Accessibility links

"Менен ешкім кешірім сұрамады"


Қырғыз спортшысы Дастан Шершеев.
Қырғыз спортшысы Дастан Шершеев.

Қырғызстан тумасы 26 жастағы Дастан Шершеев бұған дейін кикбоксинг және тай боксынан жарыстарға қатысып жүрген спортшы ретінде «өз ортасында ғана танымал» еді. Қазан қаласындағы оқиғадан кейін ол нағыз жұлдыз әрі әділдік күрескері символына айналды.

Сәуірдің 22-сі күні Қазанда өткен жекпе-жекте Дастан Шершеевтің қарсыласы нокдаун алғанына қарамастан, төреші жеңісті ресейлік Антон Калининге бергеннен кейін қырғыз спортшысы рингтен кетпей тұрып алды. Келесі күні интернетте турнирдің бас төрешісі Шершеевке "жеңілгеніңе мойынсұнып, рингтен кетпесең, Ресейден депортацияланып, түрмеге қамаласың» деп қоқан-лоқы жасап тұрған сәті түсірілген видео тарап кетті.

Дастан Шершеевті рингтен күшпен шығаруға тырысқан күзет қызметкерлерінің сәтсіз әрекетінен кейін ол жүргізушінің қолынан микрофонды алып, қолдау танытқаны үшін залдағы көрермендерге алғыс айтты. "Менің жеңгенімді баршаңыз көрдіңіздер ғой!" деген оған көрермендер "Иә!" деп айқайлап жауап берді.

"Мына әлемде әділдік қайда деп өздеріңізден сұраңыздаршы?"

"Әділдік ақшада!" - деп айқайлады залда отырғандардың бірі.

"Әлде бұл жерде менің түр-түсімнің өзгешелігі маңызды ма?"

"Жоқ!" – деп айқайлады трибунадағы жұрт.

Жекпе-жек пен одан кейінгі болған жайттардың видеосын ондаған мың адам көрген күннің ертеңінде Дастан Шершеев нағыз жұлдызға айналды. Бірер күннен кейін ол "Навальный LIVE"видеожобасы аясында оппозициялық саясаткердің серіктері Николай Ляскин мен Любовь Соболь жүргізетін таңғы "Кактус" саяси шоуға қонақ ретінде қатысты. Ол бірнеше жылдан бері шетте, көбінесе Ресейде жүргенін, өзінің жеке жаттығу клубы бар екенін айтты. Шершеев әлгі оқиғадан кейін ресейліктерге деген ашу-ызасы жоқ екенін айтып, "күреске әзір болсаң ғана әділдікке қол жеткізуге болады" деп мәлімдеді.

Оқиға болған жекпе-жек "TNA ережесіне" сәйкес өткен. Ол ережеде кикбоксинг, карате және тай боксы элементтері бар. Турнирді өткізу тәртібі мен ережесін оны ұйымдастырушылар құрастырған. Әлгі ереже бойынша турнирлер Қазанда 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Дастан Шершеевтен төреші де, ұйымдастырушылар да кешірім сұрамаған, бірақ әлгі жекпе-жектегі қарсыласымен реванш-матчқа шығуды ұсынған. Қырғыз спортшысы келіскен.

Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Дастан Шершеев әлгі оқиғаға қатысты көзқарасын айтып берді.

- TNA ережесіне сәйкес, әрқайсысы үш минуттан үш раунд өткізіледі. Егер үш раунд бойы нокдаун болмаса, экстра-раунд беріледі. Мен үшінші раундта қарсыласымды нокдаунға жібердім, бірақ төреші бұған мән бермей, керісінше маған ескерту жасады. Сосын төртінші, яғни экстра-раунд берді. Экстра-раундқа мығым болып шығып, оны 80 пайызға жеңдім. Сондықтан қазір менің қолымды жоғары көтереді деген нық оймен, оны жеңдім деп қуанып тұрдым, бірақ, өкінішке қарай, қолымды көтерген жоқ. Төрешілердің әділетсіз шешім шығарғанына қатты ренжіп, рингтен кетпей қойдым. Әділдікті, шындықты, адалдықты талап етіп тұрып алдым. Бір кезде әлгі төреші маған "Егер қазір кетпесең, сені депортациялаймыз" дейді. Мұны айтқан бас төрешіге "маған бәрібір"дедім. Бапкерім де мені қолдады. Кейін бапкерімнің жанына бас ұйымдастырушы келіп: "Қане, шығыңдар, шықпасаңдар күзет шақырамыз" деді. Біз "Шақырсаң шақыр" дедік. Сосын күзетші келді. Өзі кіп-кішкентай, әлжуаз адам екен. Ол маған: "Дастан, қане шық!" деді. Оларға "Шаруаларың болмасын, бұл іске араласпаңдар!"дедім. Ақыры рингтен шықтым, бірақ өзім кеттім, мені ешкім күштеген жоқ. Микрофонды қолыма алып «Татнефть Арена» залына жиналған жұртқа алғысымды айттым. Залдағы бүкіл жұрт мен жақтап, қолдады. Бәріне алғысымды білдіріп, «Әділдік деген қайда?» деп сұрадым. Жұрттың мені қалай қолдағаны тіпті видеодан да көрінеді. Сонымен бітті, бірақ кеше TNA федерациясы реванш-матчқа шығуды ұсынды. Ол екі айдан кейін өтеді, енді бүкіл дауымызды сол жерде шешеміз.

- Рингте болған жағдайды қалай деп бағалар едіңіз?

- Оны бәріңіз көрдіңіздер. Қатты қынжылдым. Қаншама күш салып тырысасың, жанталасып жаттығасың, дайындаласың, бірақ жеңісіңді қолдан тартып алады. Қатты ренжисің. Мұның не екенін спортпен шұғылданатындар түсінеді.

- Жекпе-жектен кейін не болды? Сізге қоқан-лоққы жасады ма, әлде керісінше, қолдау танытқан сөздер жазылған хабарламалар жолдады ма? Бұрын сізді мұндай жекпе-жекке қызығып көретіндер ғана білетін, енді атағыңыз спорт аясынан сыртқа жайылды.

- Әлгі видеоны үш миллион адам қарапты. Иә, атым тез жайылды, бірақ ондайға ұмтылған жоқпын. Бәрі Алланың жазуымен болады. Мұны абыроймен қабылдаймын, өйткені жігітпін, сөзіме жауап беремін. Әлгі жерде айтқан сөздеріме де, қазір айтып отырған сөздеріме де жауап беремін. Ақырына дейін баруға бекіндім.

- "Кактус" бағдарламасында Алексей Навальныйдың серіктеріне берген сұхбатыңызда Мәскеуде бес жылдан бері тұратыныңызды айттыңыз. Осы уақыт ішінде нәсілшілдік немесе ксенофобия көріністеріне кезіккен жоқсыз ба?

- Былай дер ем, Ресей – ұлы держава. Ресейде көптеген ұлт өкілдері тұрады. Бір адамға бола орыстардың бәрін ұлтшыл деп айту - қателік. Әлгі маған сес көрсеткен төреші сияқты адамдар бар. Бірақ бір адамға бола тұтас бір халықты қаралауға болмайды. Бұрын Мәскеуде мұндай проблемаларға ұшырасып көрмегем, ешкім қоқан-лоққы жасап, ешкім кемсіткен емес. Өзімді лайықты ұстап, басымды тік ұстап жүремін, ешкімнің кемсітуіне төзіп көрген жоқпын, төзбеймін де.

- Бұрын әділдік үшін күресіп, оған қол жеткізген кездеріңіз болды ма?

- Мен солай өмір сүремін, әділдікті, шындықты жақтаймын. Иә, ондай жағдайлар болған, біз – жастар өз құқығымызды қорғауымыз керек.

- Отандастарыңыз және Орталық Азияның өзге елдерінен келгендер Ресейде тап болатын проблемалар жайлы білесіз бе? Диаспора аясында бір-біріңізбен араласып, бір-біріңізге қарайласасыздар ма?

- Иә, араласамыз. Залда менің басшылығыммен 250 адам жаттығады. Олардың арасында түрлі ұлт өкілдері бар, бірақ тек қырғыздар ғана келетін топ бар. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Олар оқтын-оқтын келіп, әлдебір жағдай кезінде қалай әрекет ету керек, кімге жүгіну керек, экстремизм тақырыбына «сабақтар» өткізеді. Олар бізді қолдайды, оларға қатты ризамын.

- Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың каналына келіп сұхбат бергеніңіз үшін сізді де экстремист деп таниды деп қорықпайсыз ба?

- Несіне қорқам? Бізде бәрі заңды, бәрі дұрыс. Жеке өзім де, мен басқаратын зал тарапынан да ешқандай әкімшілік, ешқандай қылмыстық заңды бұзған жоқпыз. Егер мені орыстар да қолдаса, неге қорқуға тиіспін? Орыс халқы мен бүкіл ТМД мені қолдап отыр. Қорықпаймын, әділдікті талап етемін. Мен де, халқым да ақырына дейін барамыз. Біз берілмейміз, біз сондай халықпыз.

- Алексей Навальный да әділдік үшін күреседі, бірақ Ресей билігі оны экстремист деп санайды, кеше ғана оған кезекті шабуыл жасалды.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың кезекті шабуылға ұшырағаннан кейінгі суреті.
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың кезекті шабуылға ұшырағаннан кейінгі суреті.

- Көрдіңіз бе, міне сол үшін күресу керек, берілмеу керек. Ал кім күрессе, кім іздесе сол әрдайым мақсатына жетеді. Әйтеуір қандай жағдай болсын, біздің де күніміз оңынан туатын, бізде де той болатын кез келеді.

- Ресей билігі Навальныйды өзге айыптармен қоса, елде төңкеріс жасағысы келеді деп те жазғырады. Сіздің еліңізде кейінгі 20 жыл ішінде тіпті екі төңкеріс болды. Билікті ауыстырудың мұндай тәсіліне қалай қарайсыз?

- Мен өмірімді спортқа арнағанмын, саясат пен спортты араластырғым келмейді. Спортпен айналысамын. Саясатқа қатысым жоқ. Мына сұраққа жауап бере алмаймын.

- Кейінгі жылдары отаныңыз – Қырғызстанда күнкөріс жақсарды ма, әлде нашарлады ма? Спорт клубыңызды неліктен Қырғызстанда емес, Мәскеуде ашуды ұйғардыңыз?

- Олай болса, жарайды, әңгімелесейік. Менің елімде жұрттың бәрі жақсы өмір сүріп жатыр деп айта алмаймын. Жақсы тұратындар да, тапқаны нанына жетпейтіндер де бар. Жерлестерім – қырғыздар шалқыған өмірін тастап, мұнда жетіскеннен келіп жатқан жоқ. Олар нәпақа тауып, бала-шағасын асырағысы келеді, үй салғылары келеді. Оларды да түсіну керек. Кейінгі жылдары бізде билік көп ауысты, бірақ еліміздің болашағы жарқын болады деп үміттенеміз. Парламентте әділдікті жақтайтын, ақшаға сатылмайтын адамдар бар.

- Навальныйдың Орталық Азия елдерімен виза режимін енгізуді жақтайтынын білесіз бе? Бұл идеяға қалай қарайсыз?

- Меніңше, тіпті виза режиімін енгізсе де, ештеңе өзермейді. Ресей бәрібір мигранттарға зәру ел болып қала береді.

- Жуырда Санкт-Петербург метросында теракт болды. Құқық қорғау органдары оны Қырғызстанның Ош облысында туған Акбаржон Джалилов жасады деп санайды. Негізі, Ресейде биліктің ресми болжамдарына жұрттың көбі баяғыдан сенбейді, метродағы жарылыстан кейін мұсылман киімі үшін әуелі бір адамды, сосын қазақстандық болғаны үшін өзге адамды, кейін әлгі Джалиловты кінәлі деп атады. Бұл жайттардан хабарыңыз бар ма, бұл жайлы не ойлайсыз?

- Иә, хабарым бар. Біз – қырғыздар бейбіт өмірді жақтаймыз. Бүкіл әлемде бейбітшілік болса екен дейміз. Әлгі терактіге біздің – қырғыздардың ешқандай қатысы жоқ. Мен сияқты жерлестерімнің бәрі заңға бағынатын адамдар, біз экстремист емеспіз. Қырғыздар біреуді жару үшін мұндай жолға түспейтініне сенімдімін. Исламда мұндай жоқ. Ислам, керісінше, адамдардың бәрін тату-тәтті өмір сүруге, халықтар арасында достыққа шақырады. Білесіз бе, мен осында келетін жастардың әрқайсысына өмірде неше түрлі жағдай болатынын жеткізгім келеді. Әлдебір жағдайға тап болып қалса, өзін дұрыс ұстауы тиіс. Мен оларды жеке шақырып сөйлесемін, олармен осындай әңгімелер өткіземіз.

- Жақында Ресейде спорттың аралас жекпе-жек түрлеріне қатысты тағы бір жанжал шыққан – Шешенстанда өткен турнирлердің бірін ұйымдастырушылар рингте балалардың жекпе-жек үлгісін көрсетті. Рамзан Қадыров пен оның жақтастары мұнда тұрған ештеңе жоқ деген уәж айтады, ал Ресейдің өзге аймақтарындағы жұрттың көбі балалар жекпе-жегіне наразы болды. Бұған қалай қарайсыз?

- Кешіріңіз, бұл сұраққа қатысты комментарий бере алмаймын.

- Ендігі жоспарыңыз қандай: Қырғызстанға ораласыз ба әлде Мәскеуде қаласыз ба?

- Әр айға жекпе-жек кездесулерім жоспарланған. Беларусь елінде өтетін әлем чемпионатына қатысамын, сосын Антон Калининмен реванш-матчым бар, солай кете береді.

- TNA ережесі бойынша жекпе-жек ұйымдастырушылар сізге реванш-матч ұсынды, ал олардың ішінен Қазанда болған жайтқа байланысты сізден кешірім сұраған біреуі болды ма? Тым болмаса, әлгі төреші?

- Жоқ, ешкім, әлгі төреші де кешірім сұраған жоқ.

XS
SM
MD
LG