Accessibility links

Өзбек әншілері киімі үшін жазаға ілігіп жатыр


«Узбекнаво» мемлекеттік мекемесінің назарына ілінген Өзбекстан әншісі Лола Юлдашеваның (сол жақта) концерттік киім үлгісі.
«Узбекнаво» мемлекеттік мекемесінің назарына ілінген Өзбекстан әншісі Лола Юлдашеваның (сол жақта) концерттік киім үлгісі.

Өзбекстан билігі киім үлгісіне қатысты айтылған сын-ескертпелерді ескермеген өнерпаздарды сахнаға шығу құқығынан айырады.

Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Эльмира Боситхонова мемлекеттік әйелдер комитетінің төрайымы болып тағайындалған қаңтар айынан бері өз міндетін «өте жауапты» атқарып келеді.

Жергілікті тілде Озодлик деп аталатын Азаттықтың Өзбек қызметі биыл Өзбекстанда билік киім үлгісіне қатты мән беріп, Эльмира Боситхонова ханымның «ұнамсыз, жат киімдерге» қарсы күрес жүргізіп жатқанын жазған еді.

«Көңілге қонбайтын» киімдер тізімі өзгеріп тұрады. Өзбек билігі исламдық салт-дәстүрдегі киімдерді шеттен кірген «керітартпа» киім ретінде айыптайды. «Худжум» кампаниясы Ферғана алқабында, ел астанасы Ташкент пен маусым айында Әндіжанда да жүргізілген.

Өзбекстандық әнші Лола Юлдашева (сол жақта) сахнада ән салып тұр.
Өзбекстандық әнші Лола Юлдашева (сол жақта) сахнада ән салып тұр.

Боситхонова енді елдегі әншілердің киім үлгісіне қатты мән бере бастады. Әнші Лола Юлдашева сахнаға киіп шыққан көйлегі үшін сынға қалды. Ол кейін басқа әйел әншімен бірге ән шырқағанда Өзбекстанның кейбір тұрғындары «онда лесбилерге тән астар бар» деп шығарды.

Эльмира Боситхонова белгілі мәдениет және өнер тұлғаларынан құралған, мейрамхана басшылары, әншілері бар парламенттің қос палатасының өкілдері алдында маусым айында сөз сөйлеген кезінде Лола Юлдашеваның атын атап, түсін түстеген жоқ. Бірақ ол кейбір танымал әншілердің сахнаға шығып, видеоклипке түскендегі киімдеріне наразы екенін жеткізді.

«Біздің кейбір әйел әншілердің денесін ашып-шашып, ұлттық стильден алшақ киініп, отбасымен көруге арналған телеарналардан шығатынын қалай түсінеміз? Олар тіпті сынауға да келмейтін мағынасыз әндер айтып, жеңілтек клиптер түсіреді» деді ол.

Ұлттық өнер орындаушылардың даму және үйлестіру кеңесінің төрағасы Икбол Мирзо да бұл жиынға қатысқан. Ол «сахнадағы өнімдерге «заңның көмегімен» ар-ұят түсінігін ендіретін кез жетті» дейді.

Тағы біреулер Ташкентте 140-тан астам тойхана, яғни, өте көп қонаққа қызмет көрсететін мейрамханалар барын ескертті. Осы тойханалар «даңғойлық жәрмеңкесіне» айналғанын айтқан шенеуніктер, адамдардың басқаларға әсер қалдыруы үшін тамақ пен ойын-сауыққа тым көп ақша шашатынын ескертті.

Сахнаға шығуға дайындалып отырған өзбек ұлттық киімін киген қыз. Ташкент, 16 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Сахнаға шығуға дайындалып отырған өзбек ұлттық киімін киген қыз. Ташкент, 16 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

«Өзбекстан Робинзон Крузоның аралы емес. Егер біреулер қазір бұл жерде демократия бар деп ойласа, қалаған іс-әрекетімді жасаймын десе қателеседі» деген Боситхонова жиналғандарға.

Оның тәртіп мен мораль туралы ескертуінен соң елдегі үш әнші сахнаға және теледидарға шықпайтын болды, 11 орындаушыға ескерту жасалды.

Белгілі әнші Анвар Собиров орындаушыларға лицензия беретін немесе лицензиясының күшін жоятын «Узбекнаво» мемлекеттік мекемесі тарабынан жасалған мәлімдемелерді «құлаққа ілмегені үшін» лицензиясынан айрылған. Сол сияқты Эсмеральда «Тамила» Рахматова әлеуметтік желіге салған жалаңаш суреттері үшін сахнаға шыға алмайтын болды.

XS
SM
MD
LG