген қызға үйленуге дайындалып жатыр. (Отбасының өтініші бойынша, мақалада Ануар мен өзгелердің аты-жөндері өзгертіліп алынды, бірақ олар фотосуреттерін жариялауға рұқсат етті). Еденге жайылған дастарханды жағалай жайылған көрпе үстінде екі досымен бірге көк шай ішіп отырған Ануар, қалыңдығымен оңаша қалғанда бірінші болып айтар сөздерін талқылады.

«Маған оның не айтары барын толық естіген өте маңызды» дейді Ануар.

Ресейдің мұнайға бай Түмен облысында құрылыста жұмыс істеп тапқан табысына өз ауылында үй салып алған Ануардың мұсылман салт-дәстүрі бойынша бес күнге созылатын тойға жетерлік ақшасы да бар. Бірақ, Тәжікстан билігі мұсылмандыққа бет бұрған жастарға секеммен қарайды.

Үкімет мұсылмандық әдет-ғұрыптың жандануынан, әсіредіншілдердің көбеюінен, Сирияда «Ислам мемлекеті» тобы қатарында соғысқан жастардың елге қайтуынан қауіптенеді.

Тойға ас әзірлеп жатқан әйелдер. Ошоба, Тәжікстан, 25 сәуір 2015 жыл.
Тойға ас әзірлеп жатқан әйелдер. Ошоба, Тәжікстан, 25 сәуір 2015 жыл.

Күні бойы бұл үйге Ануардың отбасының туыстары мен жақын-достары – ұзын етекті көйлек киіп, басына орамал тартқан әйелдер – кішігірім сыйлықтарын әкеп келіп-кетіп жатты. Ымырт жабыла үйде тек Ануардың ең жақындары ғана қалды. Дәлізде Ануардың туысқан әжесі – жасы сексеннен асса да барынша ширақ, жалғыз көзі ғана көретін қарт әйел ән салып, өзінен жас туыстарын билеуге шақырып, басқаларды әзіл-қалжыңмен қағытып отыр.

Көрші бөлмеде Ануар аласа үстел басына жайғасқан. Тойға сай жайылған дастарханға өзбек палауы салынған үлкен табақтар, сорпа құйылған тостағандар, тандыр нан, жеміс-жидек, кәмпит қойлыған, және осының бәрін қорыту үшін артынан ішетін қатық та бар. тауының қар басқан шыңының етегінде тұрған бір қабатты үй әзер көрінеді. Туысқандардың біразы ауладағы төбесі ашық сәкіде ұйықтап жатыр.

ҮЙЛЕНУ ТОЙЫНА ҚАРАЖАТ ЖИНАУ

Тәжікстанда үйлену тойының шығыны өте көп, кейбір тәжік отбасылары бар-жоғын түгел жұмсап, тойдан кейін тақыр-таза қалып жатады, ал кейбіреулері бұл аймақта үйленуге тым кеш саналатын 35-40 жасқа жеткенше тойға деп тірнектеп ақша жинайды.

Тәжікстан үкіметі үйлену тойын қалай өткізу жайлы арнайы қаулы да шығарған. 2007 жылы Тәжікстанда үйлену тойына келетін қонақ санын шектеп, сойылатын қой мен той кортежіндегі автокөлік саны қанша болуына дейін көрсеткен тәртіп орнады. Той шығынын қалыңдық пен күйеу жігіттің отбасылары тең бөліп алсын деген талап енгізілді.

Үйлену тойында билеп жүрген әйелдер. Ошоба ауылы, Тәжікстан, сәуір, 2015 жыл.
Үйлену тойында билеп жүрген әйелдер. Ошоба ауылы, Тәжікстан, сәуір, 2015 жыл.

Ануардың отбасына салтанатты той жасау тіпті ауыр тиетін еді. Оның ата-анасы ажырасып кеткен, әкесі бірнеше жыл бұрын дүниеден өткен. Табыс табу үшін Ануар мен анасына алыстағы Ресейге жұмысқа баруға тура келді. Басқа көршілері мен туыстары сияқты, олар да Тюменьнің іргесіндегі «Комарово» деп аталатын бай-бағыланға арналған сәнді кешендер құрылысында жұмыс істеді.

Ануар мен оның көршілері Ресейден тапқан қаржыға Отанына келіп жер сатып алып, жыл өткен сайын құрылыс салатын орын тапшы бола бастаған Ошоба ауылына жақын маңынан үй салды. Тәжікстандағы көршілері Ресейдегі өздері салған үйлерге ұқсатып коттедждер тұрғызып алды. Олар өздері жаңадан салған ауданды әзілдеп «Комарово» деп атайды.

Тәжікстанның Ошоба ауданында Ануардың әулеті тәрізді этникалық өзбектер басым тұрады. Бұл шағын ауыл совет билігі тұсында, 1920 жылдары большевиктер шекара белгілегенде Тәжікстан аумағына енген. Оған дейін Ошоба Қоқан хандығы арқылы өтетін керуен жолы бойында орналасқан бай сауда орталығы болған. Қоқан хандығы қазіргі Қырғызстан, шығыс Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанның оңтүстік-шығысын қамтитын.

Ресей империясы 1860-жылдары Қоқан хандығын өзіне бағындырып, кейін ол ресейлік Түркістан құрамына қосылды. Ошоба большевиктерге қарсы шайқас орталығы болған. 1917 жылғы төңкерістен соң Ошоба тұрғындары – арасында наубайшылықты кәсіп еткен Ануардың атасы да бар – совет билігіне қарсы күрескен. Советтер оларды басмашылар деп атаған.

Үйлену тойына палау пісіріп жатқан ер адам. Ошоба ауылы, Тәжікстан, сәуір, 2015 жыл.
Үйлену тойына палау пісіріп жатқан ер адам. Ошоба ауылы, Тәжікстан, сәуір, 2015 жыл.

Орталық Азияның көп бөлігінде балаларына болашақ жарды ата-аналары өздері таңдайды. Баласы мұсылмандықты ұстанатын қалыңдықты қалағандықтан, ондай қызды өз айналасынан таппай қиналған Ануардың анасы мешітке барған. Ондағылар Ануарға жар болуға көрсеткен Наргиз есімді бойжеткен күйеу жігіттің анасының да көңілінен шыққан.

Ануар өз үйлену тойы мұсылман дәстүрімен – бисіз және спирттік ішімдіксіз өткенін қалаған. Әйткенмен, кейін ол тойда би болуына келісім берген. Тойдың арақсыз өткеніне кейбір қонақтар, әсіресе егде тартқан ер адамдар наразы болып, күңкілдеп отырды.

Тәжік билігі үйлену тойының советтік үлгіде өткеніне кетәрі емес. Президент Рахмон халықты зайырлы қоғам принциптерін қалыптастыруға бірнеше рет шақырған. Әсіредіншілдіктен сақтанған үкімет кәмелетке толмаған жастардың мешітке баруына және мектеп оқушыларының орамал тағуына тыйым салған. Тәжік полициясы кейде ер адамдардың сақалын мәжбүрлеп қырғызады.

Некеге отыратын күні таңертең Ануар жалға алған үш автокөлікпен қалыңдық пен оның жақын туыстарын әкелуге аттанды. Ақ көйлек киіп, бетін бүркеген қалыңдығы Наргизбен бірге жергілікті азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне (ЗАГС) барып, некені ресми тіркетті.

Жас жұбайлар Ануар Алиев пен Наргиз некелескен күні рәсім-жоралғыны орындап тұр.
Жас жұбайлар Ануар Алиев пен Наргиз некелескен күні рәсім-жоралғыны орындап тұр.

Бұдан соң жас жұбайлар шариғат бойынша жергілікті молдаға неке қиғызды. Осыдан соң қалыңдығымен үйіне келген Ануарды ондаған той қонақтары аулада қуанышпен қарсы алып, кейбіреулері билеп жатты.

Жас жұбайлар үлкен әйелдердің жетелеуімен қонақ үйдің қабырғасына жетті. Бұл тұсқа екі жасқа сый-тарту ретінде әкелінген түрлі жастық-көрпеден үлкен төсек жиналған екен.

Осы жерде жас жұбайлардың аналары төсекке шығып, оның жамылғысын шешіп, «жастардың перзенті көп болсын» деген ырым жасады. Ресми салт-жоралғылар аяқталып, жұрттың бәрі бөлмеден шыққан соң, жас жарымен оңаша қалған Ануар енді онымен алғаш рет тілдеседі.

Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG