Accessibility links

Прагадағы қазақстандықтарды әзіл табыстырған


Прагадағы «Табысты және жайдары оптимистер клубы» мүшелері, қазақстандық студенттер - Влад Анпилогов (сол жақта) пен Исламнұр Саттаров.
Прагадағы «Табысты және жайдары оптимистер клубы» мүшелері, қазақстандық студенттер - Влад Анпилогов (сол жақта) пен Исламнұр Саттаров.

Прагада тұратын қазақстандықтар құрған «Табысты және жайдары оптимистер клубы» ТМД елдерінен келген жастар арасында көбірек таныла бастады. Клуб ұраны - «Life in кайф».

«Табысты және жайдары оптимистер клубын» (Клуб успешных и жизнерадостных оптимистов) ашу идеясын екі жыл бұрын Иван Юркевич пен Влад Анпилогов ұсынған. Екеуі клубты Қазақстан мен ТМД-ның өзге елдерінен келіп, Чехияның жоғары оқу орындарында оқып жүрген 1-курс студенттерін жалғызсыратпау үшін, оларды бір-бірімен, жергілікті халықтың салт-дәстүрі, мәдениет және тілімен таныстыруды көздеп құрған. Өздері Чехияның аграрлық университетінің «Менеджмент және әкімшілік басқару» факультетінде оқиды.

Жастарға арналған кештер ұйымдастыру екеуінің сүйікті ісіне айналған. Олар шетел азаматтарына көмектесетін қайырымдылық ұйымы ғимаратында жиналып, стендап, конкурстар, ойындар өткізіп, караокеде ән айтады.

Клубтың үшінші мүшесі – Карлово университеті медицина факультетінің 1-курс студенті, 20 жастағы Исламнұр Саттаров. Ол Чехияға Алматыдан үш жыл бұрын - орта мектепті бітірген бетте келген. Студент жігіт стендап өнерімен туған қаласында жүргенде әуестенгенін айтады.

- Әрине, мәдени айырмашылықтарға байланысты чехтар мен қазақтардың әзіл-оспағында өзгешелік бар, бірақ күлкілі жайттар оларда да жетеді. Жұрттың көбі чех әзілдері бір түрлі қызықсыз, зеріктіреді деп ойлайды, бірақ олай емес. Мұның себебі - біз чех мәдениетін жақсы білмейміз, кейде тілінің шұрайлы тұстарын түсінбей қаламыз да, әзіл-сықағы күлкілі емес сияқты көрінеді, - дейді Исламнұр.

Оның айтуынша, білім алу үшін қазақстандық жастардың Еуропаға келуі мен олардың жат елге бейімделу процесі - виза рәсімдеу, жатаханада тұру, тіл үйрететін курстарға қатысу, әке-шеше, туыстармен алыстан араласу сияқты жайттар кейде әзіл-оспаққа жақсы арқау болады.

- Біздің әзіліміздің арқауы - екі елдің тілі, мәдениеті мен мінез-құлқы стиліндегі айырмашылықтар. Мысалы, Еуропада лифтке кірсең, жұрттың бәрі тіпті таныс емес жандар да амандасып жатады, ал біздің елде мұндайды сирек көресің ғой. Мұнда қатты сіңбіруді ешкім сөкет көрмейді, ал көбі үлкен рюкзак арқалап жүреді. Оны көргенде «Ішіне не салып алды екен? Кішкентай шұжық мен сыра шығар?» деп жорисың, - дейді Исламнұр.

Клуб меймандарының көбі - постсоветтік елдерден келген 18-40 жас аралығындағы студенттер мен жас кәсіпкерлер.

- Қазақстан шетелдік студенттердің көбіне экзотикалық ел сияқты көрінеді. Бірақ Исламнұр шетелдіктер бізді көршілері сияқты жақын тартып кететін әзіл-оспақтарды үнемі тауып алады, - дейді клубқа келушілердің бірі Гүлназ.

Клуб өткізетін кештерде сөзге тапқыр өзге қазақстандық жігіттерді де кездестіруге болады. Әлішер Нұрахметов Прагага Қостанайдан келген. Ол Қазақстанда жоғары заң білімін алып, енді Прага университеттерінің бірінде басқару менеджементінің қыр-сырын үйреніп жатыр.

Қазір тіл үйрететін курстарда куратор болып жұмыс істейтін Әлішер өзін «қамқорлығымдағы студенттердің дербестік жолындағы кілтімін» деп атайды. Әлішер «Мен қаншалық көп ұйықтасам, студенттер де өз беттерімен өмір сүруді соншалық тез үйренеді» деп күледі.

Әлішер Нұрахметовтің Прагадағы әзілі:

Казахстанский стендап в Праге
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:06 0:00

Аудиториямен жұмыс істеу ыңғайын жақсы білетін оны түрлі іс-шараларды, үйлену тойлары мен корпоративтік кештерді жүргізуге жиі шақырады. Ол өзі жайлы «Кезінде Қостанай кәсіпорындарында концерттер ұйымдастырып,КВН турларына қатыстым, қазір Прага, Вильнюс, Рига қалаларында стендапер дәрежесіне дейін жеттім» дейді.

- Оқу іздеп келген студенттерді тап болатын түрлі жайттардан туған әзілдерді жұрт жақсы қабылдайды. Күнделікті тұрмыстағы кейде абсурдқа дейін жететін үйреншікті жайттарды әзіл-оспақпен әдемі жеткізе білу керек. Мысалы, саған әке-шешең скайп арқылы хабарласып, «Сұйық бірдеңе іштің бе?» деп сұрайды. Ал бұл кезде бөлмеде бірге тұратын челябинскілік жігіт таныстарына Прагадағы думанды өмірі жайлы дауыстап айтып жатады. Ондай кезде туыстарыңның алдында барынша үлгілі көрінуге тырысып отырған сен ыңғайсызданып қаласың, әрине. Өздері де осындай жағдайға тап болған жігіттерді мұндай әзілдер күлдіреді. Стендап - сахна өнерінің барлық қырын қамтитын жанр. Әр қимылыңды, дауыс ырғағыңды, мимикаңды бақылап тұруың керек. Тынығып, көңілін күлкімен көтеру үшін жиналған жұрттың көңіл-күйін сезініп, залмен байланыс орната білуге тиіссің, - дейді Әлішер.

Әлішер көпшілікке мәлім әзіл-оспақпен жұртты күлдіру қиындау екенін айтады. Ондай әзілдер аудиторияға қызық болмай қалады да, ұмытылады. Ол «Кейде ұтымды экспромт-әзілдер шығып қалады, яғни концерттің үстінде болып қалатын кей жағдайларды әзілге айналдыра білу керек» дейді ол.

Клуб жігіттері Праганың талғамы жоғары көрермені алдында кәсіби деңгейде өнер көрсету үшін хобби істерімен көбірек айналысуды жоспарлайды.

XS
SM
MD
LG