Accessibility links

Билікке деген сенім мен саяси көзқарас коронавирусты жеңуге қалай әсер етеді?


Коронавирус індеті өршіп тұрғанда жағалауда жүрген адамдардың арасында маска таққандары аз. Калифорния, АҚШ. 22 маусым, 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Коронавирус індеті өршіп тұрғанда жағалауда жүрген адамдардың арасында маска таққандары аз. Калифорния, АҚШ. 22 маусым, 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Халықтың карантин ережелеріне бағыну не бағынбау әрекетін зерттеген ғалымдар бұған билікке деген сенім мен саяси көзқарастың әсері көп дейді.

Коронавирус жайлы зерттеулердің біраз бөлігі адамдардың карантин ережелеріне қатысты мінез-құлқын бақылауға бағытталған. Зерттеулер көрсеткендей, авторитарлық мемлекеттерде адамдар көбіне қатаң жазадан қорыққаннан тәртіпке бағынады.

Дегенмен соңғы зерттеулерге қарасақ, азаматтық еркіндік пен адам құқықтары бағаланатын қоғамдарда бұл мәселе анағұрлым күрделі.

МІНДЕТТЕУ КЕРЕК ПЕ ӘЛДЕ ЕРІКТІ ТҮРДЕ ШЕКТЕУ ДҰРЫС ПА?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Covid-ті “қоғам саулығына халықаралық дәрежеде төнген қауіп” деп сипаттаған қаңтар айында ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус аса қатаң локдаунның “өте ауыр әлеуметтік және экономикалық салдарын қарамастан”, індетті бақылай алған Қытай үкіметінің жетістігін жоғары бағалаған.

Маска таққан Қытай басшысы Си Цзиньпин Хуошэньшань ауруханасындағы науқастар мен дәрігерлерге видеобайланыс арқылы сөйлеп тұр. Ухань, Қытай. 10 наурыз, 2020 жыл.
Маска таққан Қытай басшысы Си Цзиньпин Хуошэньшань ауруханасындағы науқастар мен дәрігерлерге видеобайланыс арқылы сөйлеп тұр. Ухань, Қытай. 10 наурыз, 2020 жыл.

Алайда Батыстағы сыншылар “үрейден не жазадан қорыққаннан тәртіпке бағыну қанына сіңбеген” еркін елдерде мұндай қатаң ереже жүрмейтін болар деп болжайды.

Наурыздың ортасында Вашингтондағы Шетелмен қарым-қатынас кеңесі жаһандық денсаулық бағдарламасының директоры Томас Боллики: “Батыстың не басқа жақтың ешбір елі Қытайды қайталай алмайды және қайталамауы тиіс” деді.

Боллики Қытайдың “карантин және цензура шаралары” “азаматтық бостандық пен адам құқықтарын” аяққа таптады деп сынаған.

Боллики осы пікірді айтқаннан соң көп ұзамай ДДСҰ Covid-ті жаһандық пандемия деп жариялады және әлем елдерін індетті тоқтату мақсатында шектеу шараларына дайындалуға шақырды.

Юньмэн қаласында коронавируспен ауырғандарды емдеп, кетіп бара жатқан дәрігерлермен қоштасып тұрған халық. Хубэй аймағы, Қытай. 23 наурыз, 2020 жыл.
Юньмэн қаласында коронавируспен ауырғандарды емдеп, кетіп бара жатқан дәрігерлермен қоштасып тұрған халық. Хубэй аймағы, Қытай. 23 наурыз, 2020 жыл.

Қатты зардап шеккен Иран мен Италия міндетті локдаун енгізген алғашқы елдер болды. Басқалары да толық не ішінара карантин жариялап, тазалық, арақашықтық және маска тағу жөніндегі ерікті түрде орындалатын ережелер ұсынды.

АҚШ үкіметі пандемия кезіндегі іс-әрекет бойынша жалпы ұсыныстарын жариялап, карантин және маска режимдері жөнінде шешім қабылдау құқығын штаттардың өзіне берді.

Көп ұзамай АҚШ-та бұл шешімдер саяси мәселеге айналып, түрлі көзқарасты жақтайтындар арасында дау-дамай басталды. Халықтың үкіметке сенімі жоғары Швецияда карантин жарияланбады, мекемелер жабылмады, тіпті маска тағу туралы міндетті талап та болмады. Азаматтардың көбі әдеттегі шаруаларын істеп емін-еркін жүрді.

Швеция денсаулық сақтау министрі сәуірде Азаттыққа берген сұхбатында швед моделі “сенімге” негізделгенін, яғни азаматтар ерікті ұсыныстарды орындауда “жеке жауапкершілікті мойнына алатынын” айтқан.

Оның айтуынша, демократиялық қоғамда бірер апталық қатаң шектеуден гөрі біршама босаң ереже стратегиясы айлар бойы тұрақты түрде іске асады.

Covid-ті таратпаудағы әлеуметтік арақашықтықтың маңызын айтқан, үй қабырғасына ілінген жарнама. Стокгольм, Швеция. 29 сәуір, 2020 жыл.
Covid-ті таратпаудағы әлеуметтік арақашықтықтың маңызын айтқан, үй қабырғасына ілінген жарнама. Стокгольм, Швеция. 29 сәуір, 2020 жыл.

Далластағы Федералдық резерв банкінің экономикалық саясат жөніндегі кеңесшісі Александр Чудиктің зерттеуіне сенсек, үкімет енгізген ережемен салыстырғанда ерікті әлеуметтік арақашықтық ережесінің тиімділігі төмен.

Чудиктің айтуынша, “толық үйден шықпа” деген міндетті мемлекеттік ереже мен оқшаулану деңгейін кісінің өз құзырына қалдыратын еркін ереже арасындағы нәтиже жер мен көктей.

МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ЭКОНОМИКАСЫ

Мінез-құлық экономикасын зерттеушілер Паола Джулиано (Лос-Анджелестегі Калифорния университеті) және Имран Расулдың (Лондон университеті) айтуынша, азаматтардың әлеуметтік арақашықтық сақтау және маска тағу ережелерін дұрыс орындауына “нақты ненің әсер ететінін білу” өте маңызды.

Көп елден мәлімет жинаған олар “бағынуға түркі болатын” басты себептерді анықтаған. Оған “әлеуметтік капитал” мен халықтың үкіметке және институттарға сенім деңгейі жатады.

Сондай-ақ олар саяси көзқарастар да, адамдар қолданатын ақпарат көздері де ережеге бағыну мәдениетіне әсер етеді деген қорытынды жасаған.

Италия індет жайылған тұста тарихи ғимарат – Колизейді жабуға мәжбүр болды. Рим, Италия. 8 наурыз, 2020 жыл.
Италия індет жайылған тұста тарихи ғимарат – Колизейді жабуға мәжбүр болды. Рим, Италия. 8 наурыз, 2020 жыл.

Жақында Еуропадағы денсаулық сақтау мамандары ұжымдық шаршау сезімі бұрын ережеге бағынып жүрген адамдарды босаңсытып, олар қол алысу, беттен сүю сияқты пандемияға дейінгі дағдыларын қайта бастауы мүмкін деп ескертті.

Олардың айтуынша, ережелер мен нұсқаулықтар жиі өзгергеніне қарамастан, еуропалықтар оқшаулану, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және маска тағу тәртібін бірқалыпты деңгейде сақтаған.

Дегенмен, маска тағу міндеттелсе де, міндеттелмесе де, жұрт арасында жалпы “маскадан шаршау” үрдісі байқалады.

Франциядағы Денсаулық және медицина зерттеулері институтының эпидемиологы Изабелла Аннези-Мезано The Wall Street Journal-ға сұхбатында “адамдар қатты шаршады, және бұл байқалып тұр” деп суреттеді.

“ӘЛЕУМЕТТІК КАПИТАЛ”

Экономистер “әлеуметтік капитал” деген терминді ойлап тапқалы бір ғасыр болды. Дегенмен бұл туралы идеялар одан бұрын да айтылып жүрген.

Парижде орналасқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) әлеуметтік капиталға “топтың ішінде және басқа топпен арасындағы ынтымақтастықты арттыратын ортақ нормалар, құндылықтар мен түсініктердің жиынтығы” деген анықтама берген.

OECD зерттеушілері әлеуметтік капиталға жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас, әлеуметтік байланыстар және азаматтық белсенділік ықпал етеді деп санайды.

Мінез-құлық экономистері мен әлеуметтанушылар “сенім мен ынтымақтастықтың нормалары” да әлеуметтік капиталға ықпал етеді дейді.

Ер адам арақашықтықты сақтау туралы ескертудің қасынан өтіп барады. Честер, Ұлыбритания. 12 маусым, 2020 жыл.
Ер адам арақашықтықты сақтау туралы ескертудің қасынан өтіп барады. Честер, Ұлыбритания. 12 маусым, 2020 жыл.

Демек “сенім, әлеуметтік нормалар және ортақ құндылықтар – қоғамның әрекет етуінің басты негізі, соның арқасында олар өзара тиімді ынтымақтастық орнатады”.

“Ортақ нормаларымыз, құндылықтарымыз бен түсініктеріміз әлеуметтік байланыстарымызға қарағанда бұлыңғырлау” делінген OECD есебінде.

“Әлеуметтанушылар әдетте норма дегенде қоғамның жазылмаған, дау тудырмайтын ережелерін меңзейді. Адамның қауіпсіздігіне құрмет көрсету сияқты құндылықтар – әр әлеуметтік топтың басты өзегі”.

АДАМДАРДЫҢ БІР-БІРІНЕ ЫҚПАЛЫ

Британ үкіметі қаржыландыратын “Халықаралық даму орталығы” (IGC) Covid кезіндегі локдаун кей елдердегі әлеуметтік нормаларды өзгертіп, оларды тәртіпке көбірек бағынуға итермеледі деп санайды.

“Әлдебір әлеуметтік норманы қабылдау үшін әдетте мықты лидердің қоғамды ұйыстыра алатын нарративі болуы керек” дейді IGC зерттеушілері Оливер Харман мен Виктория Делбридж.

“Бірізді нарративі бар мықты лидер бір норманың орнына екіншісін қабылдауға ықпал етеді, соның арқасында мемлекет ресми түрде мәжбүрлемесе де, азаматтар тәртіп сақтауға өз-өздерін үйретеді”.

“Бұл жақсы әлеуметтік норма қалыптастырып қана қоймай, адамдарға бір-біріне ықпал ету арқылы құқық қорғаушы рөліне енуіне де мүмкіндік береді. Кей жағдайда ресми жазадан гөрі осындай әлеуметтік қысымның пайдасы көп” дейді Харман мен Делбридж.

САЯСИ КӨЗҚАРАС

Соңғы зерттеулер көрсеткендей, саяси көзқарастың қоғамдық денсаулық бойынша шектеулерге мойынсұну деңгейіне ықпалы АҚШ-та және тағы басқа елдерде жоғары болған.

“Түрлі елден жинаған дерекке сәйкес, саяси ұстаным мен медианы тұтынудағы ерекшеліктер аурудың қаупін сезіну және әлеуметтік қашықтықты сақтау ережелеріне бағыну деңгейіне көп ықпал еткен” деп қорытады Джулиано мен Расул.

Коронавирустан қатты зардап шеккен Иранда әйел адам маска тақырыбындағы картиналарды тамашалап тұр. Тегеран, Иран. 18 шілде, 2020 жыл.
Коронавирустан қатты зардап шеккен Иранда әйел адам маска тақырыбындағы картиналарды тамашалап тұр. Тегеран, Иран. 18 шілде, 2020 жыл.

Чудиктің тұжырымы бойынша, “әлеуметтік арақашықтықты сақтау туралы пәрмен берген мемлекеттік қызметкерге халықтың сенімі де” ережеге бағынуға әсер еткен.

Чудик өзі жинаған дерекке қарап, Республикалық партияны қолдайтындар штат басшыларының сөзіне, тіпті партияның жергілікті өкілдеріне қарағанда, президент Трамптың кеңесіне көбірек иланады деген қорытынды жасаған.

“Басқа мәселелер сияқты коронавирус пандемиясы да АҚШ-ты екіге жарған тақырып болды, сондықтан саяси ұстанымдар әлеуметтік қашықтық ережелерін сақтауға әсер етті” дейді Чудик.

“Қос партия да әлеуметтік арақашықтық ережелеріне бағынса ғана біз жаңа коронавирустың таралуын жылдамырақ тоқтата аламыз”.

СЕНІМ ФАКТОРЫ

Covid пандемиясынан бұрынғы зерттеулердің өзінен-ақ халықтың үкіметке және институттарға сенімі олардың төтенше жағдайда қолға алынған шараларға бағыну дәрежесіне әсер ететіні белгілі болған.

Бұл індеттің таралуына елеулі әсер еткен фактор болды.

Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) Даму жөніндегі дүниежүзілік институты шығарған Life With Corona басылымы билікке сенімнің пандемия кезіндегі адамның әрекеттерімен қаншалық қабысатынын көрсетті.

Зерттеушілердің айтуынша, институттарға сенім тек локдаунға мойынсұну, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және маска тағу ережелеріне ғана әсер еткен жоқ.

Әлемде жүргізілген сауалнамаға көз салған зерттеушілер адамдардың Covid-ке қатысты іс-әрекеті де сенім деңгейіне ықпал етеді деген қорытынды жасайды.

“Ауырған кісімен байланыста болғандар және жұмыссыз кісілердің адамдарға, институттарға және жалпы барлығына сену деңгейі төмен болған” дейді олар.

Есесіне, дерттің симптомдарын сезінген адамдарда мұндай ерекшелік байқалмайды.

“Бұл ассоциациялар контекстіге байланысты әркелкі болып келеді және көбіне өзінің және жақындарының денсаулығына алаңдағаннан емес, сарыуайымға салынып, стресске ұшырағаннан болады” дейді БҰҰ институтының ғалымдары.

Олардың айтуынша, пандемияның әсері тек денсаулық төңірегіндегі мәселелермен шектелмейді. Қоғамда жаңа норма орнығады, “және ол норма қоғамның пандемиядан қалай шығатынына қарай қалыптасады”.

Мақала ағылшын тілінен аударылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG