Кремльдің Украинаның шығысы мен оңтүстігін және Қырымды қамтитын «Новороссия мемлекетін» құру жобасы 2014 жылдың басында бірнеше апта ішінде құпия түрде әзірленген.
Қырымдағы оқиғалардың басы-қасында болып, көп нәрседен көңілі қалса да, мәскеулік Александр есімді бизнесмен (аты-жөнін атамауды сұрады) бұл жобаны әлі күнге жан-тәнімен қолдайды екен.
- Ресей қарулы топтары қарамағындағы аймақтан жолаушылар ұшағын атып құлатқан[2014 жылғы] шілденің 17-сі күні (2014 жылы) Кремль «Новороссияны» құру мүмкіндігінен айырылды. Бұл оқиғадан ұшақтағы 298 адам қаза тапты. Содан соң Новороссия идеясы құрдымға кетіп, соғыс саябырсыды,- дейді Александр.
Сол күні әуедегі нысанды жерден көздейтін Ресейде жасалған зымыран MH17 рейсімен ұшып бара жатқан ұшақты атып түсірген еді.
Александр 2014 жылы ақпанда Сергей Аксеновтың «Орыс бірлігі» қоғамдық-саяси қозғалысының жұмысына атсалысу үшін Қырымның астанасы Симферопольға барады. Украинаға тиесілі түбекті Ресей аннексиялаған соң Аксенов аймақтың де-факто губернаторына айналды да, Александр оның қарамағында қызмет істеген.
Оның басты міндеті – жергілікті тұрғындардың «ерікті қорғаныс отрядтарын» құру болған. Жеделдетіп құрылған, қару-сайманы аз «еріктілер» Украина әскері мен атышулы «жасыл адамдардың» (айырым белгісі жоқ, маска киген Ресей сарбаздары) ортасында тұру туралы тапсырманы орындады.
«МӘСКЕУДЕН НҰСҚАУ КҮТТІК»
Александрдың айтуынша, басында бұлардың қару-жарақ пен құрал-жабдыққа мүлде ақшалары болмаған. Наурыздың 3-і күні ресейшіл бүлікшілер Украинаның бірнеше банкінің филиалын басып алады. «Күн сайын қаппен ақша келіп тұратын болды» дейді Александр.
Сосын ол «еріктілеріне» күніне 800 рубль (ол уақытта шамамен 22,40 АҚШ доллары) төлейтін жағдайға жетеді. Соның арқасында «халық жасақтарының» саны күрт көбейген. Ақпанның 28-і күні Ресей барлау күштері Жоғарғы кеңес ғимаратын басып алған соң Қырымдағы украин полициясы тарап кетеді де, Александрдың «қорғаныс күштері» (еріктілерді айтады – ред.) солардың орнын басады.
«Наурыздың алғашқы аптасы өте ауыр болды» деп еске алады Александр. Сол сәтте Ресейден кесімді сөз күткен ресейшіл жұрттың дегбірі қалмапты.
- Наурыздың 6-сына дейін Ресеймен қосылу туралы айтуға, Ресей туын ілуге тыйым салынды. Бәріміз Мәскеудің ақтық шешімін күттік, - дейді ол.
Оның айтуынша, Мәскеу Украина қорғаныс күштерінің жауабын күтіп, әліптің артын баққан. Киевтің ашық қарсыласуға дайын емес екені айқындалғаннан кейін ғана Кремль «батасын» берген.
Тонналап жеткізілген Ресей тулары ілініп, тәуелсіздікке қатысты референдум күні де белгіленеді. Александрдың жасақтарына Украин армиясынан тартып алынған қарулар беріледі. Халық ерікті жасаққа үлкен ықыласпен көмектесіп, олардың Симферопольдегі кеңсесіне азық-түлік пен ақша әкеліп тұрған. Наурыздың 29-ы күні әрқайсысы 80-100 сарбаздан тұратын алты отряд жасақталып, қару-жарақпен қамтамасыз етілген. Украинаның Мазанкадағы базасын тартып алған соң олар аңшы мылтықтарын тастап, автоматты қару мен тапанша асынған.
ҚАПТАҒАН «МӘСКЕУ ӨКІЛДЕРІ»
Осы кезеңде Қырымның де-факто үкіметіне «Мәскеудің өкілдері» көптеп келе бастаған. Бір күні Александрдың кабинетіне бір жігіт келіп «Мен – Мәскеуден келген PR маманымын, атым – Саша» деп өзін таныстырады.
- Оның фамилиясының «Бородай» екенін кейін білдім. Содан соң ол «Донецк халық республикасының» премьер-министрі болды. Оның Қырымда не істеп жүргенін білмедім. Референдум қарсаңында оны әр жерден кезіктіріп жүрдім, артынан ол мүлде жоғалып кетті. Мәскеуден және Ресейдің басқа да аймақтарынан бөтен адамдардың көп келгені сондай, олардың бәрін есте сақтау мүмкін емес болды, - дейді Александр.
Украина жоғарғы соты «заңсыз» деп шешім шығарғанына қарамастан, Қырымның тәуелсіздігі туралы референдум наурыздың 16-сы күні оккупация жағдайында өткізілді. Александр дауыс берудің заңсыз болғанын мойындайды, дегенмен референдумның қорытындысы халықтың сол кездегі көңіл-күйін білдіреді дейді ол.
- Бұл референдумда нәтижені бұрмалаудың еш қажеттігі болған жоқ. Ол кезде халықтың басым көпшілігі [Ресеймен] қосылуды жақтап дауыс берді. Қазір халықтың көңілі бастапқы кездегідей емес, - дейді Александр.
Елдің ықыласы ұзаққа созылмады. «Наурыздың 20-сы күні қызмет орындарын бөлісу қызу жүріп жатқан, нәтижесінде [қызметінен кетірілген Украина президенті Виктор Януковичтің] Аймақтар партиясының жемқор басшылары бұрынғы орындарын сақтап қалды немесе басқа лауазымдарға ие болды. Аймақтар партиясы тұтасымен «Единая Россиямен» жымдаса бірігіп кетті. Ал халық жаңа өзгерістерді, жаңа басшылардың келгенін күтіп жүрген еді» дейді ол.
ҚЫРЫМ МЕН ДОНБАСТЫҢ БАЙЛАНЫСЫ
Сол кезде Қырымға келгіштеп жүрген «бөтендердің» ішіндегі ең жұмбақ адам – Игорь есімді «Кремль эмиссары» болды. Ол – кейіннен «Қырымның өзін-өзі басқару» күштеріне басшылық жасаған Игорь Гиркин (Стрельков) болып шықты. Кейіннен ол өзін Киевтің билігіне қарсы шыққан Донецк жасағының «қорғаныс министрі» етіп жариялағаны белгілі.
Ол кезде Гиркин Қырымды расымен басқарды, «тіпті Аксеновтың өзі оған бағынатын» дейді Александр. Наурыздағы оның басты міндеті – жаңа құрылған Қырым жасақтарын әскери дайындықтан өткізіп, ішіндегі мықтыларын Донбастағы ұрысқа іріктеу болған. Александрдың айтуынша, украиндармен тікелей келіссөз жүрігізіп, олардың әскерінің Қырымнан шығып кетуін ұйымдастырған да – Гиркин.
- «Мәскеулік мамандар» Донбаста соғысып жатқан командирлерге арнап байланыс құралдарын әкеліп жүрді. Мамыр айының басында оларға арнап 20-ға жуық [арнайы төрт санды] нөмір алып келді, - дейді Александр.
Әуелде Ресейдің қару-жарағы мен құрал-жабдығы Қырым арқылы тасымалданған. Кейін Мәскеу өзіне сенімді бола бастағаны сондай, оларды ашық жатқан шекара арқылы Ростов облысынан тікелей жеткізуге көшкен.
Алайда, көп ұзамай Донбастағы жасақтар «зорлық-зомбылық пен тонаушылықпен күн көретін бандаға» айналды дейді Александр. «Олар адамдарды кепілге алып, ақша талап ете бастады, ықпал ету аймағы үшін өзара төбелесуге көшті» дейді ол.
- Мамырдың 26-сы күні өзіміздің адамдардың Донецк әуежайынан жаралыларды алып келе жатқан көлігімізді атқылағанда ешқандай үміт қалмағанын түсіндім. Сол қанды атыста менің жақын досым қаза тапты. Сонда ғана алданған халықтың бостан-босқа өліп жатқанын ұқтым, - дейді Александр.
«БАНДАҒА» АЙНАЛҒАН ЖАСАҚ
- [Донбастағы] ресейшілдер аймағында қару-жарақ қылмыскерлер мен нашақорларға жеткізіліп жатты, ал олар кісі тонап, бизнес, үй, көлік тартып алумен айналысты. «Орыс әлемі» жобасының құрдымға кетіп бара жатқаны сонда белгілі болды. «Ресей әлемінің» романтигі Гиркин айналасында болып жатқан анархияны тоқтата алмады, - дейді ол.
Донбастағы ресейшіл топтар да аймақтың статусы жөнінде «референдум» өткізді, бірақ оның сенімсіз болғаны сондай, тіпті ол туралы Ресей ақпарат құралдары да мандытып ештеңе айтпады.
Александрдың айтуынша, Донбасс аспанында Малайзия әуе копаниясының жолаушы ұшағы құлатылған соң бұл жоба толық келмеске кетті. Кремль «Новороссия» жоспарынан сол кезде бас тартқан.
Қырымның туризмге лайықталған экономикасы жемқорлық кесірінен тұралап жатқанын білсе де, Александр ондағы қызметін жалғастыра беріпті. Оның айтуынша, Еуропа Одағынан келген санкцияға іліккен тауарларды Керчь бұғазы арқылы Ресейге «босқындарға жәрдем» деп жасырын сатып жүрген қылмыскерлер мен жемқор басшылар табысқа кенеліп жатыр.
Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі «қамқорлығына» алған осындай бір контрабандалық топпен келіспей қалғаннан кейін ол Қырымнан кетіпті.
- Мен армандаған, Қырым халқы күткен, Донбастағы көптеген ерікті соның жолында жанын пида еткен «Орыс әлемі» жоспары менің көз алдымда тып-типыл болды, - дейді Александр.
Сергей Лойко мен Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.