Ауғанстанның солтүстігінде, Орталық Азия аймағы шекарасына жақын маңда биыл соғыс қимылдары жиілеп кетті. Бұл жағдай әсіресе Ауғанстанмен шектесетін елдердің билігін алаңдатып отыр. Ауған үкімет күштеріне қарсы соғысып жатқан топтар арасында Орталық Азиядан шыққан «Өзбекстан ислам қозғалысы» (ӨИҚ) экстремистік тобы содырлары да бар.
Ауғанстандағы кескілескен шайқастардың біразы Тәжікстанмен шектесетін Бадахшан және Құндыз уәлаяттарында болды. Бұл егер Ауғанстандағы соғыс қимылдары Орталық Азияның өзге елдері, мысалы Ауғанстанмен 1206 километрге жететін ортақ шекарасы бар Тәжікстанға қарай ауса, онда қауіп көлемі арта түседі деген болжам тудырып отыр.
Ауғанстандағы соғыстың Тәжікстанға ойысу қаупі аса үлкен болмаса да, ықтималдығы жоғары. Бірақ АҚШ, Ресей мен Қытайдың Тәжікстанға төнген бұл қауіпті баса назарда ұстап отырғанының арқасында бұл елдің Ауғанстаннан төнетін қауіптен зардап шегуі неғайбыл.
АҚШ ҚОЛДАУЫ
АҚШ 8 шілдеде тәжік қауіпсіздік күштеріне Ауғанстанмен шекарасындағы таулы, алыс аймақтарды бақылау үшін 80 жол талғамайтын әскери көлік тапсырды.
Жалпы, АҚШ Тәжікстанға он жылдан астам уақыттан бері шекарада қарауыл бекеттерін салуға қаржы бөліп, жаңа әскери киім-кешек, қару-жараққа жатпайтын әскери құралдар беріп көмектескен.
Вашингтон Өзбекстанға да көп көмек көрсетті. АҚШ бұл елге 300-ден аса минаға төзімді бронды әскери көлік берген. АҚШ бұған дейін Түркіменстанға да әскери көмек көрсететінін мәлімдеген.
РЕСЕЙ ӘСКЕРІ
Тәжікстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне Ресей көп көмек көрсетіп келеді. Ресей әскері Тәжікстанда 1890 жылдардан бері тұр. Ресейдің 201-мотоатқыштар дивизиясы екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері Тәжікстанда тұрақтап қалған. Таяуда ресейлік әскерилер бұл дивизиядағы әскерилер санын 7 мың 500-ден 9 мыңға дейін көбейтетінін хабарлаған.
Ресей бұған қоса 201-дивизияны соңғы үлгідегі заманауи қарумен, оның ішінде жетілген әскери ұшақ, шабуылдаушы тікұшақ және ұшқышсыз басқарылатын ұшақтармен қайта қаруландырып жатыр. 2012 жылы Ресей Тәжікстанда пайдаланып отырған үш әскери базасының жалға алу мерзімін 49 жылға ұзартқан.
Ресей әскерилері тәжік сарбаздарымен байланысын күшейтіп, Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасына үш қабаттан тұратын қорғаныс желісін орнатты. Тәжік шекарашылары мен Ресей федералдық қауіпсіздік қызметіндегі (ФСБ) кеңесшілерден сытылып кеткен кез-келген шекара бұзушы тағы екі қабат қорғаныс желісіне тап болады немесе шекарашыларға Тәжікстанның ішкі жағындағы ресейлік әскери базалардан көмекке әскери ұшақтар жетіп барады.
Тәжікстанның шекарадағы қорғанысын күшейтуге Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) да көмек көрсетіп келеді. ҰҚШҰ тәжік билігін қажет болса әскер жіберуге дайын екенін және Ауғанстанмен шекарасына жақын маңға 72 сағатта әскери күш түсіре алатынын үнемі ескертеді.
ҚЫТАЙДЫҢ КӨМЕГІ
Қытай соңғы жылдары Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Тәжікстанға инвестиция салудан жетекші орынға шықты. Қытай бұға қоса Тәжікстанның қауіпсіздік күштерін он жылдан астам уақыттан бері тікұшақтар, әскери форма мен әскери құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп келеді. Былтыр Қытайдың есірткімен күрес агенттері тәжік әріптестерімен бірге Тәжікстан территориясында бірлескен операциялар жүргізді.
Ресей, АҚШ пен Қытай да Тәжікстанның әскери және қауіпсіздік күштерімен бірлескен жаттығулар өткізіп, оларды дайындықтан өткізіп отырады.
Қытай, АҚШ және Ресей Тәжікстаннан өзге Орталық Азияның Ауғанстанмен шекаралас екі мемлекеті – Өзбекстан мен Түркіменстанға бірдей осыншалықты назар аударған емес.
Түркіменстан көп жағдайда сырттың көмегінен бас тартып келген. Енді Ашғабат Ауғанстаннан Орталық Азияның барлық елдеріне төнетін қауіпке тап болып отыр. 2014 жылдың ақпан айынан бері шекара бұзушылар Ауғанстанмен шекарада кемінде алты түркімен шекарашысын өлтірді.
Пекин, Мәскеу және Вашингтон Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірдей жұмыс істеп отыр. Тәжікстан шекарасында уақытша ғана жанжал туындамаса, одан үлкендей қауіп төнуі екіталай.
Бірақ үш ел Тәжікстанның ішкі қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. Тәжік үкіметінің соңғы айлардағы елдегі ислам дінін ұстанушыларға бақылауды қатайтуы және оппозициялық топтардың маргиналдануы – Тәжікстандағы тұрақтылыққа шынымен қауіп төндіретін мәселе болып отыр.
(Брюс Панниердің мақаласын ағылшыннан аударған - Айбек Бейсебаев).