Accessibility links

Шева Украинаға жеңіс әперді


Украина ұлттық құрамасының жанкүйерлері. Украина, Львов, 11 маусым 2012 жыл.
Украина ұлттық құрамасының жанкүйерлері. Украина, Львов, 11 маусым 2012 жыл.

Украина Швеция құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, D тобында көш бастады. Азаттықтың сарапшылары матч туралы ойларын жеткізді.


Ойындағы есепті Швеция құрамасының жұлдызы Златан Ибрагимович 52 минутта ашты. Алайда араға үш минут салып Андрей Шевченко (Халық "Шева" атап кеткен - ред.) баспен гол соқты. 62 минутта Шева бұрыштама добын екінші мәрте баспен кіргізіп, Украинаға жеңіс әперді. Бұрынғы совет мемлекетінде өткен Еуропа чемпионатының алғашқы матчында алаң иелері үстем түсті.

"ШЕВЧЕНКОНЫҢ СТИЛІ"

Кездесу Киев қаласындағы НСК "Олимпийский" стадионында өтті. Ойынды тамашалауға келген жанкүйерлер алаң иелеріне барынша қолдау көрсетті. Бас төреші - Түркия азаматы Жунейт Чакыр.

Бапкер Бауыржан Сәрсекенов жанкүйерлердің командаға керемет қолдау жасағанын атап өтті. Ол да Совет заманында Қазақстан мен Украинаның «ортақ тарихы болғандықтан», Украина құрамасын жақтаған екен.
Украина ұлттық құрамасының шабуылшысы Андрей Шевченко баспасөз мәслихатын беріп отыр. 23 мамыр 2006 жыл. (Көрнекі сурет)
Украина ұлттық құрамасының шабуылшысы Андрей Шевченко баспасөз мәслихатын беріп отыр. 23 мамыр 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

- Швеция да мықты команда екен. Ойыншылары өте ірі, күрескен кезде жоғарыда да, төменде де жақсы өнер көрсетті. Шынайы күрескерлер. Негізі ойын толығымен позициялық болды. Кездесудің басым бөлігі ортада өрбіді, ал айып алаңына жеткен ойыншы бірден соққы жасауға тырысты, - деді бапкер.

Ол екі голдың да стандартты жағдай кезінде соғылғанын айтты.

- Шевченко екі голды да өз стилінде салды. Ол ойын қаһарманына айналды. Швеция құрамасының екінші голдан кейін де есепті теңестіретін жағдайлары болды, бірақ мүмкіндіктерді іске асыра алмады. Украина жақсы қорғанды. Бапкер дер кезінде ойыншыларды алмастырды, - деді Бауыржан Сәрсекенов.

"Қаламгер-Медиа" орталығының директоры, жанкүйер Жанарбек Әшімжан бұл ойынды осы уақытқа дейін болған кездесулердің арасындағы «ең қызықтысы және әсерлісі» деп бағалады. Ол украин футболшылары Андрей Шевченко мен қақпашы Пятовтың еңбегін ерекше атап өтті.

- Бір кездегі әлем фтуболының ең жарық жұлдыздарының бірі - Шевченконы жанкүйерлер жоғалтып алып еді, бүгін ол қайтадан жарқырап шыққандай болды. Бұл соның ойыны болды. Ең бастысы бапкер Олег Блохинның осы жолы одан гөрі жасырақ Милевский, не болмаса Ротаньды емес, тәжірбиелі футболшы деп, Андрейді негізгі құраммен шығару арқылы артқан сенімі ақталды, - деді жанкүйер.

Андрей Шевченко өзінің футболшы кәсібін осы Еуро 2012 ден кейін тоқтататынын хабарлаған болатын.

"УКРАИНА ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛҒА ДА ЖЕТУІ МҮМКІН"

Жанарбек Әшімжан Украина құрамасы қатарындағы 19-нөмірлі Канаплянконың да жақсы ойынын байқаған екен. «Болашақта оның Еуропа клубтарында өнер көрсетуі әбден мүмкін» деді жанкүйер. Ол «Швецияның бапкері үш ойыншыны қатар алмастырып қателік жіберді» деп санайды:

- Бапкер есеп теңескен соң, тың ойыншыларды шығарып жеңіске жетеміз деп ойлады. Алдыңғы ойыншылар қала беруі керек еді. Ал төреші болса, өті адал, таза, жақсы жұмыс жасады. Бұл өте қатал төреші екенін білеміз.

Бауыржан Сәрсекенов Украина құрамасының топтан шығып, келесі турға өту мүмкіндігінің жоғары екенін айтты. «Бүгінгі жеңістің өзін олар келесі кезеңге өткендей қабылдады» деді ол. Сәрсекенов:
Украина Франциямен тең ойнап, Англияны ұтса, өз тобында көш бастауы мүмкін. Португалия, Хорватия келесі кезеңге өте алмаса, тіпті жартылай финалға да баратын жағдайы бар.

- Бірінші ойындағы жеңістің маңызы зор. Екі команданың деңгейлері өте алшақ емес. Швеция келесі ойындарда Англия мен Францияны ұтуға бар күшін салады, - деген пікірін айтты.

Жанарбек Әшімжан Украинаның жеңетініне сенімді болған екен. Ол «Себебі соңғы кездері жолдастық кездесулерде олар өздерін өте жақсы көрсетті» дей келе:

- Ұжымдық деңгейде Украина жұдырықтай жұмылып, барлық жағдайда өте жоғары ойын өрнегін көрсетті. Оның мүмкіндігі жоғары, мен Англияның ойынын көрдім, егер дәл солай жалғастырса, Украина Франциямен тең ойнап, Англияны ұту арқылы өз тобында көш бастауы мүмкін. Жол-жөнекей Португалия, Хорватия келесі кезеңге өте алмаса, меніңше, Украинаның тіпті жартылай финалға да баратын жағдайы бар, - деген болжамын айтты.

Ал кейбір блогшы жанкүйерлер бұл жерден саяси астар байқаған екен. Блогшы Дина Байділдаева өзінің твиттердегі парақшасына «Украиндықтар жарайсыңдар! Ющенконың демократиялық басқару кезеңі босқа кетпеді» деп жазды.
XS
SM
MD
LG