Accessibility links

Иранның діни билігі «Құсрау-Шырын» ғашықтық жырында «эротикалық бояу бар» деп тапты


Құсрау мен Шырынды бейнелейтін белгісіз суретшінің картинасы.
Құсрау мен Шырынды бейнелейтін белгісіз суретшінің картинасы.

Иранның кітап цензорлары әдеби шығармалардағы «эротикалық сипаты бар» деп санаған жерлерді үнемі қысқартып басады. Бұл жолы олар тіпті классикалық қиссаларды «түзетуге» дейін барыпты.


Көптеген авторитарлық режимдер кітаптарды саяси себептер үшін цензураға іліктіреді. Алайда Иран діни себептерді желеу етіп, кітаптардың мазмұнын өзгерту ісін одан ары дамытып отыр. Енді исламдық мемлекет цензорлары өздерінің одағын құрмақшы.

Осы аптада діни цензорлардың Ирандағы бір баспа үйіне танымал ғашықтық жырын қайта басып шығаруға рұқсат бермегені осы үрдісті тағы да дәлелдей түсті.

ШЫРЫННЫҢ «АЙЫБЫ» – ЕР АДАМДЫ АШЫҚ ҚҰШАҚТАҒАНЫ

831 жыл бойы парсы әдебиетінің классикасы саналып келгенімен, мәдениет пен исламдық бағдар министрі Низами ақынның «Құсрау-Шырын» ғашықтық дастанынына өзгертулер енгізу керек деп тапты.

Бұл жаңалық баспа үйін таң қалдырды, себебі олар кітаптың сегізінші басылымын шығару үшін әдеттегі келісімді күтіп еді. Цензорлардың жылдар бойы көптеген әдеби шығармаларды аяусыз бұрмалап келе жатқанына қарамастан, бұл жаңалық Иранның зиялы қауым өкілдерін де таң қалдырды.

Иранның әйгілі әйел ақыны Симин Бехбахани Тегераннан «Азаттық» радиосына былай деді:

- Бұл дастанға тоғыз ғасыр болды. Және де осы тоғыз ғасыр бойы Иран мұсылман елі, ал ирандықтар мұсылман болып келе жатыр. Ешкімнің ешқашан «Құсрау-Шырын» дастанына қарсылығы болған емес. Сонымен қатар дастанның кей бөлімдерін, мысалы, Құсрау мен Шырынның алғаш оңаша қалатын түнін цензуралау ешкімнің ойына кіріп шықпаған. Ондай болған жағдайда, дастанның түгі де қалмас еді. Жырға цензура салу туралы әңгіме қозғағандар ұялуы тиіс.
Симин Бехбахани, ирандық ақын

Мәдениет пен исламдық бағдар министрлігі ғашықтық жырына кешігіп барып цензура қоюдың себебін ресми түрде түсіндірмеді. Бірақ, хабарларға сенсек, наразылықты тудырған бір нәрсе – дастандағы Шырынның ер адамның денесін құшақтауының сипатталуы. Ал бұл тұс - Шырынның хан күйеуінің құшағына кіретін һәм қайғылы махаббат дастанының соңындағы оның өзіне қол жұмсауын түсіндіретін кілт. Алайда бұл жайттар жайлы цензорлар қам жемейтін көрінеді.

Егер де бұл жолғы құшақтау көрінісі цензуралаудың нақ себебі болса, ол Иран цензорларының ұят деп тапқан басқа да тыйымдарымен қатар тұруы керек. Шенеуніктердің қисынына салсақ, «ұятсыз әрекеттерді» көптеген шығармалардан мыңдап тауып алуға болады.

«Адине» (Adineh) атты Иранның мәдени апталығының редакторы болған Фарадж Саркухи 1990 жылдары «пропаганда» үшін абақтыға жабылып, шыға салысымен Германияға қашты. Оның айтуынша Иран цензорлары романтиканың қоғамға кері әсер ететініне сенімді. Олар Иранды қазіргі әдебиет болсын, классикалық кезең үлгілері үшін болсын, тозаққа айналдырып отыр.

- Бұл әдебиет үшін өте зиян, себебі сіз әңгімелерде адамдардың өмірі жайлы жазасыз. Ал өмірде махаббат та, төсекте бас қосу да, сүйісу, ішімдік ішу, жақсы заттар мен жаман заттар да болады. Себебі адам баласының түрлі қыр-сыры көп. Ал сіз соның барлығын әңгімелеуіңіз керек. Алайда цензорлар өмірдің кейбір қырларының әдебиетте сипатталуын қаламайды. Бұл жағынан олар біздің қазіргі әдебиетімізді өлтіріп, классикалық әдебиетіміздің бірқатар жерлерін қидалап отыр.

ШЕТЕЛДІК ӘДЕБИЕТТІ ИРАНША ӨЗГЕРТУ

Кейде цензорлардың құлшынысы ойға кіріп шықпайтын әрекетке ұласып кетеді. Жазушылардың шығармалары, соның ішінде, шетелдік әдебиеттің аударылған нұсқалары цензорлардың көңілінен шығу үшін үнемі өзгертулерге ұшырайды.

Саркухи неміс жазушысы Герман Гессенің бір романының ирандық нұсқасындағы бір диалогтағы «шарап» сөзі «кофе» болып өзгертілгенін атап өтті. Ал кейіпкердің «ішкен кофемдегі алкогольдің жоғары мөлшері басымды ауыртты» деген сияқты түсініксіз түрде сөйлеп тұрғанына цензорлар мән бермеген көрінеді.

Сол сияқты, неке қидырмаған екі ғашықты цензорлар бөлек бір арнайы бөлімде үйлендіре салуға дейін барады.
23-ші Тегеран халықаралық кітап жәрмеңкесі. Тегеран, 12 мамыр 2010 жыл

Қазіргі кейбір авторлар цензорларға ұран тастау және өз кейіпкерлерінің өмірін шындыққа дәл келтіру үшін құпия тілді қолдануға мәжбүр. Мысалы, «олар сүйісіп, сол түнде алғаш рет бірге болды» деген сөйлем «олар бір-біріне қарап, тағы біраз күте тұру керектігін айтты» дегенге айналып кетеді. Осылайша «тағы біраз күте тұру» деген сөз қазір Иранда біреумен «төсектес болу» деген тіркестің құпия синониміне айналып кеткен.

Алайда атам заманда дүниеден көшкен классик ақындар бұндай «ойындарды» түсіне алмас еді. Көптеген оқырман олардың еңбектері өзгермеген күйі қалуы керек деп есептейді. Әсіресе, олардың авторы «Құсрау-Шырын» мен «Ләйлі-Мәжнүн» дастандарын жазған парсы және әлем әдебиетінің мақтанышы Низами сияқты мәшһүр шайыр болса, қоғамның ол еңбектерді бұмалауға қатысты қатты наразы болуы да түсінікті жайт.

«ӨЛІКТІ ҚҰШАҚТАУДАН ЛӘЗЗАТ АЛУ»

Көптеген ирандықтарды ызаландыратын тағы бір жайт - цензорлардың бұл әрекеттерді «қоғамның игілігі үшін жасаймыз» деп мәлімдеуі.

84 жастағы ақын Бехбахани Иранның діни билігі әйелдің өлікті құшақтап жоқтауына тыйым салып әлек болып, соңғы президент сайлауына қарсы шыққандардың көбісінің қамауға алынып, түрмеде зорланғанына көз жұма қарайтынына таң қалатынын айтты
Сайлау нәтижесіне наразылық танытушы шерушілердің ішіндегі жас демонстрант белгі беріп тұр. Тегеран, 30 шілде 2009 жыл

- Бұл елде олар жап-жас, қараусыз балаларды түрмеге қамап, оларды сол жерде зорлайтын көрінеді. Біз бұл туралы көп естиміз, алайда, бұл өтірік болып шықсын деп үміттенемін. Сондай бейкүнә, әрі нәзік жандарды зорлайтындар әйелдердің өлікті құшақтап жоқтау салғанын анайы әрекет деп тануы мүмкін бе? - дейді ол.

Қалай дегенмен, қанша наразылық танытса да, ирандықтардың цензорлар «Құсрау мен Шырынды» қысқартып басып шығарудан бас тартып қалар деп үміттенуден басқы амалы жоқ.

ӨЗГЕРТПЕЙ БАСУДЫҢ АМАЛЫ

Саркухи 1979 жылдағы исламдық революциядан кейін цензураның жылдар бойы бірде бәсеңдеп, бірде күшейіп тұрғандығын атап өтті.

Оның айтуынша, әуелгі онжылдық кезінде жағдай бұдан да қиындау болған. Ол кезде мәдениет пен исламдық бағдар министрлігі бұрын басылып шыққан кітаптардың 70 пайызына дейін қайта шығаруға тыйым салушы еді. «Бүгінгі таңда бұл сан 50 пайызға дейін төмендеді» деді ол.

Цензорлардың ұстанымдарын бекітудегі негізгі жауапкершілік Иранның исламдық революциядан бері келе жатқан беделді бір комитетінде. Комитет мәдени революция кеңесі деп аталып, оның жартысын Иранның діни жетекшілері бекітсе, жартысын парламент бекітеді. Және де революциядан кейін Иран университеттерін оларды исламдау мақсатымен бес жылға жапқан ұйым да осы комитет.
Фарадж Саркухи, ирандық диссидент. Стокгольм, 26 мамыр 1998 жыл

Мәдениет пен исламдық бағдар министрлігінің ұстанымдарын дайындайтын кеңеспен қатар, баспалардың кітап шығаруға рұқсат алуын қадағалайтын басқа да күштер бар.

Ондай күштерге діни жетекшілер, имамдар, революция қарауылдары, басиджилер мен ақпарат министрлігі жатады.

«Кітаптар – Иранның ең бір жанды мәселесі» дейді Саркухи. Осы аптаның оқиғалары қайтадан көрсеткендей, бұл құрметтелу деңгейіне қарамастан, барлық кітапқа байланысты айтылған сөз.

Бүгін басылып шыққан кітапты бұрмалағанымен, бұрын жарыққа шыққан кітаптардың мазмұнын ирандық билік өшіре алмайды деп санайды қазақстандық ирантанушы Ғалия Қамбарбекова:
Әйелдің сұлулығын ақындар әрқашан өлеңмен жеткізген. Әркім өлеңдерінде сұлулықты өзінің ақылы жеткенінше сипаттаған болуы керек. Және оның сол бетінде қалғаны дұрыс.

- Бұл цензуралауды уақытша құбылыс деп қабылдасақ болады. Жалпы Иранда ислам республикасы жарияланғаннан беріде осындай саясат жүріп жатыр. Алайда, мен білетін Иранда мемлекеттік бюджетке қарайтын баспа үйлерінен шығатын кітаптар бұндай өзгертулерден өтсе де, кітапты тіркемей басатын жеке меншік баспаханаларға бұл еш әсер етпейді. Негізі, шығармада Шырынның сұлулығын, суға түскен кезін, өліп жатқан Құсрауды құшақтап жылағанын бейнелейтін жерлер өте көп. Олардың біреуін алып тастап, екіншісін қалдырғаны бір қарағанда дастанға зор нұқсан келтіретін сияқты көрінгенімен, шын мәнінде, шынайы оқырман үшін бұл түк емес. Себебі жеке баспаханалардан өзгертусіз нұсқалар әрқашан басылып шығарылған да, басылап шыға береді де.

Алматының түбіндегі Абай ауылының мешіт имамы Асылхан мырза бұндай әрекеттерді бірбеткейлік деп санайды:

- Әйелдің сұлулығын ақындар әрқашан өлеңмен жеткізген. Әркім өлеңдерінде сұлулықты өзінің ақылы жеткенінше сипаттаған болуы керек. Және оның сол бетінде қалғаны дұрыс. Өз басым өнерді өте сыйлаймын. Дін өз алдына, әдебиет өз алдына бөлек нәрсе емес пе?
XS
SM
MD
LG