"БҰРЫН-СОҢДЫ КӨРМЕГЕН ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ"
Нұралы Ибраев Түп ауданындағы Қарқыра алабының Тұз жайлауында жұрттың малын бағып табыс табады. Осы жұмысқа кіріскеніне үш жыл болған 34 жастағы азамат ала жаздай жұбайы Зүләйкамен сүт сатқанын, бірақ одан тапқан табысы малға жем алуға әрең жеткенін айтады.
– Бұрын алты гектар жерден шөп шабатынмын. Үйдегі малды қыстан шығаруға сол жететін. Былтыр алты гектардан 400 тең шөп алдым. Биыл 200 ғана шықты. 360 сомға тағы 300 тең сатып алдым. Жер-жерде жем жетпей жатқаны жайлы шағым көп, біреумен кездесе қалсақ айтатын әңгімеміз тек сол туралы. Мұндай құрғақшылықты ешқашан көрмегем, – дейді малшы.
Нұралы Ибраев ауылдастарының көбі малының біразын сатып, жем алып, қысқа қамданып жатқанын айтады.
– Шөп жетпеген соң үш досым үш жылқысын сатты. Тағы да бір танысым малын сатып, ақшасын банкке салып қойды. Аяққа енді тұрып жатқан отбасыларға қиын. Егер көрші елдерге сатпағанда жем өзімізге жетер еді. Беденің бірінші шабынын Қазақстанға сатты. Қылышын сүйреп келетін қыста не боларын, малға жемді қайдан тауып беретінімізді ешкім ойлаған жоқ. Кей ірі шаруашылықтар басқа елдерден жем алып жатыр деп естідім. Олардың мүмкіндігі бар. Әрі-беріден соң асыл тұқымды мал өсіргендіктен, алынған жем шығынды ақтайды. Ал біз сапаға емес, санға қарайтын малшымыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі бірінші шабылған бедені сыртқа шығаруға тыйым салуы керек еді, – дейді ол.
"ЖЕМ АЛУ ҮШІН ҚОЙЫМДЫ САТТЫМ"
Ақсый ауданындағы Қызылту ауылында тұратын Шерқұл Қозыев 2,5 гектар жерден 130 тең шөп жинап алған. Былтыр дәл осы жерден 500 тең шыққан дейді шаруа. Ақсақал биыл шөп аз болғандықтан жылқысы семірмегенін, енді оларды қыста аулада ұстамаса көтерем болып қалатынын айтады.
– 2,5 гектар жерден 130 тең шөп алдық. Ауылдастарымның кейбірі шөп шаппады. Трактор мен жүк техникасын жалдау да қымбаттап кетті. Жайлауда шөп аз болғандықтан мал семірмеді. Қыста жылқыны аулада ұстауға тура келеді. Жуырда 400 тең беде сатып аламын, – дейді қарт малшы.
Созақ ауданында да шөп тапшы. Азаттық тілшісі сөйлескен Нұрлан Көкиевтің шаруашылығында 700 бас мал бар. Ол биыл жем-шөп сатып алу үшін едәуір қойын сатуға мәжбүр болғанын айтады. 600 мың сомға 2 мың тең шөп сатып алған.
– Биыл 200 қойымды сатып, жем дайындап қойдым. Бәрібір бұл жетпейді. Екі гектар жерге жүгері ектім. Содан қойға жем дайындамақпын. Бұрын қыста қойға күніне үш рет шөп беретінмін, енді екі рет беремін. Базарға барсам, сатып алушыдан гөрі сатушы көбейіп кетіпті, – дейді фермер.
Жалалабадта 1,5 миллион бас мал бар. Мамандардың сөзінше, мұншама малға бір жылға 824 тонна жем керек. Қазір оның тек 87 пайызы дайын.
"ҮРМЕБҰРШАҚ САБАҒЫН ДАЙЫНДАП ЖАТЫРМЫЗ"
Қазақстанмен іргелес Талас облысында 19 мың гектар жерге көпжылдық шөп егілген. Мамандар биыл қуаңшылық кесірінен өңірдегі негізгі дақыл – үрмебұршақ өнімі 20-25 пайыз азайғанын айтады.
Бақай ата ауданындағы Өзгеріс ауылында тұратын Нұрсейіт Бейшебековтің егіншілікпен айналысқанына көп болған. Оның сөзінше, былтырға қарағанда биыл үрмебұршақ та қымбаттаған.
– Қазір бір мәшине сабан 20-25 мың сом тұрады. Былтыр 10-15 мың сомға сатып алғанбыз. Үрмебұршақ сабағын шөппен араластырамыз, ал бұршақтың өзін жібітіп, жем қып береміз. Бұл малды асырауға тиімді. Бірақ шөп қымбаттаған соң малшы пайда көрмейді. Бұрын шөп арзан болатын. Жем 25 сомға қымбаттады, – дейді Нұрсейіт.
Қазір облыста шөптің бір теңі орташа алғанда 350 сом тұрады. Талас ауданы аграрлық даму саласының басшысы Емілбек Туғанбаев қымбатшылық себебін шөптің басқа облыстарға сатылып жатқанымен түсіндіреді.
– Шабылған шөп өзімізге жетер еді, бірақ оны Ош, Жалалабад облыстарынан да сатып алады. Сол үшін баға өсті. Қазір Таласта 57 гектарға егілген үрмебұршақ бар. Шаруалар соның сабағын жемге дайындап жатыр, – дейді Туғанбаев.
"САННАН САПАҒА КӨШЕТІН КЕЗ КЕЛДІ"
Қуаңшылық Ош облысындағы шаруаларға да қиын тиіп отыр. Биыл егіншілікпен айналысатын аудандарда жауын аз болғандықтан бұрынғыдай шөп жиналмады. Ош шаруалары алыс болса да Нарын, Шу облыстарынан, Өзбекстаннан шөп тасып жатыр.
Алай ауданында тұратын Медербек Сейітов биыл егін бітік шықпай қалған соң шөпті базардан сатып алуға мәжбүр болған.
– Бұрын бес-алты мәшина шөп шығатын жерден биыл тек бір мәшина шөп алдық. Сатып алайық десек, ақша жоқ. Мемлекеттен де көмек болмай отыр. Ауыл малмен күн көреді ғой, – дейді ол.
Ош пен Алай аудандары ортасындағы жолда шөп тиелген жүк көліктері тұр. Шөп сатып тұрғандардың бірі Рахманберді Шапиевтің сөзінше, бұл шөпті Нарыннан әкеліпті.
– Нарын шаруаларынан сатып алдық. Сабағын Шудан әкелдік. Шөптің бір теңі 350 сом тұрады. Өзбекстанда 200-220 сомға сатылып жатыр. Осында жеткізгенше тура біздегі бағаға шығады, – дейді сатушы.
Ауыл шаруашылығы сарапшысы Сағындық Емілбекұлы жем алуға ақша іздеген халық малын жаппай сатып жатқанын, соның кесірінен мал арзандап кеткенін айтады.
– Шаруа қолда бар малын асырай алмайтынын түсініп, сата бастады. Нарық заңы бойынша, егер сатушы көп, сатып алушы аз болса, тауар арзандайды. Ірі қараның бағасы 20-30 мың сомға дейін түсіп кетті. Қуаңшылық кесірінен жайылым азайып жатыр. Қазір 10 сиыр ұстау оның жеміне кеткен шығынды ақтамайды. Егер (шаруа) етті немесе сүтті тұқымнан бес бас ұстаса, шығын аз болар еді. Саннан сапаға көшетін кез келді, – дейді сарапшы.
Ресми дерек бойынша, Ош облысында 576 бас ірі қара, 100 мың бас жылқы, 1 миллион 148 мың бас қой-ешкі бар.
"БӘРІ ҚЫМБАТТАДЫ"
Нарын облысында жем теңі 170 сом, беденің теңі 200 сом тұрады. Арпа да қымбаттаған.
Дамир Рысалиев мал бордақылап сатумен айналысады. Ол шөп қымбаттағандықтан, пайдасынан шығыны көбейгенін айтады.
– Мысалы, бір бұқаны алты айға дейін байлап ұстаймыз. Атбасыда (Қырғызстандағы аудан – ред.) күн суық болғандықтан, мал кеш семіреді. Бір бұқа күніне төрт келі жем, екі орам шөп жейді. Алты айға көбейтсек, 20-30 мың сомның жем-шөбі шығады. Бұқаны 40 мың сомға сатып алып, алты айдан соң 60-70 мың сомға сатасың. Осы алты айда шығынданып, ақырында 10 мың сом ғана пайда көресің деген сөз. Қазір мал да қымбат. Бұрын бір бұқаны бордақылап, оны сатқан соң екі есе көп пайда табатынбыз, – дейді фермер.
Нарында биыл шілдеде шөп қымбаттап, бір теңі 200 сомға жетті. Тамызда шөп шабу басталғанда 170 сомға дейін түсті. Былтыр 10-12 сомға сатылған арпа қазір 25 сом тұрады. Мамандар мұны егін дұрыс шықпады деп түсіндіреді. Өңірде 10 мың гектарға арпа егіліп, қазір оның 70 пайызы жиналған. Облыс әкімшілігі дерегінше, биыл жем былтырғыдан 30 пайызға аз шыққан.
Жергілікті жұрт басқа облыстарға сатқандықтан жем қымбаттағанын айтады. Жем сатып тұрған Бақыт есімді азамат:
– Нарын облысында мал жейтін шөпті Шу немесе Ыстықкөлге тасыды. Облыс әкіміне де, жергілікті депутаттарға да жүгіндік. Мемлекеттік автоинспекция жолды жапсын деген ұсыныс жасадық, бірақ олар бас тартты. Контрабандамен Қазақстанға да кетіп жатыр деп естідім. Енді қыс жылы болса екен деп тілеп қана отырмыз. Шөптің көп бөлігін шетелге сатып жіберді, – дейді.
Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, Нарын облысында 1 миллионнан астам қой-ешкі, 200 мыңнан артық ірі қара мен жылқы бар.
ҮКІМЕТ НЕ ДЕЙДІ?
Қырғызстан үкіметі жем тапшылығын жою мақсатымен мал азығы дайындалатын дақыл мен жем-шөп экспортын шектеп, шетелден әкелінетінін қосымша құн салығынан босатты.
Тамызда ауыл, су шаруашылығы және аймақтарды дамыту министрі Асқарбек Жаныбеков жем қымбаттамайды деп сендірген. Министр шектеу мен салық жеңілдігі бағаның түсуіне септеседі деп санайды.
– Қырғызстаннан жем-шөп дақылдары мен дән шығаруға шектеу енгіздік. Елге сырттан келетін жемді қосымша құн салығынан босаттық. Қазір шеттен тасып жатыр. Қымбаттамайды, керісінше, (жемнің) кей түрі арзандайды, – деп мәлімдеген министр.
Ведомство былтырғы тамызбен салыстырғанда биыл тамызда аз жем жиналғанын айтты. Мысалы, 30 шілдеде елде 2,2 миллион тонна жем жиналған. Бұл былтырғыдан 360 мың тоннаға аз.
Ресми статистика бойынша, Қырғызстанда 1,7 миллион ірі қара, 6,2 миллион қой-ешкі, 550 мыңнан астам жылқы тіркелген. Негізінен мал шаруашылығымен Шу, Ош, Жалалабад және Нарын облыстары айналысады.
Азаттықтың Қырғыз қызметі материалынан аударылды.
ПІКІРЛЕР