Accessibility links

Қырғызстан Қырымның Ресейге қосылуын заңды деп таныды


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Мәскеу, 24 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырғызстан Қырымда өткен референдумды және ол аймақтың Ресей құрамына кіру туралы шешімін заңды деп таныды. Қырғыз сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеде "16 наурыздағы референдум нәтижесі - автономиялық республикадағы халықтың көбінің еркі" екені айтылған.

Қырғызстанның пікірінше, Қырымға байланысты дағдарыс "Украинаның бұрынғы билігінің ойланбай жасаған шешімдері мен жемқорлыққа батқанының кесірінен" болған.

Бұдан бұрын, 18 наурызда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де Қырымда 16 наурызда өткен, «халықтың 93 пайызы автономиялы республиканың Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуын жақтаған» референдумды «халықтың өз қалауын еркін білдіруі» деп сипаттаған.

«Қазақстан БҰҰ жарғысына сәйкес халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына өзінің берік ұстанымын тағы да атап өтетінін» ескерткен министрлік «Ресей федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайтынын» айтқан.

Сол күннің ертеңінде, 19 наурызда Украина сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жариялап, Қазақстандағы Қырым автономиялық республикасында өткен "референдум" туралы пікіріне қатты алаңдайтынын айтқан. "Бұл Қазақстанның бұрынғы мәлімдемелеріне, соның ішінде Украинаның территориялық тұтастығын сақтауды қолдау қажеттігі туралы жоғары дәрежеде айтылған мәлімдемесіне қайшы келеді" дейді Украина сыртқы істер министрлігі.

Ресми Киев «Қырым – Украина территориясы» екенін айтып, онда өткен референдум нәтижесін мойындамай отыр.

АҚШ пен Еуропа Одағы да Қырымдағы референдум Украина конституциясы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін, бұл шара Ресей әскерилерінің қысымы мен қорқытуы арқылы өткенін ескертіп, оны мойындамайтындарын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG