Accessibility links

Қырым оқиғасының диктаторларға берген алты «ақылы»


Қырымның Ресейге қосылу құрметіне өткен шеру. Мәскеу, 18 наурыз 2014 жыл.
Қырымның Ресейге қосылу құрметіне өткен шеру. Мәскеу, 18 наурыз 2014 жыл.

Ресейдің Қырым түбегін жылдам әрі оңай қосып алуы бүкіл әлемді есеңгіретті. Бірақ осы оқиғаға түрткі болған алты фактор жылдар бойы қалыптасқан еді.

Азаттық тілшісі диктаторлар мен олардан құтылғысы келетін мемлекеттер үшін аса маңызды алты сабақ ұсынады.
1. ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ

20 жыл бұрын Украина әлемдегі үшінші ядролық держава болды. Совет Одағының «қырғиқабақ соғысынан» кейін бұл елдің иелігінде ұзақ қашықтыққа ұшатын 1 мың 900 ядролық зымыран, қысқа қашықтыққа атылатын 2 мың 400 ядролық зымыран қалған.

Алайда Киев 1994 жылы Украина қауіпсіздігіне кепілдік беретін Будапешт меморандумына қол қойған соң, ол қаруларды өз еркімен Ресейге өткізіп берді. Ол құжат бойынша, ядролық қаруынан бас тартқан Украина егемендігі сақталатынына, Ресей «оның аумақтық біртұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірмейтініне, қарсы күш қолданбайтынына» уәде берілген.

Ол кезде бұл тәп-тәуір мәміле болып көрінді. Алайда қазір Украинаның көптеген депутаттары сол шешімге өкініп отыр. Пәкістан мен Үндістанның бұрыннан білген ақиқатын – басқыншыларды ел аумағынан қуып шығуға келгенде зымыранның меморандумнан әлдеқайда пайдалы құрал екенін Украина енді мойындады.

Украинаның Жоғарғы Рада депутаты Павел Ризаненко USA Today басылымына берген сұқбатында: «Егер ядролық қаруың болса, ешкім еліңе басып кірмейді» дейді. Будапешт меморандумына қол қойған Беларусь пен Қазақстан да ядролық арсеналынан бас тартқаны үшін өкінуі ғажап емес. Ал Иран мен Солтүстік Корея өздеріне аса қатты қысым жасалмайтынына сенеді.

2. МӘМІЛЕНІҢ ҚҰНСЫЗДЫҒЫ

Будапешт меморандумын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше бес ел тегіс мақұлдады. Бірақ олардың келісімі Путинді тоқтата алған жоқ, ол Қырымды тартып алды. Ресей президенті «Киев үкіметі билікке төңкеріспен, заңсыз келді. Бұл жағдайға меморандум жүрмейді» деген уәж айтты.

Будапешт мәмілесін бекіткен АҚШ пен Ұлыбритания Ресейге әскери тосқауыл
Ресей паспортын алуға құжат толтырғалы жатқан қырымдықтар. Севастополь, 19 наурыз 2014 жыл.
Ресей паспортын алуға құжат толтырғалы жатқан қырымдықтар. Севастополь, 19 наурыз 2014 жыл.
қоя алмады.

Келісім-шарттың атауы айтып тұрғандай, ол тек кепілдіктер ұсынады - қауіпсіздікті нақты қамтамасыз ете алмайды. Олай етуге Вашингтон да, Лондон да дайын емес.

Қырымды қосып алу арқылы Ресей бірқатар келісімдерді бұзды. Олардың арасында БҰҰ жарғысы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесі жарғысы, 1975 жылғы Хельсинки келісімдері, 1997 жылғы Украина-Ресей екіжақты келісім-шарты, жуырда мерзімі ұзартылған құжат - Қара теңіз флотын жалға алу жөніндегі келісім бар.

Соңғы аталған келісім бойынша Ресейдің Қырымда әскери база орналастыруына рұқсат берілген, алайда қосымша мыңдаған жасақ алып келуі қарастырылмаған. (Ресей тек Еуропадағы қарулы күштер жөніндегі келісім-шартты ғана бұзған жоқ, себебі 2007 жылы - Грузиямен соғысардан бір жыл бұрын бұл келісімнен шығып кеткен).

3. ЭТНИКАЛЫҚ ҚУҒЫН-СҮРГІННІҢ ПАЙДАСЫ

Ең тиімді тәсіл - меншіктеп алу. Егер белгілі бір аумақты иеленіп алғыңыз келсе, ең дұрысы - жергілікті халықты жойып жіберіп, сол жерге өз адамдарыңды
Ресейдің Қырымдағы әрекетіне қарсы болған соң біреулер өлтіріп кеткен қырым татары Решат Әметовтің анасы мен жұбайы оны жоқтап отыр. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.
Ресейдің Қырымдағы әрекетіне қарсы болған соң біреулер өлтіріп кеткен қырым татары Решат Әметовтің анасы мен жұбайы оны жоқтап отыр. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.
қоныстандыру.

Бұл тактика АҚШ-тың байырғы тұрғындарына қарсы, Боснияда мұсылмандар мен хорваттарға қарсы, Сталин тұсында Совет Одағындағы миллиондаған славян емес азшылықтарға қарсы қолданылып, мақсатына жетті.

1944 жылы 200 мыңнан астам татар «немістермен астыртын байланыс орнатты» деген жаламен Қырымнан көшірілді. Олардың орнына жүз мыңдаған этникалық орыстар қоныстандырылды. Олар түбекте Мәскеудің ықпалын күшейтті. 1980 жылдарға қарай қырым татарлары отандарына орала бастағанда Қырым Украина ССР-і құрамында болды. Ал қырым татарлары келімсектерге және азшылыққа айналды.

Енді Ресей 97 пайыздық референдум нәтижесін уәж ретінде пайдаланып, Қырымды қосып алу «демократиялық» түрде іске асты деп мәлімдеп отыр. Қалай дегенмен, бүгінгі күні сандар соларды жақтап «сөйлейді».

4. ХАЛЫҚТЫ ӨТІРІККЕ СЕНДІРУ

Адольф Гитлер де, оның насихат министрі Йозеф Геббельс те Зор өтірікті қолданған. Адамдар «қиянат жасалды» дегеннен гөрі қисынды бірақ сорақы
Ресей елшілігі алдында Путинге наразылық білдіріп тұрған адам. Киев, 15 наурыз 2014 жыл.
Ресей елшілігі алдында Путинге наразылық білдіріп тұрған адам. Киев, 15 наурыз 2014 жыл.
өтірікке сенгенді дұрыс көреді. КГБ сапында тәжірибеден өткен, пластикалық операциялардан кейін (сыбыс бойынша) бет-жүзінен шын не өтірік сөйлеп тұрғаны білінбейтін Путин «Қырым науқанында» бірнеше зор өтірікті және сансыз кіші өтіріктерді барынша пайдаланды:

• Орыстардың құқықтары бұзылып жатыр;
• Оған орыстардың құқықтары бұзылып жатқаны қатты батады;
• Киевтегі билікті фашистер басып алды;
• Жағдайдың нашарлағаны сонша, украиндардың өздері Ресейге қашып жатыр;
• Украинаға ешқандай ресейлік жасақ кірген жоқ;
• «Біз Қырымды аннексиялауды қарастырмаймыз».

Қырымдағы Ресей солдаттары журналистерге өздерінің кім екенін ашық айтты. Бірақ Путиннің өтірігі жалпақ жұртқа әшкере болып, абыройы кеткен жоқ. Ресейде қалған бірді-екілі тәуелсіз ақпарат құралы жабылған соң Кремль ел ішіне жалған әңгімесін айта берді.

5. НАРЫҚТА ҰЯТ ЖОҚ

Сочи олимпиадасы біраз уақыт бұрын осыны дәлелдеді. McDonald's, Coca-Cola және Procter&Gamble компаниялары пайдадан қағыламыз ба деп, гейлерге қарсы заңдары үшін Ресей нарығына қысым жасаудан бас тартты. Украина дағдарысында да дүние жүзі басшылары да дәл сондай дәрменсіздік көрсетті.

Наурыздың 17-сі күні жарияланған Еуропа Одағы (ЕО) мен АҚШ санкцияларына дейін ешбір орган не үкімет Ресейдің Қырымдағы әрекеттеріне нақты тосқауыл
Президент Владимир Путин Қырымның Ресейге қосылуына арналған концертте сөйлеп тұр. Мәскеу, 18 наурыз 2014 жыл.
Президент Владимир Путин Қырымның Ресейге қосылуына арналған концертте сөйлеп тұр. Мәскеу, 18 наурыз 2014 жыл.
қоя алмады. Наразылық білдіргендері құр сөзден аспады. Себебі 2013 жылдың өзінде ғана Ресей Швеция банктеріне, Кариб оффшорлық есеп-шоттарына және Лондонның, Манхэттеннің, оңтүстік Францияның жылжымайтын мүлік нарығына 63 миллиард доллар құйған еді.

Батыстың экономикалық мүддесі үшін мораль стандарттарын құрбан ететіні білінді. Батыс құрылымдарының Ресей инвестицияларына тәуелді болып қана қоймай, оның артында тұрған мафиялық топтармен де байланысы бар болып шығуы мүмкін. (Ресейдің Орталық банкі мәліметі бойынша, бұл елден шығатын капиталдың үштен екісі - қылмыс, пара, алаяқтықпен келген табыс).

Украина дағдарысы Ресейдің 2 триллион долларлық қазынасына әсер етті деп айтылғанымен, Қырымды қосып алудың нақты шығыны 3 миллиард доллар ғана болады деген болжам бар. Санкциялардың ЕО мен АҚШ экономикаларына қандай әсері болатыны әзірге белгісіз.

6. ПАТРИОТИЗМДІ ПАЙДАЛАНУ

Путин билікте болған жылдары орыс ұлтының рухын күшейтуге тырысты. Сталин образын тірілтті, православие шіркеулерін жандандырды, СССР-ді жоқтады, әлемде орыс дипломатиясы пайда болды, советтік космополитизмді ұлтшылдықпен алмастырды.

Кремль басшысы «Ұлы мемлекет» жасау жолында Қырымды қайтару «қажет қадам» деп түсіндірді. Путин «Басына нәубет келген Қырымнан теріс айналу - сатқындықтың нағыз өзі» деді.

Алайда Путин «орыс патриотизмін» ғана қолдайды, «украин патриотизмін» жау көреді. Ол «Еуромайдан» шерулерін өз мүддесіне пайдаланды. Януковичті биліктен қуған күштерді «әсіреұлтшылдар», «неонацистер», «орысты жек көретіндер», «антисемиттер» деп атады (Ал Украина Ресейдің мұнысын «арандату» деп бағалады). Ресей осындай сыңарезу патриотизмін тиімді пайдаланып отыр. Мәскеу Шығыс Украинадағы, Солтүстік Қазақстандағы, басқа да елдердегі «орыс патриоттарының тағдырына алаңдауын» жалғастыра беруі әбден мүмкін.

Азаттық тілшісі Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Әзина Мақұлжан.
XS
SM
MD
LG