Accessibility links

Тәжікстанда имамдарды интернетпен "достасуға" шақырды


Душанбе мешітінде имам уағызын тыңдап отырған жамағат. 8 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)
Душанбе мешітінде имам уағызын тыңдап отырған жамағат. 8 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстанда 125 имам-хатибке әлеуметтік желілерде жұмыс істеу дағдылары мен интернет-технологияларды пайдалануды үйретті. Ел билігі соғыс және бейбітшілік жайлы хабар тарататын институтпен (IWPR) бірлесіп, дін қызметкерлері үшін арнайы тренингтер ұйымдастырды.

Имам-хатибтерге (имам-хатиб - мешіттің хұтба оқитын имамы) Facebook және Одноклассники әлеуметтік желілерінде парақша ашып, әлеуметтік желі арқылы діни экстремистік идеялар таратушыларға тойтарыс беруге кеңес берді.

Тәжікстандағы IWPR өкілдігінің қызметкері Лола Олимованың Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлауынша, тренингтер Тәжікстанның бес аймағында өткен. Оған ірі мешіттердің жас имам-хатибтері қатысқан.

Лола Олимова.
Лола Олимова.

"Кей қатысушылардың ғана әлеуметтік желілер туралы жарытымсыз хабары бар болып шықты. Бірақ тренингтің соңына қарай олар тренерлерден компьютер мен планшетте жұмыс істеуді үйретуді өтінді", - дейді Лола Олимова.

Тренингтің өзге ұйымдастырушылары – Тәжікстанның ислам орталығының үлемдер кеңесі мен Тәжікстанның дін істері, салт-дәстүрлерін реттеу комитетінің хабарлауынша, тренингтерге жұма намазына бір мыңға дейін діндар жиналатын мешіттердің имам-хатибтері қатысқан.

Тәжікстанда дін басылар әлеуметтік желілерге кірмейді. Желіде белгілі діни қайраткерлер Ходжа Мирзо Ибронов пен Эшони Нуриддин Тураджонзоданың парақшалары тіркелген, бірақ өздері әлгі парақшаларға ешқандай қатысымыз жоқ деп мәлімдейді.

Тәжікстандағы IWPR өкілдігінде тренингке қатысып отырған адамдар.
Тәжікстандағы IWPR өкілдігінде тренингке қатысып отырған адамдар.

Тәжікстан билігі жастардың радикалдану проблемасына қатты алаңдайды. Олар Facebook және "Одноклассники" әлеуметтік желілерін эксремистік идеяларды таратады деп талай айыптап, интернетті бақылауды күшейтуді ұсынған.

Былтыр қаңтарда ел үкіметінің кеңейтілген жиынында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жастарды кей елдерде тыйым салынған "Ислам мемлекеті" ұйымына қосылуға мешіттерде, ел ішіндегі және елден тысқары жерлердегі діни мекемелерде және интернет арқылы үгіттейді деп мәлімдеген болатын.

Былтырғы жылдың басында Тәжікстанның Мәскеудегі елшісі Имомуддин Сатторовпен сұхбатында Ресейдің еуропалық бөлігінде тұратын мұсылмандардың діни басқармасы президиумы төрағасы әрі Ресей мүфтилері кеңесі төрағасы Равил Гайнутдин Ресейде Тәжікстанның ислам орталығы өкілдігін ашу қажет деп мәлімдеген болатын.

Бұған қоса, Равил Гайнутдин Тәжікстан ислам орталығы үлемдері кеңесін жұртқа белгілі тәжік имам-хатибтерін тәжік мигранттары көп тұратын Ресей қалаларына жіберуге шақырған. Әлгі идеяны Тәжікстан үлемдері кеңесі басшысы Саидмукаррам Абдулкодирзода да құптап, ислам орталығы өкілдігі Ресейде тұратын тәжік мигранттарымен тығыз байланыс орнатып, оларды "нағыз исламмен" таныстырып әрі қилы діни экстремистік ұйымдардың тұзағына түсіп қалудан қорғауы мүмкін деп мәлімдеген.

Жуырда Тәжікстан парламенті депутаты Джурахон Маджидзода: "Былтыр желтоқсанда Тәжікстанда терроризм мен экстремизммен күрестің ұлттық стратегиясы қабылданды. Терроршылар қазіргі заманғы технологияларды өз мақсаттары үшін пайдаланып, идеяларын интернет арқылы насихаттайды және жаңа рекруттарды үгіттейді" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, террорлық сипаттағы ақпаратты Тәжікстанда тұратын 3 миллион интернет пайдаланушының 80 пайыздан көбі алады. Бірақ "Интернет саясатының азаматтық бастамасы" қоғамдық қорының басшысы Мухаммади Ибодуллоева мұндай ақпарат алушылар саны интернет пайдаланушылардың 5 пайызына жетпеуі мүмкін деп санайды.

Тәжікстан билігінің мәлімдеуінше, Сирия мен Ирактағы соғысқа елдің 1100 азаматы аттанған. Қазірге дейін жат елдегі шайқастарда 300-ден аса тәжікстандық мерт болғаны расталған.

XS
SM
MD
LG