Accessibility links

Даниал Ахметовтің ұлымен серіктес кәсіпкер миллиардтап тендер алады. Азаттық зерттеуі


Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов (сол жақта) пен кәсіпкер Айдос Бақтыбаев Өскемен қаласында салынып жатқан тұрғын үйлерді аралап жүр. Cкриншот әкім Instagram-дағы ресми парақшасында биыл 9 наурызда жариялаған видеодан алынды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов (сол жақта) пен кәсіпкер Айдос Бақтыбаев Өскемен қаласында салынып жатқан тұрғын үйлерді аралап жүр. Cкриншот әкім Instagram-дағы ресми парақшасында биыл 9 наурызда жариялаған видеодан алынды.

Өскемен орталығында зәулім үйлер салады, тендерлерден миллиардтап қаржы алады, әкім Даниал Ахметовтің жанынан жиі көрінеді – өскемендік кәсіпкер Айдос Бақтыбаевтың кәсібі өрлеп тұр. Азаттық Бақтыбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғатпен бизнесте серіктес екенін анықтады.

68 жастағы әкім Даниал Ахметов зейнет жасынан асса да, Шығыс Қазақстан облысын сегіз жылдан бері басқарып келеді. Былтырғы президент сайлауынан кейін әріптестерінің көбі қызметінен кеткенімен, Ахметов орнында қалды.

Жергілікті басылымдар Ахметов барған әр шарадан хабар таратып отырады. Облыс әкімі құрылыс нысандарын аралағанда, жанында Айдос Бақтыбаев есімді кәсіпкер жиі көрінеді. Ол – Ахметовтің ұлы Талғаттың бизнестегі серіктесі.

Әкім Даниал Ахметовтің ұлымен серіктес кәсіпкер миллиардтап тендер алады
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:57 0:00

БЕЙМӘЛІМ БАЙҚАУДЫҢ АЙҚЫН ЖЕҢІМПАЗЫ

Құрылысы аяқсыз қалған мына ғимараттар кешенін Өскемен халқы "жемқорлық ескерткіші" деп атайды. 2012 жылы машина жасаушы маман даярлайтын орталық болып салынып жатқан алып нысаннан шу шықты.

Бір ғимараттың төбесі опырылып түскен соң, мұнда тексеріс басталып, ақыры 3,1 миллиард теңге ұшты-күйлі жоғалғаны анықталды. Білім және ғылым вице-министрі болған Саят Шаяхметов пен министрлікке қарасты мекеме өкілі Александр Пак сотталды. Содан бергі 10 жылда бұл ғимараттар құрылысы бітпей, қаңырап тұрды.

"Жайлы мектеп" мемлекеттік жобасы бойынша құрылысы жүріп жатқан ғимараттар кешені.
"Жайлы мектеп" мемлекеттік жобасы бойынша құрылысы жүріп жатқан ғимараттар кешені.

Былтыр қыркүйекте халыққа жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы басталғанын хабарлады. Жоба қаражатты республикалық бюджет пен ұлттық қордан алады. Жалпы 2,6 триллион теңге қарастырылған. Тоқаев "мектептегі орын тапшылығын жойып, балаларға заманауи жағдай жасаймыз" деп мәлімдеді.

Осы кезде қараусыз қалған әлгі ғимараттар әкім Даниал Ахметовтің есіне түсіп, оны "Жайлы мектеп" жобасына ыңғайлап қалпына келтіретінін мәлімдеді.

Әкім былтыр күзде ғимаратты аралауға барғанда, құрылыс жобасын өскемендік кәсіпкер Айдос Бақтыбаев таныстырды. Жоба шығыны мен толық дерек әлі күнге дейін көпшілікке беймәлім болса да, Бақтыбаев жұмысты бастап кеткенін айтты.

– Мынау – бассейні бар спорт кешені. Бірақ бұзылып қалған. Металдары кесілген. Қазір қалпына келтіріп жатырмыз, – деді кәсіпкер жобаны таныстырып жатып.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов (сол жақта) пен кәсіпкер Айдос Бақтыбаев "Жайлы мектеп" жобасы бойынша салынып жатқан нысанды аралап жүр.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов (сол жақта) пен кәсіпкер Айдос Бақтыбаев "Жайлы мектеп" жобасы бойынша салынып жатқан нысанды аралап жүр.

Бақтыбаев мұнда құрылыс тендерін байқау арқылы жеңді ме, басқаша келісім болды ма – белгісіз. Ахметов те, Бақтыбаев та Азаттықтың ресми сауалына жауап бермеді. Бұл – кәсіпкер мен әкім жауапсыз қалдырған жалғыз сұрақ емес.

ӘКІМНІҢ БАЛАСЫМЕН СӘТТІ СЕРІКТЕСТІК

Даниал Ахметовтің 38-дегі ұлы Талғат 20 жасында-ақ бірнеше компанияға иелік етіп, ірі өндіріс орындарының акционері атанды. Ахметовтің ұлы дәріхана бизнесінде табысты болды, қонақүй кешеніне иелік етті, балабақша салды, кинотеатр ашты, электр энергиясы, су, азық-түлік пен құрылыс заттарын сатты, ондаған компанияның басын біріктірген холдингіні басқарды. Қазақстандық Ratel.kz басылымы кіші Ахметовтің Павлодардағы нан нарығын 40 пайызға дейін қамтамасыз еткен комбинатқа да иелік еткенін жазған.

2017 жылы 32 жасында Талғат Ахметов Forbes журналы жасаған ең бай 50 қазақстандықтың тізіміне кірді. Журнал оның байлығын 145 миллион долларға бағалаған. Ұлы бұл тізімге қалай кіргені туралы журналистердің сұрағына әкім Ахметов "Оның білімі жақсы. Бәріне өзі қол жеткізді" деп жауап берген.

Талғаттың бизнесі негізінен әкесінің карьерасы нығайған Павлодар өңірінде шоғырланғанымен, кейінгі тоғыз жылда Даниал Ахметов әкім болып отырған Шығыс Қазақстан облысында да сәтті жалғасып жатыр.

Әкім Даниал Ахметовтің ұлы Талғат пен бірнеше серіктесі салған Тұрғысын су электр станциясы.
Әкім Даниал Ахметовтің ұлы Талғат пен бірнеше серіктесі салған Тұрғысын су электр станциясы.

Әкімнің баласының шығыстағы алғашқы кәсібі су электр станциясының құрылысы болды. 2016 жылы тамызда Талғат Ахметов пен оның бірнеше серіктесі Қазақстан даму банкінен 2036 жылға дейін 7 пайызбен 10 миллиард теңге несие алды. Бұл қаражатқа Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай ауданында Тұрғысын су электр станциясын салды. Ол 2021 жылы іске қосылды.

Станция құрылысына әкім Ахметовтің ұлы ғана емес, жездесі де араласты. Осы жобада Талғаттың серіктері арасында Ғаббас Бектұров есімді азамат аталған. 74 жастағы Бектұров – Даниал Ахметовтің әпкесі Гүлнас Ахметованың күйеуі.

Станцияны салу кезінде Ахметовтің ұлы жергілікті кәсіпкер Айдос Бақтыбаевпен серіктестік орнатады. Бақтыбаевтың VK Invest Company компаниясы Тұрғысын су электр станциясының құрылыс жобасында қосалқы мердігер болды. Компания ресми сайтында станцияның барлық құрылысын өзі жүргізгенін жазған.

Бұл жоба кіші Ахметов пен кәсіпкер Бақтыбаев серіктестігінің бастауы болды.

Egov порталындағы ақпаратқа қарағанда, қазір Бақтыбаев кіші Ахметовпен бірге "ВостокГеоМеталл" компаниясына иелік етеді. "ВостокГеоМеталл" 2018 жылы тіркелген. Талғат Ахметов құрылтайшылар қатарына 2019 жылғы сәуірде қосылды. Содан бері компанияның табысы жыл сайын артып келеді.

Әкімнің ұлы Талғат пен кәсіпкер Айдос Бақтыбаев бірге басқаратын "ВостокГеоМеталл" компаниясының тіркеу құжаты.
Әкімнің ұлы Талғат пен кәсіпкер Айдос Бақтыбаев бірге басқаратын "ВостокГеоМеталл" компаниясының тіркеу құжаты.

"ВостокГеоМеталл" компаниясы Семей қаласының іргесіндегі Жарқын елді мекеніне жақын аумақта карьер қазып, жер қойнауына барлау жүргізіп жатыр. Мақсаты – дизель отыны мен құрылысқа қолданылатын сазбалшыққа шикізат алу. Компания кеніштен алтын да іздейді.

"ВостокГеоМеталл" мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Өскеменде "Катодты алтын өндіретін гидрометаллургия зауытын" салып жатыр. Құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Бұл жобаға мемлекет 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлген.

ТЕНДЕРДЕ ЖЕҢГІШ КОМПАНИЯ

42 жастағы Айдос Бақтыбаев – VK development group компаниясының құрылтайшысы. Осы холдинг арқылы кәсіпкер Service СМУ және VK development group компанияларына да иелік етеді. Ол жылжымайтын мүлік саудасымен, тұрғын үй құрылысымен айналысады. 2016 жылғы маусымда тіркелген.

Кәсіпкер Бақтыбаев "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының тапсырысы бойынша салына бастаған тұрғын үй кешенінің жобасымен таныстырып тұр. Сурет 2016 жылы түсірілген.
Кәсіпкер Бақтыбаев "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының тапсырысы бойынша салына бастаған тұрғын үй кешенінің жобасымен таныстырып тұр. Сурет 2016 жылы түсірілген.

Кәсіпкер Даниал Ахметовтің ұлы Талғатпен Тұрғысын су электр станциясын салған соң, 2016 жылдан бастап Бақтыбаев компаниясының табысы еселене бастады. Төлейтін салығы жыл сайын артып отыр.

Кәсіпкер құрылыста мемлекет тапсырысын көптеп ала бастады. Мәселен, 2016-2020 жылдары "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры Өскеменде мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлер салдырды. Есенберлин даңғылындағы көпқабатты 17 үй және Ertys City деп аталатын жеті үйге мемлекет қаржысын жұмсады. Бұл үйлерді Айдос Бақтыбаевтың компаниялары салды.

Қордың сол кездегі бacқapмa төpaғacы Өмірзақ Шөкеевке құрылыс барысын Бақтыбаев таныстырған. Бұдан кейін кәсіпкер "Арман қала", "Нұрлы жол", Park city, Novy Bereg сияқты зәулім тұрғын үй кешендерін салды.

Кәсіпкер Айдос Бақтыбаев Өскеменде салған тұрғын үйлердің кейбірі. Суреттер VK development group компаниясының ресми сайтынан алынды.
Кәсіпкер Айдос Бақтыбаев Өскеменде салған тұрғын үйлердің кейбірі. Суреттер VK development group компаниясының ресми сайтынан алынды.

Жергілікті Factum сайтының жазуынша, сол жылдары Бақтыбаевтың және бір компаниясы – "ВК Техногрупп" Шығыс Қазақстан облысында бір мезетте 18 нысанның құрылысымен айналысқан. Тұрғын үйлерді уақытында тапсырып үлгермей, тұрғындардың да, әкім Ахметовтің өзінен де сын естіген. Облыс әкімі жиынның бірінде "бір компанияның мойнында осынша нысан болуы әсте дұрыс емес" деген.

Бірақ бұдан кәсіпкердің жұмыс қарқыны бәсеңдемеді. Бақтыбаев әкім Ахметовтің жанында жиі көзге түседі. Таяуда Риддер жылу электр орталығында апат болғанда, әкім Ахметов кәсіпкер Бақтыбаевтың компаниясы да жөндеумен айналысып жатқанын хабарлады.

Бақтыбаев мемлекеттік тендерлерде жиі жеңімпаз атанады. Мысалы, былтыр "Service СMУ" компаниясы Өскемен қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімімен бір жыл ішінде шамамен 40 миллиард теңгеге 10-нан астам келісімшартқа отырған. Мұндай сома басқа ешбір компанияға бұйырмаған.

Қазір Бақтыбаевтың компаниялары облыстық драма театрының артындағы атшаптырым аумақты игеріп жатыр. Мұнда тоғыз, 12, тіпті бұрын-соңды Өскеменде болмаған 16 қабаттан тұратын ондаған үй бой көтерген. Бұл жер – Өскеменнің ең көрнекті нысандары орналасқан жаңа әрі орталық аудан. Айналасында спорт сарайлары, драма театры, "Нұрлы жол" саябағы, этнопарк, Халифа Алтай мешіті бар.

Кәсіпкер Айдос Бақтыбаев салған тұрғын үйлерді аралап жүрген ШҚО әкімі Даниал Ахметов. Cкриншот әкімнің Instagram-дағы ресми парақшасында биыл 9 наурызда жарияланған видеодан алынды.
Кәсіпкер Айдос Бақтыбаев салған тұрғын үйлерді аралап жүрген ШҚО әкімі Даниал Ахметов. Cкриншот әкімнің Instagram-дағы ресми парақшасында биыл 9 наурызда жарияланған видеодан алынды.

Бақтыбаевтың VK development group компаниясының кеңсесі Өскемендегі теміржол тұйықтары мен кәсіпорындар шоғырланған Солжағалау ауданында орналасқан. Кеңсені айнала биік қоршаумен жапқан. Күзетші есіктен ары өткізбеді. Компания басшысының хатшысы күзетшіге телефон арқылы Бақтыбаевтың Азаттық тілшісімен кездеспейтінін айтты. Редакция оған "Кәсіпте мұндай мол табысқа кенелуіңізге әкім Ахметовтің ұлымен серіктес болуыңыз қалай әсер етті?" деген сауал жіберді. Бір айға жуық уақыт өтсе де, Бақтыбаевтан жауап келген жоқ.

Азаттық Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтен "Ұлыңыз Талғаттың серіктесіне миллиардтап тендер беріп, ірі мемлекеттік жобаларды оған жария байқаусыз тапсыруыңыз мүдде қайшылығы емес пе?" деп сұраған. Облыс әкімдігі хатқа жауап беру уақытын үш рет ұзартқанымен, оны заңда көрсетілген міндетті мерзім ішінде жолдамады.

Бірақ Азаттық сауал жолдаған бірер күннен соң кіші Ахметов пен Бақтыбаев бірлесе басқарып отырған компанияда өзгеріс болды. 14 ақпанда "ВостокГеоМеталл" компаниясы құрылтайшылар құрамынан кәсіпкер Бақтыбаевтың аты-жөнін алып тастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG