Accessibility links

Еуроодақ Шыңжаңдағы жағдайға алаңдаушылық білдірді


Қытайда "саяси тәрбие орталықтарында" қамауда отырған туыстарының суреттерін ұстаған адамдар БҰҰ-нан көмек сұрады. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл.
Қытайда "саяси тәрбие орталықтарында" қамауда отырған туыстарының суреттерін ұстаған адамдар БҰҰ-нан көмек сұрады. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл.

Еуропа Одағын Қытайдың Шыңжаң аймағында адам құқықтарына қатысты ахуалдың айтарлықтай нашарлағаны және этникалық азшылық өкілдерін жаппай ұстап жатқаны туралы хабарлар "қатты алаңдатып" отыр. Бұл туралы Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини мәлімдеген.

Қазанның 4-і күні Могеринидің атынан Страсбургте оқылған және Еуропа Одағы сайтында жарияланған мәлімдемеде азшылық өкілдеріне арналған "саяси тәрбие лагерлері", жаппай бақылау және шетке шығуға шектеу қою, Шыңжаңға ұйғырларды мәжүрлеп қайтаратыны туралы сенімді ақпараттар алаңдаушылық туғызып отырғаны айтылған.

Еуропа Одағы Қытайды БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі Комитетінің кеңесіне құлақ қоюға шақырған. Комитет биыл тамызда Шыңжаңдағы жағдайды қарап, ол аймақ "тұтқындарға арналған үлкен лагерь тәрізді нәрсеге" айналған деген қорытынды жасаған.


Еуроодақ БҰҰ Адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссарының Қытайдың барлық аймағына БҰҰ құқық қорғаушыларының баруын қамтамасыз ету туралы Пекинге білдірген өтінішін қолдайды. Сонымен бірге барлық елдерді Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің арыз-шағымдарын аса мұқият қарап, оларды Отанына мәжбүрлеп қайтармау мүмкіндіктерін қарастыруға шақырған.

БАҚ және халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар соңғы айларда әлемдік қауымдастық назарын Шыңжаңдағы жағдайға аударып, ондағы "саяси тәрбие лагерлерінде" түрлі есептер бойынша миллионнан астам адам отырғаны туралы хабарлаған. Құқық қорғаушылар Пекинді Шыңжаңдағы түркітілдес мұсылмандарға қарсы жүйелі науқан ұйымдастырады деп айыптайды.

БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі Комитеті тамыздың ортасында Шыңжаңды "құқығы жоқ аймақ" деп атаған. Қытай делегациясы бұлайша атауға қарсылық білдірген және "саяси тәрбие лагері" деген сипаттамамен келіспей, оларды "кәсіби білім орталықтары" деп атаған.

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуын халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз назарда ұстап келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясын баяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақала жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

Қазанның 4-і күні Талдықорған қаласында Көші-қон комитетінің жанынан құрылған комиссия Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін беруді сұрап жазған өтінішін қанағаттандырмағаны туралы Азаттыққа Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан хабарлаған.

Кей хабарларға қарағанда, Шыңжаңдағы "тәрбие лагерлерінде" мыңдаған этникалық қазақ отыр. Азаттықта бұған дейін жарияланған материалдарда әлгіндей "лагерьде" болған бұрынғы тұтқындар ол жерді "түрме" деп атап, әкімшіліктің қамауда отырған адамдарға қатыгездікпен қарайтыны туралы айтқан.

Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағында этникалық қазақтарға "жергілікті биліктің қысымы" туралы әңгіме 2017 жылы сәуір айынан бастап ашық айтыла бастады. Шыңжаңда этникалық қазақтардың бір бөлігін билік пәрменімен "cаяси үйрену орталығы" деп аталатын арнайы оқшауланған аймаққа жөнелтіп, Қазақстаннан сапарлап барған кейбірі Қытай билік орындарының пәрменімен ол елден шыға алмай қалғаны туралы бұған дейін Азаттық бірнеше рет жазған. Олардың Қазақстанда қалған туыстары Шыңжаңда "қамалғандарға" араша сұрап, Қазақстан билігі мен халықаралық қауымдастыққа мәлімдемелер жасап жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG