Оппозициялық «Группа 24» қозғалысы жетекшісі, 30 жастағы Шарофиддин Гадоевтың үш жездесі алты айдан бері әйелдерімен және балаларымен араласпайды.
Шарофиддин Гадоевтың 63 жастағы анасы Оишамо Абдуллоева күйеу балаларының бала-шағасын тастап кеткенін билік тарапынан күшейген қысыммен байланыстырады. Үш қызынан 10 жиені бар ол кісі «қазір бәрі қысылып-қымтырылып менің үйімді паналап отыр» дейді.
– Күйеу балаларым жақсы жігіттер еді. Бірақ қысымға шыдай алмады, еркекке тән мінез таныта алмады, – деді Оишамо Абдуллоева Азаттықтың Тәжік қызметіне.
Шарофиддин Гадоевтың әпкесі Занджира Гадоева 17 жыл отасқан ерінің өздерін тастап кетуін «биліктің қысымынан шарасыз күйге түскен күйеуім «енді бұлай өмір сүре алмаймын» деп мәлімдеді» дейді. Қазір оның ері Тәжікстанда тұрғанымен, бала-шағасымен араласудан қашқақтайды.
– Күйеуім жақсы адам болатын, талай жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Тергеу мен тінтуге шыдамай қашып кетті. Балаларына мүлде көмектеспейді. Бізді ешқайда жұмысқа алмайды. Бірақ біздің үкіметке де, саясатқа да еш қатысымыз жоқ қой. Соншама азаптайтындай біздің жазығымыз не? – дейді Занджира Гадоева.
Оппозиционердің анасы Оишамо Абдуллоеваның Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында айтуынша, бұрын отбасы сауда жасап күн көріп келген, бірақ салық инспекторлары толассыз тексеріп, ірі айыппұл салғаннан кейін қарызға батып, отбасылық бизнес банкротқа ұшыраған.
Ал жергілікті билік Шарофиддин Гадоев отбасының қысым туралы шағымын жоққа шығарады.
Менің білуімше, бұл отбасына деген теріс пікіріміз жоқ.Фархор аудандық салық қызметінің бастығы Шарифали Әлиев.
– Ешкімге өшпенділігіміз жоқ. Салық кодексіне сәйкес, әр салық төлеуші салық төлеуі тиіс. Егер заңға қайшы әлдебір әрекет етсек, өзге органдарға жүгініп, біздің үстімізден шағым түсірсін. Бірақ, менің білуімше, бұл отбасына деген теріс пікіріміз жоқ, – деді Фархор аудандық салық қызметінің бастығы Шарифали Әлиев Азаттықтың Тәжік қызметіне.
Шарофиддин Гадоевтың әпкелерінің бірінің күйеуі «аты-жөнім балдызымның есімімен қатар аталғанын көргім келмейді» деген уәжбен тілшімен телефон арқылы сөйлесуден бас тартты.
Оппозициялық «Группа 24» ұйымының жетекшісі, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон режимін сынаушы ретінде танылған Шарофиддин Гадоев президент пен оның туыстарының қызмет бабын асыра пайдалану фактілерін бірнеше рет жариялаған.
Орталық Азиялық құқық қорғаушы Надежда Атаеваның дерегінше, Шарофиддин Гадоев жеке басы мен туыстарының өміріне қауіп төнген соң ісі жүріп жүрген «Голд Тур Транс» кәсіпорнын президент Рахмон отбасы мүшелеріне беріп, Тәжікстаннан кетуге мәжбүр болған. Сол жанжалдан кейін Шарофиддин Гадоев Ресейге барып, өзге тәжік кәсіпкерлерімен бірге Умарали Куватовтың басшылығымен «Группа 24» саяси ұйымын құруға қатысқан.
Отанында «экономикалық қылмыс жасады» деп айыптаған Шарофиддин Гадоев Тәжікстан билігінің өтінішімен 2014 жылдың жазында Мадридте ұсталған. Испания үкіметі Гадоевті Душанбеге беруден бас тартқан. Жуырда Шарофиддин Гадоев «Группа 24» ұйымын басқаруға кірісті.