Accessibility links

Орталық Азиядағы киім талқысы


«Узбекнаво» мемлекеттік мекемесінің назарына ілінген Өзбекстан әншісі Лола Юлдашеваның (сол жақта) концерттік киім үлгісі.
«Узбекнаво» мемлекеттік мекемесінің назарына ілінген Өзбекстан әншісі Лола Юлдашеваның (сол жақта) концерттік киім үлгісі.

Орталық Азияның үш елінде киім мәселесі қызу талқыға түсті. Бір елде «шетелдік» діни киім биліктің қырына ілінсе, көрші елде батыс үлгісіндегі ашық көйлекке тиісті. Ал үшінші елде дәстүрді құрметтеу қажеттігін айтады.

«БӨТЕН КИІМГЕ» ​ТЫЙЫМ

Тәжікстанда әйелдердің киіміне «сән полициясы» араласа бастады. Аналар күні (ресми түрде Халықаралық әйелдер күні) мерекесін тойлау кезінде ел президенті Эмомали Рахмон ислам дінін ұстанатын көршілес мемлекеттегі әйелдердің дәстүрлі киімі – ұзын қара көйлекті киетін қыз-келіншектер өз елінде де бар екенін айтып қапаланды.

Бірнеше жылдан бері Орталық Азияда дауға айналған пәрәнжі киетін әйелдер де бар екеніне наразылық білдірген Рахмон бұл киімді «тәжік мәдениеті мен дәстүріне сай емес» деп атады. «Халқымыз ешқашан да қара киім кимеген. Дәстүрлі мейрамдарға бұндай киіммен келуге болмайды. Тіпті қайғы-қаза болған жағдайда да бірыңғай қара киген емес» деді ол.

Әйелдердің қара түсті киім кигені президентке жақпай қалған соң шенеуніктер іске кірісті. Наурыздың 28-і күні ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Абдурахмон Аламшозода елдегі полиция жетекшілері мен құқық қорғау органдарының басшыларын жиып Душанбеде мәжіліс өткізді.

Хиджаб киген тәжікстандық әйелдер. (Көрнекі сурет)
Хиджаб киген тәжікстандық әйелдер. (Көрнекі сурет)

Аламшозода оларға «шетелдік киім киген әйелдерге сақтықпен қарап, киіну себебін анықтап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді» тапсырды. Яғни, басқа елдегі мұсылман әйелдер тәрізді киіну тәжік қыз-келіншектеріне жат екені айтылды.

Тәжікстандағы екінші үлкен қала – Ходжент қаласының басшысы Раджаббой Ахмадзода Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбатында, жергілікті құқық органдарын «әрбір тәжік қызы дәстүрлі киімді құрметтеуге тиіс» деп ескерткенін айтты. Ходжент билігі қаладағы «иран және ауған стилінде» киім сататын дүкендерді тексеріп шығуға бұйрық еткен.

ӨЗБЕК ӘНШІЛЕРІНЕ НҰСҚАУЛЫҚ

Өзбекстанда «әдепсіз үлгідегі» киіммен күрес жүріп жатыр. Ақпанның 24-і күні өткен концерттегі әнші Лола Юлдашеваның киім үлгісі үкіметтік органның назарын аударды.

Өзбекстанда әртістердің сахнаға шығуына лицензия беретін немесе тыйым салатын мемлекеттік мекеме – «Өзбекнаво» Лола Юлдашеваны шақырып, әншіге концертте киген көйлегі «ұлттық менталитетке қайшы келетінін» түсіндірген. Оған алдағы уақытта сахнаға ондай киіммен шықпауды ескерткен.

Өзбекстандық әнші Лола Юлдашева (сол жақта) сахнада ән салып тұр.
Өзбекстандық әнші Лола Юлдашева (сол жақта) сахнада ән салып тұр.

Наурыз мейрамы қарсаңында «Өзбекнаво» шығарған арнайы қаулыда әйелдерге сахнада иығын немесе аяғын жалаңаштап шықпау, «сексуалды сипаттағы ишаралар жасамау» туралы айтылған. Мекеме «барлық әйел әншілерге концерт алдында сахнадағы киім мен әрекеті жайлы нұсқаулық» берген.

Әнші Лола Юлдашеваның дауға қалған көйлегін «әннің табиғатына лайықтап дайындағаны» туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне айтқан 31 жастағы дизайнер Зульфия Султон «Өзбекнаво» мемлекеттік мекемесінің сынымен келіспейді.

«Бұл эстрада әншілерінің киімі, олар кітапханашы немесе ислам колледжінің студенті емес қой» дейді дизайнер. Өзбек мемлекеттік телеарнасы – «шетелдік» немесе «бөтен» киім үлгілері туралы жиі көрсететін жалғыз арна – қазір ислам дініне сай киім үлгісін де, батыс стилін де сынайды.

Қырғызстанда қыздардың батыстық үлгідегі киімін сынайтындар бар. Олар қырғыз әйелдерінің дәстүрлі көйлектер киіп жүргенін қалайды.

«ҰЛТТЫҚ КИІМ КҮНІ»

Қазақстанда «тарихшы, жазушы және Ұлы дала мәдениетін насихаттаушы» Арман Нұрмұханбетов Tengrinews сайтына берген сұхбатында, қазақтың ұлттық киімдерін киетін бір күн белгілеу туралы бастама көтерді. Ол сәуір, мамыр немесе қыркүйектің соңғы жұмасына белгіленген атаулы күні жұрттың бәріне ұлттық киім немесе оның заманауи нұсқасын киіп шығуды ұсынады. Нұрмұханбетов жетекшілік еткен топ әлеуметтік желіде жүргізген арнайы кампания бұл бастаманы қолдаушылар аз емес екенін көрсетті.

Қазақтың ұлттық киімін киген әйел сырмақ тігіп отыр. Шымкенттегі Наурыз мейрамы. 25 наурыз 2015 жыл.
Қазақтың ұлттық киімін киген әйел сырмақ тігіп отыр. Шымкенттегі Наурыз мейрамы. 25 наурыз 2015 жыл.

Орталық Азиядағы бес мемлекет үкіметтері 1991 жылы тәуелсіздігін алғаннан бері өз ұлттық ерекшелігін айқындап алуға ұмтылып келеді. Бұл елдерде шенеуніктердің көбі «пәрәнжі немесе хиджаб кию – дәстүрге сай емес» дегенді айтады.

Аймақты мекендеген кейбір көшпелі халықтарға ондай киім тән болмаған шығар, бірақ Орталық Азия тарихымен таныс жандар совет заманында кейбір елдерде, мәселен, Өзбекстанда әйелдерді бетпердені шешуге күштеп көндіргенін жақсы біледі. Коммунистік партия басқа орамал тағуды «жабайылық, ескінің қалдығы» деп қарап, 1927 жылы 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күнін енгізіп, әйелдерге беттерін бүркемелеуге тыйым салғаны мәлім.

Тағы бір атап өтерлік жайт, аймақ елдерінде әйелдерді «дәстүрлі киім» киюге шақырып, бастама көтеріп жүргендер – ер адамдар. Олардың өздері жұмыс кеңсесіне батыс стиліндегі костюм киіп барады. Осыған қарағанда, Орталық Азиядағы дәстүрлі патриархалды жүйеге төніп тұрған еш қауіп жоқ сияқты.

(Мақалаға Азаттықтың Өзбек және Тәжік қызметінің материалдары пайдаланылды. Ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.)

XS
SM
MD
LG