Қытай астанасы Пекиндегі ірі көтерме сауда базарында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар анықталған. Жергілікті баспасөз құралдарының хабарлауынша, Пекин мэриясы ең қатаң шаралар қабылданып, базар мен оның төңірегіндегі аудандарда эпидемиологиялық жағдайды зерттеу жүргізілетінін, сонымен бірге вирус ошағы мен көрші аудандардағы адамдардан тест алынатынын мәлімдеді.
15 маусымдағы ресми мәлімет бойынша, Пекинде өткен тәулікте коронавирус ифнекциясын жұқтыруға байланысты 42 жағдай тіркелген, оның 36-сында науқастарда клиникалық белгілер анықталған. Алты жағдайда вирус жұқтырғандарда ешқандай ауру белгісі болмаған. Қазір Пекиндегі ауруханаларда COVID-19 диагнозы қойылған 79 адам жатыр деп хабарлайды Қытай басылымдары.
Пекиннің оңтүстігіндегі 11 кварталда оқшаулау шарасы енгізіліп, адамдарға үйден шығуға тыйым салынған. Бұл туралы қала шенеуніктері баспасөз брифингінде мәлімдеді. Фэнтай ауданында әскери жағдай енгізілді деп хабарлады Қытайдың CGTN порталы.
Вирустың жаңа ошағы не себепті пайда болды, базардың бұған қатысы бар ма – ол жағы әзірге белгісіз. Былтырғы жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласында алғаш рет тіркелген жаңа коронавирус – SARS-CoV-2 (COVID-19 деп те атайды) кейін әлемнің өзге елдеріне тараған. Кейбір болжам бойынша, инфекция адамға Ухань қаласындағы жабайы аңдардың еті сатылатын жергілікті базарда жұққан.
Қазір вирус Азия мен Американың бірқатар елінде өршіп тұр. Үндістанда ресми мәліметке сай, кейінгі бір тәулікте 11,5 мың адамнан вирус анықталған. Елде вирус жұқтырғандар 332 мың адамнан асты.
Дүниежүзіндегі коронавирусқа байланысты ахуалды бақылап отырған америкалық Джонс Хопкинс универститетінің есебінше, Үндістан қазір вирус жұқтырғандар көрсеткіші бойынша АҚШ, Бразилия мен Ресейден кейін әлемде төртінші орынға шыққан. Онан кейінгі орындарда Ұлыбритания, Италия мен Испания тұр.
Кейінгі екі айда алғаш рет Иранда бір тәулікте вирустан қайтыс болғандар саны қайта көбейіп отыр. Иран денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен тәулікте 2472 адамнан коронавирус анықталған, 107 адам қайтыс болған.
Жапония астанасында да 5 мамырдан бері алғаш рет бір тәулікте коронавирус жұққаны анықталған адам саны 40-тан асты. Өткен тәулікте Токиода 47 адамнан вирус табылған.
Сингапурда бір күнде коронавирус диагнозы 407 адамға қойылған. Олардың көбі – жатақханаларда тұрып жатқан шетелдік жұмысшылар деп хабарланды.
Бразилияда кейінгі 24 сағаттың ішінде 17110 адамнан вирус анықталып, 612 адам көз жұмған. Елде коронавирус салдарынан болған өлім көрсеткіші - 5%. Бұдан бір күн бұрын 22 мың адамнан вирус табылып, 892 науқастың қайтыс болғаны хабарланған еді.
Ал бұл кезде Еуропа одағына мүше бірнеше мемлекет 15 маусымнан бастап одақтас елдерге шекарасын ашқалы отыр. Бұл - коронавирус пандемиясы басталғалы ең ірі қадамдардың бірі. Шекарасын ашуға бел буған елдер қатарында Германия, Бельгия, Франция, Грекия мен Чехия бар. Австрия шекарасын 16 маусымнан ашады.
Бұл қадам Еуропалық комиссияның өткен аптадағы ұсынысынан кейін жасалып отыр. Ол кезде Еуропалық комиссия коронавирус инфекциясының тарауына байланысты наурыздың орта шенінен жабылған шекараларды мейлінше тезірек ашқан дұрыс деген болатын.
Франция президенті Эммануэль Макрон "вирусқа қарсы күрестегі алғашқы жеңіспен" құттықтап, пандемия кесірінен болған экономикалық және санитарлық дағдарыстардан сабақ алуға уәде етті. Телеарна арқылы жасаған үндеуінде Макрон Францияның бүкіл аумағында шектеу алынып, 15 маусымнан ел экономикасы толық іске қосылатынын айтты.
Шекара ашылған соң жүріп-тұру мүмкіндігі негізінен Еуроодақ, Ұлыбритания мен Еуропаның Шенген визасы жүйесіне қосылған өзге елдерінің азаматтарына беріледі.
Алайда Париждің Лондон және Мадридпен жасаған келісіміне сәйкес, Ұлыбритания мен Испаниядан Францияға келген адамдар әуелі 14 күн өз-өзін оқшаулауы тиіс. Франция Еуропа одағына енбейтін, коронавирус індетін ауыздықтаған өзге елдермен шекарасын 1 шілдеден ашуды жоспарлап отыр.
Испания үкіметі шекарасын Еуропаның көптеген еліне 21 маусымда ашпақ. Дәл сол күні елдегі төтенше жағдай аяқталауы тиіс.
Еуропа құрлығы COVID-19 коронавирусынан қатты зардап шекті. Бірақ кейінгі уақытта вирусты жұқтыру деңгейі бәсеңдеп, өлім саны едәуір азайған. Алайда шекараның ашылуымен коронавирус екінші толқыны басталуы мүмкін деген қауіп те бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау 11 наурызда COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялады. Кейінгі мәліметке сай, әлемде вирус жұқтырғандар 7,5 миллионнан асты, 423 мыңнан астам адам қайтыс болды. Коронавирус салдарынан қайтыс болғандар саны бойынша бірінші орында АҚШ тұр – қазірге дейін елде 118 мыңға жуық адам көз жұмған.
ПІКІРЛЕР