Accessibility links

Тәжікстанда бал айын шетелде өткізу сәнге айналды


Тұрмысқа шығып жатқан қалыңдық. (Көрнекі сурет.)
Тұрмысқа шығып жатқан қалыңдық. (Көрнекі сурет.)

Жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлардың бал айын бірге шетелде өткізетін еуропалықтарға тән дәстүр енді тәжік қоғамына да тамыр жая бастады.

Тәжікстандағы кейбір отбасылар үйлену тойы өткен соң жас жұбайларды, шама-шарқына қарай, Түркияға, Біріккен Араб әмірліктеріне (БАӘ) немесе тіпті Мальдив аралдарына бірге демалуға жіберетін болды.

Душанбедегі туристік фирма өкілі Азаттыққа берген сұхбатында жаңадан шаңырақ көтерген 10 жұптың осы фирма арқылы шетелге аттанғанын айтты.

– Олардың жартысы Дубайға, қалғандары Мальдив аралдарына сапар шекті. Мальдивте демалу БАӘ-не қарағанда үш есе қымбатқа түседі. Себебі, әуе билетінің құны қымбат. Байқауымызша, жас жұбайларды бал айына жіберетіндер үйлену тойына қосымша өзге шаралар өткізбейді. Онан гөрі ақшаны балаларына беріп, олардың жас шаңырақтағы өмірлерін жақсы көңіл-күймен бастағанын жөн санайды, – дейді Душанбедегі жекеменшік туристік фирманың өкілі.

20 ПАЙЫЗЫ ЕУРОПАНЫ ТАҢДАЙДЫ

Туристік фирма қызметкерінің айтуынша, шетелге жолдама сатып алуды екінің бірінің қалтасы көтермесе де, ұсыныс жақсы сапаны қажет етеді. Таяу Шығыс бағыты мен Еуропада демалуды ұсынатын туристік фирмалар саны айтарлықтай артып отыр. Бірақ шетелде демалу құны барынша қымбат.

Мальдив аралы. (Көрнекі сурет)
Мальдив аралы. (Көрнекі сурет)

БАӘ-де бір адамға бір апта демалу 1000 долларға түссе, Түркияға баруға – 1500-2000, Еуропа елдеріне сапар шегу үшін – 3000 долларға дейін ақша керек болады. Жаз кезінде демалуға ниет білдірушілер көбінесе БАӘ мен Түркияға баруға тырысады. «Душанбедегі Германия елшілігінде визаны тікелей рәсімдеуге мүмкіндік туған соң Еуропа елдеріне саяхаттаушылар пайда болды» дейді фирма өкілі.

Еуропа елдерін таңдағандар көбінесе Италия, Франция, Испания, Германия мен Австрияға аттанады. Клиенттердің 80 пайызы шығыс елдеріне жолдама сұрайды. Биыл жазда бір туристік фирманың өзі шетелге демалуға 150 адам жіберген.

– Жолдама бағасының 70 пайызын баратын жерге дейінгі билет құны құрайды, қалғаны – қонақүй мен қызметтерге төлеуге кетеді. Егер Тәжікстаннан демалатын елге дейін тікелей әуе қатынасы болса, транзиттік ұшумен салыстырғанда жолдама құны да арзан болады, - деп түсіндірді туристік фирма қызметкері.

ШЕТЕЛДЕ ДЕМАЛУ ҚАРЖЫҒА БАЙЛАНЫСТЫ

Қазір Анталия курорттарында демалып жүрген Зулфия халықаралық ұйымда қызмет атқарады. Ол жыл сайын ақша жинап, отбасымен бірге Жерорта теңізінің жағалауында демалады. Оның сөзінше, Тәжікстанда шетелге шығып демалу тіпті халықаралық ұйым қызметкерлері үшін де сән-салтанат белгісі саналады.

Түркияның Бодрум қаласы. (Көрнекі сурет)
Түркияның Бодрум қаласы. (Көрнекі сурет)

– Әркез бес жұлдызды қонақүйде демалуға тырысамыз, онда қауіпсіздігің, тамағың мен тұрмысың үшін алаңдамайсың. Әртүрлі ойын-сауық шаралары да қызмет түрінде қамтылады. Баласы бар адамдар үшін бұл өте қолайлы, қонақүйдің қасындағы жағалауда жатасың, қозғалыс үшін алаңдамайсың, - дейді Зулфия.

Оның айтуынша, Түркияның қолайлы тұсы – Тәжікстан азаматтары ол елге виза рәсімдемей-ақ бара алады. Анталияда бір апта демалу үшін Зулфия адам басына 900 доллардан төлегенін айтады.

Ресми дерек бойынша, 2011 жылы Тәжікстанның 18 мың тұрғыны жергілікті туристік фирмалардың жолдамасымен шетелде демалып қайтқан.

Мақаланы аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG