Accessibility links

Қазақстандық экобелсенділікті Чехияда түсіндіру оңай болмады


Ресей зымырандарын Байқоңырдан ұшыруға қарсы үндеу таратып жүрген "Антигептил" белсендісі Болатбек Біләловке полиция келген сәт. Астана, 14 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей зымырандарын Байқоңырдан ұшыруға қарсы үндеу таратып жүрген "Антигептил" белсендісі Болатбек Біләловке полиция келген сәт. Астана, 14 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау мен Қарағандыдан барған мамандар прагалық әріптестеріне отандарындағы азаматтық қоғам туралы, үкіметтік емес ұйымдардың ахуалы жайлы айтты.

«Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) жетекшісі Кирилл Осин ол аймақтағы экология мәселесімен айналысатын тағы бір ұйымның – атыраулық «Каспий табиғаты» қоғамдық қорының ҮЕҰ-ларға қатысты заң нормаларына наразылық ретінде жабылуына қынжылады.

«ҮЕҰ ЖАЙЛЫ ЗАҢНЫҢ ЖАМАНДЫҒЫН КӨРМЕДІК»

Маңғыстау мен Қарағандыдан барған ҮЕҰ экологтары прагалық әріптестеріне жұмыстарын таныстырып жатыр. Чехия, Прага, 13 сәуір 2016 жыл.
Маңғыстау мен Қарағандыдан барған ҮЕҰ экологтары прагалық әріптестеріне жұмыстарын таныстырып жатыр. Чехия, Прага, 13 сәуір 2016 жыл.

«Каспий табиғаты» қорының жетекшісі Махамбет Хакимов 2015 жылы азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдардың сынына ұшырай отырып қабылданған заң өзгерісіне – ҮЕҰ-лар іс-әрекеті жайлы қосымша есеп берсін деген талапқа наразылық ретінде ұйымдары жабылатынын биыл сәуірдің басында мәлімдеген.

«Эко Маңғыстау» ұйымының жетекшісі Кирилл Осин «Махамбет Хакимов бұл шешімді эмоция әсерімен қабылдаған сияқты» деп жориды. Сәуірдің 13-і күні Прагада чехиялық экологиялық белсенділермен өткен кездесуге қатысқан ол:

- Қазақстандағы ҮЕҰ-лар соңғы жылдары үкіметті, кен өндіруші компанияларды ашықтыққа, жариялылыққа шақырған. Олардан осыны талап етсек, өзіміз де жария, ашық болуымыз керек, - деді.

Чехиядағы «Арника» улы заттар мен қалдықтар бағдарламасы қоғамдық қоры ұйымдастырған бұл жиынға Қазақстаннан «Қарағанды экологиялық музейі» қоғамдық қоры өкілдері Ирина Колчина мен Анна Андрейчук те қатысты. Олар да «Каспий табиғаты» ұйымын наразы еткен - «ҮЕҰ-лар есеп берсін» деген заң нормасынан қауіптенбейтіндерін айтады.

- Есеп берудің артықшылығы да бар. Елдегі көп ҮЕҰ-ның қайсысы бар, қайсысы жоғы белгісіз. Тіркелген 5 мың ҮЕҰ-ның 3 мыңы ғана әрекет етеді. Бұл заң солар жайлы база жасауға керек. Жақсы-жаманын білу үшін байқап көру керек, әзірше бұл заңның жамандығын көрген жоқпыз, - дейді Ирина Колчина.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАРНАМАСЫ» ЖӘНЕ «АНТИГЕПТИЛ»

Еуропа Одағы бөлген қаржыға Қазақстанның бірнеше аймағында экологиялық мониторинг жасап, азаматтардың экологиялық белсенділігін арттыру шарасын атқарып жүрген «Эко Маңғыстау» мен «Қарағанды экомузейі» өкілдері Прагадағы әріптестеріне отандарындағы азаматтық белсенділік туралы айтуға келген.

«Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) жетекшісі Кирилл Осин.
«Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) жетекшісі Кирилл Осин.

Қарағандылық экобелсенділер жиналған жұртқа Байқоңыр ғарыш айлағы мен Семей полигоны сияқты экологиялық апат аймақтары туралы мәліметтері бар, елдегі табиғи қорықтар туралы деректері бар слайд-шоулар көрсетті. Маңғыстаулық экобелсенді ол аймақтың табиғаты, ерекше тарихи орындары, экологиялық халі жайлы шағын видеосюжет пен слайдтар ұсынды.

Алайда қазақстандық қонақтардың бұл презентацияларына жиынға келген чех азаматтарының кейбірі наразы болды.

- Сіздердің сөздеріңізден Қазақстандағы азаматтық белсенділік жайлы мәлімет ала алмадық. Бұл елдеріңіздің туристік жарнамасы сияқты болды, - деді аты-жөнін айтудан бас тартқан жергілікті жігіт.

Бұл пікірмен келіспеген қазақстандық мамандар елдеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін өздерінің де белсенділік танытып жүргендерін айтып бақты. Мәселен, «Қарағанды экомузейі» өкілі Ирина Колчина елдегі бірнеше маңызды проблемаларға биліктің назарын аударғандарын сөз етті.

«Қарағанды экологиялық музейі» қоғамдық қорының өкілі Ирина Колчина.
«Қарағанды экологиялық музейі» қоғамдық қорының өкілі Ирина Колчина.

- Семей полигоны төңірегіндегі жердің қауіпті аумағы жайлы карта жасауға бастамашы болдық. Теміртау мен Балқаш қалалары ластанып барады деп ел билігіне мәлім еттік. Қарағанды маңындағы Чкалов ауылында сынаппен уланған суды халықтың тұрмысқа қолданып жүргенін біліп, ол суды тазарту шарасын бастаттық, - деді Ирина Колчина.

Ал «Эко Маңғыстау» ұйымының жетекшісі Кирилл Осин кезінде Ақтауға атом электр станциясы (АЭС) салынады деген қауесет шыққан тұста азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға себеп болғандары жайлы айтты.

- Биліктің ол іс жайлы жоспарлары анық болмады, дәлелдері бұлыңғыр әрі күдікті көрінді. Біз бұған байланысты пікірталастар өткізіп, интернет арқылы қол жинап, ақпарат құралдарын ұйыстырдық, президентке дейін хат жаздық. Ақыры Ақтауда АЭС салынбайтын болды, - деді Кирилл Осин.

Чехиялық сұрақ иесі қазақстандық экологтардың бұл жауаптарына да разы болмай, «азаматтық белсенділіктің анық белгілерін байқамай отырғанын» қайталады. Бұдан кейін Қазақстаннан келген қонақтар отандарындағы азаматтық белсенділіктің ахуалы жайлы тарқата айтуға кірісті.

Қазақстанда тіркелмеген «Антигептил» деген қозғалыс бар. Олар... 15-20 минуттық қарсылық акциясын өткізеді. Бірақ сол кезде полиция да жетіп келіп, оларды ұстап әкетеді.

- Қазақстанда тіркелмеген «Антигептил» деген қозғалыс бар. Олар Астананың орталығында, үкімет үйі алдында экологиялық мәселелерге байланысты 15-20 минуттық қарсылық акциясын өткізеді. Бірақ сол кезде полиция да жетіп келіп, оларды ұстап әкетеді, - деп түсіндірді Кирилл Осин Қазақстандағы азаматтық белсенділіктің жайын.

Оның сөзін қарағандылық әріптесі Анна Андрейчук те қолдап, Қазақстандағы ҮЕҰ-лардың жұмыс істеу стилі, жиын өткізу құқығы жайлы әңгімеледі.

- Бір жиын өткізу үшін ондаған қағаз жинауға мәжбүр боламыз. Сондықтан жабылып қалмау үшін заң аясында құжатпен жұмыс істейміз, - деді ол.

Қазақстандық экологтар чехиялық әріптестеріне «осы кездесуіміз жайлы бір пост жазсаңыздар, оны достарыңыз оқыса, біздің елдегі азаматтық белсенділікке көрсеткен көмектеріңіз болар еді» деп тарасты.

«Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы мен «Қарағанды экомузейі» қоғамдық қоры Қазақстанда экологиялық мониторинг жүргізу және кеңес беру, азаматтық бастаманы арттыру, халықтың экологиялық мәселелерді шешуіне көмектесу, жергілікті азаматтық топтарға шағын гранттар бөлу ісімен айналысады. Бұл ҮЕҰ-лар қазақстандық тағы бір ұйым - Жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды ендіру орталығымен (CINEST) және чехиялық «Арника» қоғамдық қорымен біріге отырып, Еуропа Одағының осы салаға бөлген қаржыларын игерген.

Еуропа Одағы, мәселен, «Экологиялық мәселелер бойынша шешім қабылдауға жұртшылықты жұмылдыру» (Маңғыстау облысы және тұтас ел бойынша, 2014-2017 жылдар) бағдарламасына - 396 мың еуро, «Химиялық қауіпсіздік жолында азаматтардың құқықтарын кеңейту» (Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша; 2013-2015 жылдар) бағдарламасына 332 мың еуро бөлген.

XS
SM
MD
LG