Әлемдегі ахуал қандай?
- Ұлыбританияда оқушылар екі жарым айдан кейін мектепке оралмақ. Бұл елде кейінгі апталарда коронавирус жұқтырғандар саны күрт төмендеп келеді. Желтоқсанда 40-50 мың адамнан вирус анықталған. 7 наурызда Британияда 5177 адамнан коронавирус табылды. Елде екпе егу қарқынды жүріп жатыр.
- Германия да карантин шектеулерін жеңілдетіп жатыр. 8 наурыздан бастап бұл елде бөлек отбасының бес адамы кездесуіне рұқсат. Музейлер мен галереялар да ашылады.
- Ресейде 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығып, қоғамдық көліктермен жүруге мүмкіндік берілді.
- Польшада коронавирус жұқтырғандар өткен аптамен салыстырғанда 25 пайызға өскен.
- Норвегияда да вирус жұқтырғандар өсіп, сауда орындары, тамақтану орындар жабылды. Ел астанасы Ослода кейбір мектептер де жабылып жатыр.
- Сирия президенті Башар Асад пен әйелі Асма коронавирус жұқтырды.
- Әлемде вирус жұқтырғандар 117 млнға жуықтады. 2,5 млн қайтыс болды. 66 млн адам дерттен айықты.
Елде тағы 670 адамға Covid және пневмония диагнозы қойылды, 11 өлім тіркелді
Қазақстанда тағы 653 адамға коронавирус жұққаны ПТР-тест нәтижесінде анықталған, ал 480 науқас сауыққан. Бұған қоса, коронавирус пневмониясы (КВИ-) диагнозы қойылған 17 адам тіркелген. 6 наурыздағы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырған 7 адам, коронавирус пневмониясына шалдыққан 4 адам қайтыс болған. Бұл туралы бүгін, 8 наурызда Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ірі қалалар мен аймақтарда коронавирус жұққаны тест нәтижесінде расталғандар көрсеткіші мынадай: Алматы – 141, Нұр-Сұлтан – 42, Шымкент – 8, Ақмола облысы – 68, Ақтөбе облысы – 13, Алматы облысы – 68, Атырау облысы – 43, Шығыс Қазақстан облысы – 21, Жамбыл облысы – 15, Батыс Қазақстан облысы – 34, Қарағанды облысы – 38, Қостанай облысы – 50, Қызылорда облысы – 6, Маңғыстау облысы – 2, Павлодар облысы – 65, Солтүстік Қазақстан облысы – 36, Түркістан облысы – 3.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2020 наурыздан бері коронавирус жұқтырған 218 754 адам тіркелген, 202 230 науқас сауығып, барлығы 2812 адам қайтыс болған.
Қазақстан билігі коронавирус жұққаны ПТР тест нәтижесінде емес, клиникалық белгілері бойынша анықталған науқастар есебін (коронавирус пневмониясы) 2020 жылдың 1 тамызынан бері жүргізіп келеді. Оған дейін коронавирус пневмониясына қанша адамның шалдыққаны белгісіз. 1 тамыздан бері елде 49 573 адам коронавирус пневмониясына шалдығып, 644 адам пневмонияның сол түрінен қайтыс болған. 43803 сырқат дертінен жазылған.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 116,8 млн адамнан асты. Шамамен 65,8 млн адам айыққан, 2,59 млн адам қайтыс болған.
Еуропада Covid індетінің тарауы қайта күшейді
Еуропада коронавирустың тарауы алты апталық төмендеуден кейін қайта күшейді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінен көруге болады. Кейінгі аптада 1 миллион науқас тіркелді. Бұл алдыңғы аптаның көрсеткішінен 9 пайызға көп.
Індеттің күш алуы вирус мутациясының тарауымен және карантин шектеулерінің абайсыз алынуымен байланысты деді ДДСҰ-ның Еуропа бойынша аймақтық директоры Ханс Клюге.
Былтыр Ұлыбританиядан анықталған мутация Еуропаның 27 елінде тарап жатыр. Бұл елдерде вакциналауы деңгейі АҚШ, Израиль, Чили және БАӘ секілді елдердегідей жоғары емес. Көбінде карантин шектеулері әлі алынбаған. 6 наурыз күні Австрия, Швейцария, Швеция және Ирландия секілді елдерде мыңдаған адам көшеге шығып, карантин шектеулерінің экономикалық және әлеуметтік жағдайды ушықтырып жібергеніне наразылық білдірді.
Ал Германияда азаматтар дүкенге жүгіріп, коронавирустың бар-жоғын анықтайтын экспресс тестілерді сатып алып жатыр. Тестілер санаулы сағат ішінде сатылып кетіп жатыр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне қарағанда, Германияда коронавируспен барлығы 2,5 миллион науқас тіркелген, оның 2,3 миллионы жазылған, 72 мыңға жуығы қайтыс болған.
Әлемде коронавируспен тіркелгендер саны 116 миллионнан асты. Жұқпалы аурудан кемі 2 миллион 588 мың адам қайтыс болды.
Эпидкарта: Қостанай облысы "жасыл" аймаққа, Атырау облысы керісінше "сары" аймаққа өтті
Коронавирус індетінің эпидемиялық картасында Қостанай облысы "сарыдан" "жасыл" аймаққа, Атырау облысы "жасылдан" "сары" аймаққа өтті. Бұл туралы Коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналында жарияланды.
Эпидемиялық картасында коронавирус індетінің тарау деңгейіне байланысты үш аймақ бар: "жасыл", "сары" және "қызыл". Қызыл түс ахуалдың нашарлығын, жасыл қалыпты екенін білдіреді. Сары түс індеттің күшейіп тұрғанын, бірақ қатаң карантин енгізетіндей ахуалға жете қоймағанын білдіреді.
7 наурыздағы эпидкартада "сары" аймақта Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар және Ақмол облыстары тұр. Қалғаны түгелдей "жасыл аймақта".
"Қызыл" аймаққа өткен облыста не қалада карантин шектеулері күшейтіледі.
ПІКІРЛЕР