Accessibility links

"Назарбаев әуелі қолдады". Билік 20 жыл бұрын құрылған ҚДТ қозғалысын қалай жойды?


2001 жылы 18 қарашада бір топ шенеунік пен бизнесмен Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құратынын мәлімдеді. Суретте солдан оңға қарай: Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов, вице-премьер Ораз Жандосов, мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов.
2001 жылы 18 қарашада бір топ шенеунік пен бизнесмен Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құратынын мәлімдеді. Суретте солдан оңға қарай: Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов, вице-премьер Ораз Жандосов, мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов.

Google іздеу жүйесінде "ҚДТ" сөзін терсеңіз көбіне экстремистік деп танылып, мүшелері қамалып жатқан бүгінгі қозғалыс туралы мәлімет шығады. Бірақ дәл осы атаудағы қозғалыс оған дейін де болған және ол ұйымның құрылғанына бүгін 20 жыл толып отыр.

"КИНДЕР-СЮРПРИЗДЕР"

2001 жылы 18 қараша күні бір топ шенеунік пен бизнес өкілі Алматыдағы Ғылым академиясында баспасөз мәслихатын өткізіп, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қоғамдық бірлестігін құратынын жариялады.

"Мақсатымыз демократия құндылықтарын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, – деді Павлодар облысының сол кездегі әкімі Ғалымжан Жақиянов бастамашыл топтың үндеуін оқи отырып.

Ол жиында Жақияновпен бірге "Астана-Холдинг" компаниясының президенті Мұхтар Әблязов, парламент мәжілісінің депутаты Төлен Тоқтасынов және вице-премьер Ораз Жандосов та болды. Отырыс көтеріңкі көңілде өтті, ал жиналғандар Қазақстанның демократияның даңғыл жолына түсетініне сенімді болғандай көрінді.

Бірақ билік те қарап қалмай, көз ұзамай жауап қатты. Елдің сол кездегі премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаев телеарнадан үндеу жолдап, "бизнес элитада жүрген кей азаматтар, тіпті кейбір мемлекеттік қызметкерлер тәуелсіздіктің он жылында бай адамға айналып, үкімет пен парламентке тіл тигізіп, қорқытқысы келіп, өз мемлекетіне ақпараттық соғыс жариялауға шешім қабылдады. Демократия саясаттағы "киндер-сюрприздердің ойыншығы емес, – деп мәлімдеді.

Тоқаев осы мәлімдемесінде премьер-министрдің орынбасары Ораз Жандосовты, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Әлихан Байменовті, Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақияновты, қорғаныс министрінің орынбасары Жаннат Ертілесованы қызметінен босатуды ұсынып, "саяси қозғалыстың өзге қатысушыларына байланысты шешімді өзім қабылдаймын" деді. Үндеу соңына "президенттен өзінің айналасында жұмыс істеп жүрген интригандарды орнынан алуды қатаң түрде сұраймын" деп қосты.

Жаңа қозғалыс жетекшілерінің бірі Мұхтар Әблязов Тоқаев сөзіне "оның премьер-министр болып отыруға моральдық құқығы жоқ, отставкаға кетуі керек" деп жауап берді.

Премьер Тоқаевтың үндеуін сол кезде қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінде отырған Алтынбек Сәрсенбайұлы да сынап, "Жаңа қозғалыстың пайда болғаны қауіпті құбылыс емес. Себебі олар үкіметке қарсы шыққан жоқ. Бұл – қалыпты демократиялық үрдіс" деп бағалады.

Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозиция қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің жаназасында. Алматы, 15 желтоқсан 2005 жыл. Санаулы айдан кейін Сәрсенбайұлының өзін қастандықпен өлтіріп кетті.
Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозиция қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің жаназасында. Алматы, 15 желтоқсан 2005 жыл. Санаулы айдан кейін Сәрсенбайұлының өзін қастандықпен өлтіріп кетті.

ҚДТ қозғалысына Жақияновтармен бірге келген бір топ шенеунік Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін көп ұзамай билікке оралды.

Сол кездегі саяси оқиғалардың ішінде жүрген адамдар мұны ҚДТ-ның алғашқы ыдырауы деп санайды.

"ЕСКІ ОППОЗИЦИЯМЕН ҚОСЫЛҒЫМЫЗ КЕЛМЕДІ"

ҚДТ қозғалысының ғұмыры ұзаққа созылмады. 2002 жылдың көктемінде Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақиянов қамауға алынып, түрлі желеумен бірі алты, бірі жеті жылға сотталды. Алайда ҚДТ ішінде оған дейін-ақ келіспеушілік басталған.

ҚДТ-ның ең алғашқы жиындарының бірі 2002 жылы 18 қаңтарда Алматы қаласындағы Орталық циркте "Қазақстандағы демократияшыл күштердің форумы" деген атаумен өтті. 900-ге жуық адам қатысқан жиынды Қазақстан компартиясының жетекшісі, мәжілістің сол кездегі депутаты Серікболсын Әбділдин ашты. Форумға мәжілістің сол кездегі депутаты Ғани Қасымов та қатысып: "Бізге бұл конституция керек емес, бізге жаңа конституция керек" деп ұрандатқанын Мұхтар Әблязовтың меншігіндегі "Таң" телеарнасы тікелей эфирден көрсетті.

Форумға Қазақстандағы өзге де саяси, қоғамдық ұйымдар қатысқанымен ҚДТ құрылтайшыларының Ораз Жандосов, Әлихан Байменов, Болат Әбілев бастаған бір тобы келмей қалды.

Мұнысын Болат Әбілев кейін "ескі оппозициямен қосылғымыз келмеді. Ескі оппозициямен қосылу – радикалды оппозицияға айналу еді" деп түсіндірді.

Дегенмен Әбілов ертеңіне Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязовтармен бір митингіге шықты. Жиын соңында Ораз Жандосов "циркте өткен жиын мен бұл митингі екі басқа" деді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның тең төрағасы Болат Әбілев Алматыдағы митингіде сөз сөйлеп тұр. 28 қаңтар 2012 жыл.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның тең төрағасы Болат Әбілев Алматыдағы митингіде сөз сөйлеп тұр. 28 қаңтар 2012 жыл.

Демократияшыл күштердің циркте өткен форумына қатысқан, кейін ҚДТ мүшесі болған Гүлжан Ерғалиева ҚДТ алғаш құрылғанда өзін конструктивті оппозиция санағанын, Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы болмағанын айтады.

– Ол кезде бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин құрған РНПК (Қазақстанның республикалық халықтық партиясы – Ред.) партиясы, Қазақстан коммунистері секілді тағы басқа бірнеше оппозициялық күштер болатын. ҚДТ бастапқыда бұл қатарға қосылмай, жеке күшке айналғысы келді. Бірақ Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов билікпен, Рахат Әлиевпен ашық күреске шығып, ескі оппозцияны да жиындарына шақырды. ҚДТ құрылтайшыларының бір тобы келмегенінен араларында іштей келіспеушілік бар екені байқалды, – дейді ол.

Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязовтар "радикалды оппозициямен біріге бастағанда" Болат Әбілев, Әлихан Байменов, Ораз Жандосов бастаған ҚДТ-ның бір бөлігі 2002 жылы 29 қаңтарда билікке конструктивті оппозиядағы "Ақ жол" партиясын құратынын мәлімдеді.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар ҚДТ-ның екіге жарылғаны билікке ыңғайлы болды деп санайды.

ҚДТ-ның бастапқыда билікпен келісіп жұмыс істеуге тырысқанын Ғалымжан Жақиянов та, Мұхтар Әблязов та растайды. Мұхтар Әблязов сол кезде:

"Президент ҚДТ-ны қолдайтынын мәлімдеді. ҚДТ-да біреуге қарсы тұратын жоспар жоқ. Біз тек реформаны әрі қарай тереңдете түсуді қолдаймыз" деген еді.

Ғалымжан Жақиянов та ҚДТ-ның әу баста оппозициялық күш болып құрылмағанын айтқан. Оның сөзінше, жаңа қозғалыс құру мәселесіне қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы да ықпал еткен.

"ҚДТ-ны құрғанда оппозициямыз деген жоқпыз. Алтекең екеуміз "президент тағайындаған қызметкерлерміз, сондықтан бұл мәселені президент арқылы шешуіміз керек, президентке ықпал етуіміз керек" деген ойда болдық. Бәрімізді қызметтен бір күнде алып тастағанда Алтынбек қызметте қалды. "Билік ішінде жүріп көмектесейін деді", деп айтты ол Азаттыққа Алтынбек Сәрсенбайұлына арналған фильмді әзірлеу кезінде.

Жақиянов "Ақ жол" партиясының ҚДТ-дан бөлініп шыққанын былай бағалады:

"Әрине "Ақ жол" партиясының бөлініп шыққаны көңілімізге келді. Билік те біліп отырды. Классикалық тәсілді пайдаланып, екіге бөлді. Біреуін қудалап, біреуіне "кәмпит" берді. Кейбірін жұмысқа шақырды, соған келісіп билікке қайтып кеткендер де болды. Бәрімізге де ұсыныс жасап, сатып алғысы келді".

"Ақ жол" партиясының лидерлері бөлінерге үш ай бұрын баспасөз мәслихатын өткізді. Алматы, 20 қыркүйек 2004 жыл.
"Ақ жол" партиясының лидерлері бөлінерге үш ай бұрын баспасөз мәслихатын өткізді. Алматы, 20 қыркүйек 2004 жыл.

"УТОПИЯ ЕКЕНІ БЕЛГІЛІ БОЛАТЫН"

Көп жылдар оппозициялық басылымды басқарып, Әкежан Қажыгелдин құрған оппозициялық РНПК партиясының мүшесі болған Ермұрат Бапи "Ақ жол" партиясы бөлініп шыққанда өзімен бірге орта бизнес пен интеллигенцияны ала кетіп, ықпалды күшке айналды дейді. Оның айтуынша, ҚДТ жағында Әблязов пен Жақияновтан өзге бизнес өкілдері қалмаған.

– ҚДТ әр облыстан мықты азаматтарды өкілдікке тартты. Халық ҚДТ-ның билікке қарсы күштерді топтастыра алатынын байқады. Бірақ оны билік небәрі алты ай ішінде бөлшектеп тастады, – дейді ол.

Бапидің сөзінше, қозғалыс бастапқыда "өзгерісті Назарбаевпен бірге жасаймыз" деп қате бағыт ұстанған.

– Оның утопия екені сол кезде де белгілі еді. Өйткені 2000 жылдардың бас кезінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаев бәсекелестерді сыйдырмайтын жеке дара билік орнатып үлгерген болатын. Назарбаев ол тәсілін кейін де бірнеше рет қолданды, – дейді ол.

ҚДТ-ның ұйымдастырушылардың бірі Зәуреш Батталованың айтуынша, өзін конструктивті саяси қозғалыс деп санаған саяси күшті биліктің өзі "радикалдандырған".

– Билік ҚДТ-ны өзіне жау санады. Ал ҚДТ-ның бағдарламасында "ашық сайлау, тәуелсіз сот билігі, тәуелсіз ақпарат құралдары, әкімдерді сайлау және парламент өкілетін кеңейту деген бес бағыт қана болды. Мұны қазір билік партияларының өздері де айтып жүр. Билік сол кезде ҚДТ-ны жоймағанда Қазақстанда елеулі саяси өзгерістер жасауға зор мүмкіндік болар еді. Бірақ билік жігерлі, іскер, танымал жастардан сескенді. Олар парламент сайлауына ғана емес, президент сайлауына да қатысып жеңіп кетуі мүмкін деп қауіптенді, – дейді ол.

Назарбаевтың бастапқыда ҚДТ-ны қолдағанын саясаткер Серікблолсын Әбділдин де айтқан еді:

"Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестім. ҚДТ туралы әңгіме болғанда орнынан тұрып кетіп, "Секе, олар мені төңкеріп тастай жаздады ғой" деп айтты".

ҚДТ қозғалысынан бөлініп шыққан "Ақ жол" партиясынан кейін "Нағыз Ақ жол" партиясы бөлініп шықты. Тіркелмеген партияның жетекшілері "Ақ жол" партиясының тең төрағасы Әлихан Байменов билік тапсырмасын орындап, партияны екіге бөлді деп айыптады.

"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Байменов журналистер алдында. 4 желтоқсан 2005 жыл.
"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Байменов журналистер алдында. 4 желтоқсан 2005 жыл.

Гүлжан Ерғалиеваның сөзінше, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілев, Ораз Жандосовтар бастаған, тіркелмеген "Нағыз Ақ жол" партиясы "радикалды ескі оппозицияға жақын бағытты" ұстанды.

2003 жылы 13 мамырда Мұхтар Әблязов мерзімінен бұрын босап шығып, "саясатқа араласпауға уәде берді". Бірақ өзі "ҚДТ қозғалысына астыртын қолдау көрсеткенін" айтады. 2002 жылы 2 тамызда 7 жылға сотталған Ғалымжан Жақиянов 2005 жылы шартты жазамен бостандыққа шықты. Әблязовты да, Жақияновты да халықаралық құқық қорғау ұйымдары "саяси тұтқын" деп таныды.

Ғалымжан Жақиянов түрмеден шығардан бұрын ҚДТ съезд өткізіп, оны сырттай төраға етіп сайлады. Алайда ол бостандыққа шыққанға дейін билік ҚДТ қозғалысын сот шешімімен жауып тастады.

– Билік халық арасында беделі өскен Ғалымжан Жақияновтың түрмеден партия төрағасы болып шыққананын қаламады, – дейді Гүлжан Ерғалиева.

Бостандыққа шыққан Ғалымжан Жақиянов саясатқа араласуды доғарып, шетелге кетті. Ал Қазақстанда бірнеше іс бойынша сырттай сотталған, шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов "режимге қарсы" саяси күресте ҚДТ атауын әлі де пайдаланады. Қазақстан соты Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, оның жұмысына тыйым салды, ал Еуропарламент оны "бейбіт саяси қозғалыс" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG