Accessibility links

Иран экономикалық қыспақта қалды


Тис ауылында тұратын кішкентай ирандық қыз дуалға сүйеніп тұр. Чабахар, 16 қаңтар 2012 жыл
Тис ауылында тұратын кішкентай ирандық қыз дуалға сүйеніп тұр. Чабахар, 16 қаңтар 2012 жыл

Еуропа Одағына мүше елдер қаңтар айының 23-і күні Брюссельдегі бас қосуда Иран мұнайын Еуропа Одағына импорттауды тоқтату туралы шешім қабылдады. Қаңтардың 25-і бұл санкцияны Австралия қолдап шықты. Бұл эмбаргоның Иран үшін ауыр соққы боп тиетіні күмәнсіз.


Бірақ, осы амалдар Батыс айтқандай Иран дамытып жатқан ядролық бағдарламаларды тежеуге әсер ете ме? Бұл сұрақтың жауабы «жоқ» дегенге саяды. Себебі Еуропа Одағының Ираннан бір күнде тасымалдайтын мұнайы 510 000 баррель. Бұл Иранның бір күнде экспорттайтын 2.6 миллион баррель мұнайының бестен бір бөлігі. Иранға жасалатын бұл қысым арқылы Батыс елдері Азиядағы энергетикалық мұқтаждықты арттыра түспекші.

Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея үшеуі-ақ Иран экспорттайтын мұнайдың 53 пайызын тұтынып отыр. Егер бұл елдердің бәрі Еуропа Одағының санкцияcына қосылатын болса, бюджетінің тең жартысы мұнай экспортына тәуелді боп тұрған Ирандағы режимнің бұл соққыдан аман қалуы неғайбыл.
Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея үшеуі-ақ Иран экспорттайтын мұнайдың 53 пайызын тұтынып отыр.

Бірақ, Иранның экономикасын бұлайша тұншықтырып тастау тез арада жүзеге аса қоймайтын сияқты. Себебі бұл компанияға Азияның алыптары қосыла ма, жоқ па, ол жағын ешкім айта алмайды.

ҚЫТАЙДЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Таяу Шығыс елдерінің экономикасын зерттейтін маман Дэвид Ноттың пайымдауынша, Ираннан күн сайын 543 000 баррель мұнай алып отырған Қытайды бұл санкцияға қосылуға көндіру оңай емес.

- Ресей мен Қытайдың Иранмен бірлесе дамытып жатқан коммерциялық жобалары жетіп артылады. АҚШ пен Еуропа Одағының қысымының кесірінен Батыс елдері Иранмен кетісіп жатса, Қытай керісінше оларға қосыла кетуге асығар емес, - деді ол Азаттыққа.

Қытай бір жылда тұтынатын мұнайының 10 пайызын Тегераннан тасиды. Одан бөлек Бейжіңнің Ирандағы мұнай, газ және бұрғылау істері бойынша маңызды коммерциялық мүдделері бар.

Бейжің бұл санкциялар Ирандағы ядролық қарулану проблемасын шешпейді деп бірнеше мәрте қайталап айтты және мұнай сатып алатын екінші елді іздеп табу, әзірше Қытай үкіметінің күн тәртібіне қойылмаған мәселе екендігін де білдірді.

АЗИЯ АЛЫПТАРЫ ЕКІОЙЛЫ

Қытайдан басқа Ираннан мұнай импорттап отырған Азияның Үндістан мен Жапония сияқты ең ірі экономикалары және Оңтүстік Корея бұл санкцияға қосылуға құлықсыз. Бірақ, Батыс үшін оларды өзіне қосып алу оңайырақ болатын секілді. АҚШ-қа несие беріп отырған Қытайдан бұлардың айырмашылығы, бұл елдер әр түрлі деңгейдегі Американың одақтастары.

Үндістан да Иран мұнайын шорт кесетін сыңай танытқан жоқ. Үндістан өзіне қажетті шикі мұнайдың 11 пайызын яғни, күніне Парсы шығанағынан 341 000 баррель мұнай тасымалдайтын Иранның ең үлкен екінші клиенті.
Харг аралындағы Иранның ең маңызды мұнай кеніштерінің бірі.
Харг аралындағы Иранның ең маңызды мұнай кеніштерінің бірі.

АҚШ-тың жақын одақтасы Жапония бұл елден күн сайын 251 000 баррель мұнай алдырады. Күншығыс елі Иран мұнайының кілт тоқтап қалатынына риза емес. Жапонияның қаржы министрі осы айдың басында Токио санкцияны қолдайды деп айтқанымен, елдің басқа басшылары әлі түбегейлі ештеңе шешілген жоқ деп екі ортада шапқылап жүр.

Оңтүстік Корея тұтынатын мұнайдың 7,5 пайызын Ираннан алып отыр. Сондықтан бұл ел тез арада мұнай сатып алатын басқа әріптес мемлекет тауып алу қиын деп санайды. Сеул Вашингтонмен екі жақты келісім жүргізіп, өзінің негізгі сауда әріптесі болып отырған АҚШ-тан да алшақ кетпей, әрі өзінің энергетикалық проблемасын да тиімді жолмен шешкісі келіп жанталасып жатыр.

САУД МҰНАЙЫНА АРТЫЛҒАН ҮМІТ

Батыс Иран мұнайына тәуелді боп отырған осыншама елдің проблемасын шешу керектігін түсінеді. Сондықтан да АҚШ пен Еуропа Одағы Сауд Арабиясының мұнайына сеніп отыр. Осы аптада Сауд Арабиясы Иран құбыры жабыла қалса бүкіл әлемге жететін мұнайым бар деп мәлімдеді.

Алайда Иран да тұтынушыларын жоғалтпас үшін санкцияны айналып өтетін әр түрлі амалдар ойластырып жатыр.

Ноттың айтуынша, АҚШ-тың Иранның орталық банкін құрсаулап тастауы Тегеранға тиетін ең ауыр соққының бірі болмақ. Бірақ, мұның өзін толық іске асыру оңай емес.
Иран сауда банкінің ғимараты. Тегеран, 24 қаңтар 2012 жыл
Иран сауда банкінің ғимараты. Тегеран, 24 қаңтар 2012 жыл

- Алдағы маусым айына қарай Иранның орталық банкіне жасалатын қысым күшейе бермек. Алайда көпшілік ондай жағдайда Иран мұнайын бартер арқылы сатуы мүмкін деп ойлайды, - деп санайды маман.

Олай болса Азия елдері санкцияны құжатпен қолдап, іс жүзінде Иранннан мұнай алып, АҚШ-пен мысық-тышқан ойнап кетуі мүмкін бе? Тегеран да осындай бір ойынға үміт артатын сияқты.

ЕУРОПА ОДАҒЫНЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Брюссельдегі бас қосуда 27 ел Иранның мұнайы мен орталық банкіне қатысты санкцияны да қабылдады.

Францияның сыртқы істер министрі Ален Жюппе бұл санкцияның бәрі проблеманы соғыссыз шешу үшін жасалып жатқан амалдар деп түсіндірді.

- Әскери қақтығыстың алдын алу үшін біз Ирандағы саяси режимді әлсіретуіміз керек. Сол үшін біз қысымды екі тараптан жасап жатырмыз. Бірінші, Иран мұнайын сатып алмау; екінші, ол елдің орталық банкін құрсаулау. АҚШ конгресі де бұл шешімді қолдап Еуропа Одағымен бірге санкцияға қол қойды, енді осы екі бағыт бойынша жұмыс жасаймыз, - деді ол.
Иранның әскери кемелері Ормуз бұғазында дайындық жасап жатыр. 3 қаңтар 2012 жыл
Иранның әскери кемелері Ормуз бұғазында дайындық жасап жатыр. 3 қаңтар 2012 жыл

Франция, Германия және АҚШ эмбаргоның толық күшіне енетін мерзімі маусымның бірі деп белгіледі. Шілденің 1-іне дейін Иранмен бұрынырақта жасасқан келісім шарттар күшінде қала береді. Санкцияның мерзімі басталған күннен бастап Иранмен мұнайға байланысты бір де бір жаңа келісім шарт жасалмауы керек.

Грекия ғана Ираннан басқа мұнай сатып алатын тағы бір елді тапқанша санкция уақытын 9 айдан 12 айға дейін соза тұрса деп өтінді. Себебі былтырғы экономикалық дағдарыс Грекияны Тегеранға бірнеше жағынан тәуелді етіп қойған.
Грекиядан басқа жағдайы нашар, әрі Ираннан арзан мұнай сатып алып отырған Испания мен Италияға да энергетика проблемасын әбден шешіп алғанша жеңілдіктер жасалмақ.

Германияның сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле Вашингтонға келген сапарында Иранға қарсы құрылған бұл блок шешімін өзгертпейді дей келе «Еуропа Одағы ядролық қару жасаудан бас тартқызу үшін Иранды құрсаулап тастайтын бірнеше санкциялар енгізеді. Себебі оның жасап жатқан қаруы әлемнің тыныштығы мен амандығы үшін өте қауіпті» деп мәлімдеді.

ҚОСЫМША ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ

Алайда Иранның орталық банкінің жұмысын тоқтатуда біраз кедергілер бар. Санкция салушылар заңды түрде жүріп жатқан сауда-саттық істері мен бұқара халыққа зиян келмейтіндей жағын қарастырмақ.

Еуропа Одағының сыртқы істер министрі Кэтрин Эштон бұл жан-жақты қысымның бәрі Тегеранды келіссөз жасауға мәжбүрлеу үшін жасалып жатыр деп мәлімдеді. Солай дей тұрса да, Еуропа Одағы Сауд Арабиясынан басқа тағы бірнеше елмен мұнай туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
Ақша айырбастау пунктінің қасынан өтіп бара жатқан ирандық. Тегеран, 3 қаңтар 2012 жыл
Ақша айырбастау пунктінің қасынан өтіп бара жатқан ирандық. Тегеран, 3 қаңтар 2012 жыл

Еуропа Одағының мүшелері орталық банкке қысым жасалғанда «Заңды сауда-саттық істері қатаң бақылаумен жалғаса береді» деп ескерткеніне қарамастан министрлер қосымша тағы бірнеше қысым шарттарын енгізді. Енді олар Иранмен алтын, қымбат тастар мен металдар саудасымен айналысып жатқандарға және көлік саудасына қатысы барларға шектеу салды. Қаңтардың 25-і Австралия да Иран мұнайын сатып алмау туралы эмбаргоны қолдап шықты. Лондонда ресми іс-сапарда жүрген Австралияның сыртқы істер министрі Кевин Руд бұл мәліметті растады.

Еуропа Одағы мен АҚШ Иран ядролық бағдарламасын дамытуды тоқтатсын, болмаса қысым жалғаса береді деп бірнеше мәрте қайталады. Ал Иран атом қуаты саласын тек бейбіт мақсатта ғана пайдаланамыз деген сөзінен танбай отыр. Қалай болғанда да әзірше Иран мәселесі тығырыққа тіреліп тұр. Себебі Ресей де бұл санкцияның проблеманы түбегейлі шешетініне сенбейді. Ресей басшылары әлі де келіссөздер жалғасуы керек деген көзқарас ұстанып отыр. Ал АҚШ пен Еуропа Одағы Азия алпауыттарын Иран мұнайын сатып алмауға әлі үгіттеп жатыр.
XS
SM
MD
LG