Вирус табылған қазақстандықтар Германиядан келген
13 наурызда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтандағы брифингте "Германиядан келген екі қазақстандықтан (бір әйел, бір ер адам) коронавирус табылып, олар ауруханаға жатқызылғанын" мәлімдеді. Министрдің сөзінше, бірі 9 наурызда, екіншісі 12 наурызда ұшып келген, қазір жағдайлары жақсы.
"12 наурызда ұшып келген жолаушылардың барлығы карантинге жіберілген. Ал 9 наурыз күнгі рейсте болған 73 жолаушыны тауып, карантинге жатқызу жағын қарастырып жатырмыз, олардың тізімі бізде бар" деді министр.
Алматыдағы инфекциялық аурухана карантинге өтеді.
Қолды қалай жуу керек?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустан сақтану үшін қолды тазалап жууға кеңес береді. Қолды қалай жуу керек? Бір минутыңызды бөліп көріп шығыңыз.
- Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ
Қазақстанда қанша адам карантинде жатыр?
Қазақстанда 16 наурыздан бастап оқушылар ерте каникулға шығады. Ал студенттер толығымен онлайн оқу жүйесіне көшеді. Елде кинотеатрлар жұмысын уақытша тоқтатты. Наурыз мерекесіне арналған шаралар да өтпейді. Қазақстан билігі Қытай, Иран, Италия, Оңтүстік Корея, Германия, Франция, Испания, Швейцария, Сингапур, Гонконг, АҚШ сынды елдерден келгендерді карантинге жібереді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір Қазақстанда үш мыңға жуық адам карантинде.
Біртанов: Алматыда қазір төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ
13 наурыздағы брифингте денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов “вирус жұқтырған екі қазақстандық жатқан Алматыда дәл қазір төтенше жағдай жариялауға негіз жоғын” айтты.
“Қазір қалада төтенше жағдай жариялауды жергілікті әкімдік шешеді. Әрине, біз олармен байланыстамыз. Бірақ дәл қазір төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ. Егер коронавирус жұқтырғандар саны өссе, төтенше жағдай жариялануы да мүмкін” деді министр.
Министрліктің дерегінше, вирус жұқтырған екі қазақстандықтың бірі 1974 жылы, екіншісі 1984 жылы туған.
ПІКІРЛЕР